Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Полигон мәселесі талқыланды

Полигон мәселесі талқыланды



Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен қалада орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының және жеке секторларға қарасты контейнерлердегі қоқыс қалдықтарының өртенуі және одан қоршаған ортаға, тұрғындардың денсаулығына келетін қауіп, оны жою бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті. Оған Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы, облыстық экология департаменті, облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, «Ыбырайхан и К- ЛТД» ЖШС, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалы мамандары және облыстық қоғамдық кеңес мүшесі қатысты.

Дөңгелек үстелге жиналған мамандар өз саласы бойынша қоқыс полигонына қатысты заңнамаларға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Басты мақсат – полигон жұмысын ретке келтіру, қауіптің алдын алу. Тиісті сала мамандары бас қосқан кездесуде тұрмыстық қалдықты жинау, тасымалдау, оны қайта өңдеу қызметі саласындағы өзекті проблемалар, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін дамытудың мәселелері мен болашағы талқыланды.Тұрмыстық қалдықтарды жою ісі бойынша Еуропа елдерінің тәжірибесі сөз болды.

Сонымен қатар полигондағы қоқыстарды сұрыптап жеке-жеке бөлу, қоқыстардың заңсыз төгілуін және заңсыз өртелуіне бақылауды күшейту қажеттігі, қаладағы контейнерлердің бей-берекет өртелуін тыю үшін көше комитеттерін қайта іске қосу, әлемдегі тазалыққа қатысты озық тәжірибелерді қолданысқа енгізу секілді түрлі ұсыныстар айтылды.
04 қазан 2019 ж. 736 0