Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәнді сандар шеруі: Орташа жалақы ойдан құралмай ма?

Сәнді сандар шеруі: Орташа жалақы ойдан құралмай ма?


сурет ашық дереккөзден алынды

Елімізде әр тоқсан сайын халықтың орташа жалақы мөлшерін анықтап отыратын дәстүр бар. Осы аптада Finprom.kz Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, азаматтардың биылғы үшінші тоқсандағы орташа табыс деңгейін жария етті. Алайда бір дүниені баса айтқымыз келеді, қымбатшылық қарқын алған сайын ресми статистика шығарушылар елдегі жалақы мөлшерін де асырып көрсететін әдет тапты. Қоғамда ақпаратқа күмәнданған жандар көп, күмән негізсіз де емес. Біз сұрау салған қаржы саласының сарапшысы да аталған дерекке сенгісі келмейді. Шынында, орташа жалақы мөлшері қандай межеде, сандар қалай түзіледі?

Қисынсыз есеп-қисап һәм ескерілмейтін санақ түрі
Сонымен, биыл үшінші тоқсандағы ресми орташа жалақы мөлшері 355 мың теңгеден асып түсті. Өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға, инфляциямен салыстырғанда 3,5 пайызға өсіпті. Бір сөзбен айтқанда, ақпаратта «жалақы қымбатшылықты еңсеруде» деген тұспал бар. Әр өңірдің көрсеткішін жіктеп жатпаймыз, ең көп жалақы Атырауда (602,4 мың теңге), ең азы Түркістан облысында (248,9 мың теңге) екен. Ал Қызылорда облысында 303,7 мың теңге деп көрсетілген. Енді құзырлы органдар жалақыны қалай есептейтініне тоқталайық, мәселен, бірінші адам 100 мың теңге, екінші адам 1 миллион теңге айлық алса, ортақ табыс 550 мың теңге деп қорытындылай салады. Демек, санақ халықтың шынайы жағдайын ашып көрсетпейді. Экономист Марат Қайрленов те бұл сөзімізді нақтылай түсіп отыр.

– Бізде орташа жалақыны есептеу жүйесі жөнсіз. Жағдайды шынайы бағаламайды. Егер медиандық, модульдік түрде есептесе құптар едік. Орташа жалақының дұрыс есептелмегеніне бір дәлел – азық-түлік шығындары. Бұрын қазақстандықтар жалақысының 33 пайызын азық-түлікке жұмсайтын. Қазіргі Румыния, Босния елдерімен шамалас еді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 53 пайызға жетті. Африка елдерінде азық-түлікке жалақының 52-56 пайызы жұмсалады. Демек, біз әлемдегі ең кедей елдердің санатына қосылдық. Еуропа елдерінде азық-түлік шығыны 18 пайыздың төңірегінде ғана. Елімізбен салыстырғанда 3 есе айырмашылық бар. Былтыр Үкімет Мемлекет басшысына есеп беріп, «2 миллионнан астам адамның жалақысы өскенін» айтты. Әрине, аз емес. Бірақ елімізде еңбекке қабілетті 9,3 млн адам бар. Сонда оның 23 пайызының ғана жалақысы өскен. Мүмкін бизнесте қызметкерлерінің айлығын өсіргендер бар болар. Дөңгелетіп 25 пайыз деп алайық. Ал 75 пайызының жағдайы не болып жатыр? Осы ситуацияға назар аудармадық. Азық-түлікті айтпағанда, азаматтар коммуналдық шығын, несие төлейді, балалардың керек-жарағы бар. Осыдан кейін адамдар қалай өмір сүріп жатқанын бағамдай беріңіз, – дейді сарапшы.

Медиандық және модульдік – шындыққа жол
Қазақстандықтардың ай сайынғы орташа табысы 355 мың теңге деп көрсетілді, дегенмен жұрттың бәрі осындай көлемде айлық алмайтыны белгілі. Ал медиандық тұрғыдан қарасақ, тұспалдауымыз бойынша 225 мың теңгеден аспайды. Шындыққа жақыны – осы. Мысалы, былтыр еліміздегі әр азаматтың орташа табысы 315 мың теңге деп көрсетілгенде, медиандық жалақы 196 мың теңге мөлшерінде ғана болды. Орташа жалақы мен медиандық жалақы мөлшерінің арасында 37 пайыз айырмашылық тіркелген. Бұл дегеніңіз, әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі, алшақтық неғұрлым көп болса, жалақы теңсіздігі мен аз айлық алатын адамдар саны арта береді. Демек, былтыр ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін халықтың 50 пайызы 196 мың теңгеден артық жалақы алмаған.

Медиандық есептеу жүйесі қалай десеңіз, құдды барлық адамды бір дәлізге кіргізіп жібергендей, жұмыс істейтін азаматтардың барлық жалақысын қосады, сосын адамдардың санына бөледі. Дамыған Еуропа елдері медиандық көрсеткіштен гөрі модульдік көрсеткішті құп көреді, яғни, қоғамда қай мөлшердегі жалақы көп кездеседі, соны алады. Сондай-ақ кәрі құрлықта медиандық жалақы көрсеткішінің 50 пайызы елдегі ең аз жалақы болуы керек десе, көрші Ресей медиандық жалақының 40 пайызын ең төменгі күнкөріс деңгейі ретінде қарайды. Егер бұл көзқарасқа салсақ, Қазақстанда ең аз жалақы 100 мың теңгеден кем болмай, ең төменгі күнкөріс деңгейі 85 мыңнан асуы қажет еді. Міне, жоғары деп бағаланған ресми орташа жалақы мөлшері аталған мәселелерге келгенде, жай сандар күйінде қалып отыр.

Негізі елімізде статистикаға қатысты кемшілік жетерлік. Мысалы, ауыл халқының орташа жалақысы жайлы деректер жоқ. Бір-екі мәрте мінберлерден айтылды, әйтсе де жауаптылар осынау статистикалық деректі түзуді қажет деп таппайтындай. Өйткені шынайы жағдайды көрсету атқамінерлерге қажет емес дүние. Ауыл халқының орташа жалақысын шығарса, ел біраз дүрлігер еді. Шенділерге аула сыпырушының қанша теңге айлық алатынын көрсету де қажет емес. Демек, статистикаға саясаттың ықпал ететінін әр кез білген жөн.

Біреу білсе, біреу білмес, жалақы туралы деректерге әсер ететін түрлі факторлар бар. Елде барлық жүкті әйелге бірдей төленетін жәрдемақыдан бөлек, әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақы алуға мүмкіндік берілген. «Декретке миллионмен шығу» деген ауызекі ұран да жайлап кеткені мәлім. Бірақ ол миллионды алудың өз шарттары бар. Ол адамның айлық табысы 290 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Дегенмен екі адамның бірінде ондай жалақы жоғы белгілі ғой. Сонан соң әйелдер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патентке 1 пайыз (табыс салығы) – 2 970 теңге, зейнетақы қорына 10 пайыз – 29 700 теңге, әлеуметтік төлемге 3,5 пайыз – 10 395 теңге төлейді. Осылай 12 ай бойы төлем жасап, бала күтіміне байланысты демалысқа миллионер болып шығуға әрекет жасайды. Енді қараңыз, осындай қадамға барғандардың бәрінің жалақысы ресми түрде 290 мыңнан артыққа саналып кетеді. Бұл фактордың да елдегі орташа жалақы мөлшерінің жоғары болып көрінуіне аз да болса ықпал етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз.

Түйіндер болсақ, елімізде орташа жалақы 355 мың теңге дегенге көпшіліктің күле қарауы тегін емес. Біздің ойымызша, медиандық көрсеткіш (шамамен 200-230 мың теңге шегінде) шындыққа жақын. Статистика құраушылардың аяқасты бұлай «айды аспанға шығарғанында» бір мән жатқандай. Қымбатшылық халықтың алқымынан алып тұрғанда «соған сай жалақы да өсіп жатыр» деген ойды тудыруға ұмтылса керек. Себебі инфляцияға бір ғана қару – отандық өндіріс ішкі қажеттілікті толық өтеуі тиіс, ал ол болмаса, қымбатшылықпен қатар жалақыны да өсіріп отырады. Бірақ іс жүзінде өсіруді меңзеп тұрмыз…

Мадияр Төлеу
28 қараша 2023 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930