Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылтам қорғаны қызықтырады

Қызылтам қорғаны қызықтырады



«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – Рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі
бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ауылдың көктем шығып, жаз болса егін салып, қара күзге дейін егінжай мен ауыл арасын жол ететіні үйреншікті кәсібі еді. Бала кезімізде біздер де әкемізге еріп алып, ат болса атпен болмаса жаяу-жалпы егіндіктің басында болатын едік. Сонда есімде, ауылдың шетінде «Ақтөбе» мен «Қызылтам» қорғаны дейтін орындардың жанынан өтетінбіз. Әлгі жерлердің көрінісі кімді де болса қызықтырар еді. «Ақтөбе» дегеніңіз атына сай жайпақ төбе болса, «Қызылтам» үстінде бір аттылы адам жүре алатындай кесек қабырғалар еді. Балалық қызығушылықпен сұрағанымызда «Бұл жерлерде қалмақтың ханы тұрақтаған тарихи мекен болған» деген ғана дерекпен қанықтық.
Кейін келе сол жерлердің тарихы жайында сұрастырғанымызда тарихи фактілердің аз екендігін білдік. Бұл жөнінде ауылдың көнекөздері де тереңірек білмейтін болып шықты. Өз бетімізше іздестіріп, аз ғана мәлімет ала алдық. Оны да Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі сайтынан таптық.
«Қабырғаларының қалыңдығы – 3 м, биіктігі – 4-5 м, жалпы аумағы – 70х70 м. Төртбұрышты болып келген қабырғасының кейбір жерлері бұзылған. Бұл жерде ешқандай қазып тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қалашық кезінде қалмақ ханы Тоқбураның ордасы болған. Деректерде Бестам туралы былай деп айтылады: «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде бұл бекініс қалмақ қоңтайшысы Үнжінің қол астында болды. Бестамға көңіл аудармаған ол, Шиелі өзенінің жанынан Қызылтам қамалын салуды бұйырады және онда өзі тұрған. Ақтөбеде оқ-дәрі өндіруді ұйымдастырған. Қызылтам мен Ақтөбені байланыстырып тұрған жер асты жолы бар деген сыбыс бар. Он жыл бұрын жергілікті бағбандар осы жермен бау-бақшаға су жіберген. Жол-жөнекей су бір шұңқырға құйылған. Нәтижесінде ол шұңқыр тереңдей түскен. Сол кезде бағбандар суды тоқтатып, шұңқырдың айналасынан күйдірілген кірпіштен қаланған туннельді көреді. Осы оқиғадан кейін ешкім туннельді зерттемеген».
Міне, осыншама тарихи орын жайлы қысқа ғана мәлімет. Білсе, Ортақшыл ауылының көнекөздері білер деген оймен қариялардан хабар алдық. Онымыздан нәтиже шықпады. Содан тарихшы ұстаздарда болар деген үмітіміз де ақталмады. Мәлімет алармыз деп мектепке де хабарласқанымызда, онда да ауқымды деректер болмай шықты. Көне орынның тарихы тереңде болғанымен, шежіресінің сақталмауы, беймәлімдігі қынжылтты бізді. Әттең, сол жердегі тастар мен кірпіш сынықтары сөйлеу құдіретіне ие болғанда ғой. Барлық сыры мен құндылығы ұрпақтан-ұрпаққа жазылып қалар еді деген тылсымды ғана ойлап, шектелдік.
Ал, жергілікті тарихты әрбір сабағымен байланыстыра өтуді мақсат етіп қойған ортақ­шылдық тарихшы ұстаз Жалғас Нарбаев мектеп оқушыларынан өз өтініштері
бойын­ша «Өлкетану» үйірмесін құрып, жұмыс жасаған. Нәтижесінде, мектеп оқушыларымен жергілікті жердегі белгісіз тарихи орындарды зерттеу, басқа көне қалалармен салыс­тыру жұмыстарын жүргізу арқылы біршама жұмыстар атқарылыпты да.
– Мектеп оқушыларынан құрылған «Өлкетану» үйірмесінің мүшелері осыдан біршама уақыт бұрын Яссы, Сауран, Сығанақ секілді тарихи орындарға саяхат жасап, ауыл іргесіндегі Қызылтам орнымен салыстыра жұмыстар жасадық. Сонда ауыл іргесіндегі зерттеу жұмыстарының барысында көне бұған дейін тарих түгілі ауыл ақсақалдарына белгісіз орынды кездестірген болатынбыз. «Қызылтам» қорғанынан солтүстікке қарай 600-800 м. шамасында өзек жиегінен жер астынан табылған белгісіз тарихи орынды кездестірдік. Тарихы белгісіз бұл сыпаны тапқанда Ортақшыл ауылының көне көз қарияларының өзі бұл жерде мұндай қорымның бар екендігін білмейтін болып шықты. Қорым жер бетінен 1-1,5 м. шамасындағы тереңдікте орналасқан екен. Үстінен талай адамдар егінге қарықтар қазып, су жолдарын да жасаған. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, сыпа жер астына қызыл немесе сары кірпішпен қапталған. Кірпішінің жасалу жолы кәдімгі саз балшықтан жасалынып отқа күйдірілген. Сыртқы бейнесіне қарағанда көне тарихи шаһарлардағы кірпіштерден еш айырмашылығы жоқ. Кірпіштің қалыңдығы 4 см. тік төртбұрышты. Дәлірек айтар болсақ, ені 27 см. биіктігі 27 см. Мұндай кірпішті біздер осы уақытқа дейін Оқшы Ата, Сығанақ және Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесі мен Арыстан баб кесенелерінің кірпіштеріне ұқсастығы байқалған. Жер астындағы сыпаның сыртынан өлшегенде биіктігі он төрт қатар болып өрілген ұзындығы 2 м., ені 1 метр 10 см шамасында. Төбесін кірпіштерді қырымен тұрғызып қою арқылы шатырдың төбесі сияқты етіп қалап жапқан. Бір таңқаларлығы, сыпаның сыртында аяқ жағында екінші адамның мәйіті жерленген. Екі мәйіттің екеуінің де бастары құбылаға қаратылып, жер астында бір деңгейде орналастырылған. «Қызылтам» қорғанының тарихы бұл кезеңге дейінгі Қазақстан тарихы беттеріндегі көне шаһарлар қатарынан орын алмаған және ауылдың көне көз қариялары мен азаматтары үшін сыры ашылмаған тарихи орын болып келе жатыр. Қорған туралы ел арасында аңыз әңгімелер баршылық. Оның қаншалықтысы шындыққа жанасатындығын тарихшылар мен археологтар ажырата жатар. Бұл жерлер мемлекеттік қорғауға алынған. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстары жүргізілсе, тарихты ұрпақтар жадына сіңіріп өссе – деді Ж.Нарбаев.
Елбасы әрдайым тарихты білмей, болашақты бағамдау қисынсыз екендігін баса айтады. Осы ретте, «Қызылтам», «Ақтөбе» секілді тарихи орындар жіті зерттелсе, рухани жаңғыруға қадам басқан еліміз үшін де, жас ұрпақ үшін де игілікті іс болмақ. Расында, бір орынның тарихын зерделейміз деп, екіншісінің шетін шығардық. Ал, нақ осы орындар жайлы қандай да бір деректер білетіндеріңіз болса, редакцияға хабарласуларыңызға болады, құрметті оқырман.

Дина әбіласан.
04 мамыр 2018 ж. 1 184 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930