Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері артты
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш – 3 692 теңгеге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңгеге, ең төменгі жалақы – 85 000 теңгеге, ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңгеге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңгеге артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев хабарлады.
-Жаңа жылдан бастап азаматтардың еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға артты. Сонымен қатар, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 55 АЕК-ке көбейтілді. Одан бөлек, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшерінде белгіленеді. Бұл жаңадан тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.Ал мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты өсті. Сондай-ақ, бірінші, екінші және үшінші бала туылғанда берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері биылдан бастап 140 296 теңгені құраса, ал төрт және одан көп бала үшін 232 596 теңгеден беріледі. Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы туу кезектілігіне байланысты бірінші балаға – 21 266 теңге, екінші балаға – 25 143 теңге, үшінші балаға – 28 983 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда – 32 859 теңге. Ал төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы барлардың жәрдемақысы бала санына қарай ұлғайтылды, – деді Ертілеу Шынтасұлы.Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады. Осыған байланысты брифинг барысында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ ҚОФ директоры Гүлсім Денеева енгізілген өзгерістерді баяндап өтті.-2024 жылдан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге дейін артқанын ескере отырып, 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 2 975 теңгені, ал ең жоғары мөлшері – 20 825 теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар, облыс бойынша 3090 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 2690 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылады. Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады, – деді Гүлсім Жұмағалиқызы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі