Қоршаған орта: Министр мән берген мәселелер қандай?
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыс тұрғындарымен кездесіп, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселенің бірі – Арал теңізін сақтап қалу бағытындағы негізгі шаралар туралы сөз қозғады. Одан бөлек, орман шаруашылығындағы жұмыстар, балық экспортын арттыру, жануарлар дүниесін қорғау, тұрмыстық қалдықтарды реттеу жайында айтылды.
– Халықпен кездесуде баршамызды толғандырған экологиялық мәселелер жан-жақты талқыланды. Мәселен, облыстағы зиянды заттардың көлемі биыл 30,5 мың тоннаны құраған. Облыстың 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасында 52 іс-шара көзделген.
Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 126,5 мың тоннаны құрады, оның ішінде 34,2 мың тоннасы қайта өңделді, қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастырудың 145 объектісінің тек жетеуі ғана экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкес келеді.
Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған аумағындағы сексеуіл егістігін 5 жылда 1,1 млн гектарға ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл 250 мың гектар алқапта орман-мелиорациялық жұмыстары жасалуда. Соның ішінде көшеттерді көктемде отырғызу 57081 гектар, ормандардың табиғи жаңаруына жәрдемдесу 10000 гектар, галофитті өсімдіктердің тұқымын себу 7777 гектар жерге жүргізіледі, – деді Ерлан Нысанбаев.
Сонымен қатар облыста балық шаруашылығын дамыту мүмкіндігі бар. Қызылорда облысының аумағында халықаралық маңызы бар 2 су айдыны орналасқан. Жергілікті маңызы бар 201 балық шаруашылығы су айдынының 184-і 147 пайдаланушыға бекітіліп берілген және 17 су қоймасы резервтік қорда. Облыс бойынша балықты қайта өңдеуді балық шаруашылығының 10 субъектісі жүзеге асырады. Бүгінде 4 балық өңдеу кәсіпорны Еуропалық Одақтың жоғары талаптарына сәйкес келеді және балық өнімдерін экспорттау құқығын алды. Статистика деректері бойынша 2023 жылдың 9 айында 2284,7 мың тонна балық өнімдері экспортталған.
Кездесу барысында «Байқоңыр» кешенінің рұқсат етілмеген орындарында орналасқан қалдықтарды кәдеге жарату, Қызылорда қаласындағы бұрынғы ЖЭО-6 (ТЭЦ) күл үйінділерімен ластанған жерді қалпына келтіру және қала жанында орналасқан кірпіш, асфальт зауыттарының қызметі облыс тұрғындарының алаңдаушылығын тудыратын экологиялық проблемалардың ішіндегі ең маңызды сұрақтар болды. Ведомство басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, министрлік пен облыстық экология департаментінің осы проблемаларды жою бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтып өтті.
Сондай-ақ министр азаматтарды жеке қабылдап, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Айдар САЙЛАУОВ