Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол-көлік: Жарқын жобалар жетерлік

Жол-көлік: Жарқын жобалар жетерлік


Аймақ тарихымен астасып жатқан саланың бірі – көлік қатынасы мен автожолдар жүйесі. 1938 жылы өңір құрылып, коммуналдық шаруашылық жанынан жеке транспорт шаруашылығы жұмысын бастады. Аталған құрылым облыс орталығындағы барлық ұйымдар мен мекемелерге, басқармаларға қызмет көрсетті. Осы уақытта автомобиль жөндеу шеберханалары ұйымдастырылып, гараж бен ат паркінің құрылысы жүрген. Жолаушыларды қала маңы ғана емес, ұзақ жерлерге тасымалдау жүзеге асты. Қоғамдық көлікке өрт командалары мен пошта бөлімшелері қызмет көрсете бастады.

Мынадай бір қызық дерек бар. Облыстық архив қоры және «Сыр бойы» газетінен алынған мәліметке сүйенсек, 1930 жылы қоғамдық жүк көлігі Қызылорда, Қазалы, Арал және Тереңөзекте қызмет көрсете бастаған. Ал 1937 жылы жергілікті артельдер Оңтүстік Қазақстан облыстық транспорты Қызылорда бөлімшесінің құрамына еніпті. Сол уақытта бөлімшеде 8 ат, 3 түйе, 6 ағаш арба, 4 ат арба және рессорлы тарантас болған екен. Бұл – өңірге автомобиль келмеген кез. Облыс статусын алған соң Қызылорда қаласында тұңғыш автокөлік пайда болған.
Осылайша 85 жылдық тарихы бар аймақтағы транспорт саласы талай даму жолынан өтті. Теміржол қатынасымен қатар, жергілікті жолдардың жақсаруы ел арасындағы байланысты нығайтты. Көптеген өзгерістің арқасында жолаушылар мен жүк тасымалдау парктері жаңа техникалармен толықты. Халықаралық және облысаралық маршруттар тұрақты жұмыс істеп, әуе қатынасының қызметі жанданды.

Көлік саласындағы толағай табыс
Тарихты аз-кем жалғастырсақ. 1939 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Қызылорда автотресі ұйымдастырылды. Ал 1940 жылдан бастап облыстық автомобиль транспорты болып қайта аталған. Соғыс жылдарында сала айтарлықтай дамымаған. 1945 жылдары осы мекемеде 4 жүк таситын «ЗИС-5», «ГАЗ-1А» полуторка машинасы, 8 ат жеккен арба болса, 50-жылдардан бастап көлік саны едәуір өскен. 1955 жылы облыстық автопаркте 276 машина болыпты.
Осы жылдары көлік саласын дамыту үшін Қызылордада №9 бөлім ашылады. Алғашқы басшысы болып Т.Байтөкенов, бас инженері М.Маханов және орынбасары қызметіне Г.Ким тағайындалған. Бұл – алғашқы жүк және жолаушылар автобазасының құрылған кезі.
Салаға арналған «Тарих сыр шертеді» атты тарихи-танымдық энциклопедияда «1960 жылы облыс экономикасының барлық саласы қарқынды дамыды. 1973 жылдан бастап аймақта соңғы үлгідегі, техникалық жағынан жетілдірілген «КАМАЗ» көліктері халық шаруашылығы жүктерін тасымалдай бастады. 1976 жылы Қызылорда қаласындағы АТП-1 мен АТП-3 мекемесі бірігіп, құрамында 750 автокөлік, 320 тіркеме, 6 автоколонна және 1 жөндеу шеберханасы бар ірі автокомбинат құрылды. Жалпы облыстық автотранспорт саласында өткен ғасырдың 1970-1990 жылдары 6 мыңдай адам жұмыс атқарды. Олар ел дамуына үлес қосып, көлік саласына көп еңбек сіңірді. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңде Қызылорда қаласынан Жосалыға дейін тұрақты автобус қатынасы болса, бүгінде барлық аудан орталықтарымен қоғамдық көлік қатынасы ашылған» деп жазады сала ардагері, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Нұрқышұлы.
Қазір облыста 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның ішінде аудан немесе қалааралық 71, аудан орталықтарында 101 және Қызылорда қаласы мен оған жақын елді мекендерге 33 маршрут қатынайды. Сонымен қатар, халықаралық Ташкент және облысаралық Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға үлкен сыйымдылықтағы 13 автобус жүреді. Осы маршруттарда 30-дан астам заңды және жеке тұлға әртүрлі сыйымдылықтағы 1405 автобуспен жолаушыларға қызмет көрсетеді. Бір ғана мысал, жыл басынан бері 15,5 млн жолаушы тасымалданыпты. Сондай-ақ, қазір облыс орталығы мен аудандарда 2 автовокзал, 9 автостанса жұмыс істейді.
Қуанышты жаңалықтың бірі – Қызылорда қаласында салынып жатқан заманауи үлгідегі автовокзал құрылысы. Құны 975 млн теңге болатын ғимарат биыл желтоқсан айында аяқталмақ. Онда 15 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.
Облыс орталығында жүретін қоғамдық көліктің 80 пайызы жаңартылған. Жалпы өткен жылдан бері «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы 7 пайыздық лизингпен өңірге 300 автобус келуі тиіс еді. Былтыр 150 автобус алынып, биыл тағы да 150 автобусқа тапсырыс берілген. Қазір 50 автобус жеткізілсе, қалғаны жыл аяғына дейін әкелінбек.
Бүгінде облыс аумағынан жүк тасымалдайтын тауарлы вагондардан бөлек, 14 жұп жолаушы пойызы тұрақты қатынауда. Оның ішінде облыс орталығынан Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына бағыт ұйымдастырылған. Әлеуметтік маңызы бар №6843/6844 «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» жолаушылар пойызы аймақтың оңтүстік бағытындағы 26 елді мекенді көлік қызметімен қамтиды. Жыл басынан бері теміржол арқылы 18,5 мың жолаушы тасымалданған. Айта кетсек, қазір Қызылорда қаласының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жобаға «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы арқылы 322 млн теңге, ал жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 255 млн теңге қаржы бөлінген.
Ал «Қорқыт ата» әуежайынан аптасына 23 тұрақты рейс қатынайды. Оның ішінде Астана қаласына 12, Алматыға 11 рейс бар. Аталған әуе бағыттарына «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компаниялары қызмет көрсетеді. Қазір теміржол мен облысаралық автобустардан бөлек, ұшаққа жиі мінетіндердің саны да жылма-жыл артып келеді. Мысалы, жыл басынан бері біздің әуежайдан 113,8 мың жолаушы жөнелтілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 19 пайызға жоғары.
Жоғарыда айтқан жаңа автовокзалдан бөлек, жеке инвестор, меценат, жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қоры арқылы «Қорқыт ата» әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі қолданыстағы ғимарат халықаралық талапқа сай емес. Себебі, терминал бұрынғы ангар ғимаратынан бейімделген.
Жаңа терминал құны шамамен 15,7 млрд теңгені құрайды. Қазір қала әкімдігі арқылы әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын жеткізу жұмыстары жүруде. Бұған облыстық бюджеттен 4,3 млрд теңге қаржы қаралған.
– Терминал құрылысы биыл ақпан айында басталды. Алдағы 2024 жылдың мамыр айының аяғында, яғни, жоспардан 4 ай бұрын пайдалануға берілмек. Бұл нысанның құрылысы бірқатар көлік көрсеткіштерін шамамен 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік бермек. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлері мен алыс-жақын шетелдерге әуе қатынасын ашу жоспарда бар. Нәтижесінде, әуе көлігімен жолаушылар тасу 130 мыңнан 200 мың жолаушыға дейін ұлғаяды. Жүк тасымалдау көлемі жылына 150 тоннадан 240 тоннаға дейін артады деп жоспарлануда. Сондай-ақ жаңа терминал халықаралық стандартқа сай болады. Жалпы бұл жоба – әуе көлігі қызметін халықаралық деңгейге жеткізуге үлкен мүмкіндік, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.

3500 шақырым жол мен көше жөнделді
Жалпы республика бойынша 96 мың шақырым автожолдың ішінде біздің Қызылордаға тиістісі 3420 шақырымға жуық. Оның ішінде республикалық 1014,5, облыстық 555 және аудандық маңыздағы жол ұзындығы 1849 шақырымды құрайды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен «Қызылорда-Жезқазған» жолы республикалық мәртебеге ие. Ал былтыр облыстағы жолдың индикаторлық көрсеткіші 82 пайызды құрады.
Жалпы кейінгі 10 жылда облыста 3546 шақырым автомобиль жолы мен қала, кент және елді мекендер көшелері жөнделген. Сондай-ақ осы уақыт ішінде аймақта 35 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Нақты мысал келтірсек, Қазалы ауданындағы Сырдария өзені «Әлсейіт» учаскесіндегі көпір, қаланың сол жағалауындағы Ғ.Мұратбаев көшесіндегі көпірден «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автотрассасына дейін 4,9 шақырым болатын магистральді көше, «Самара-Шымкент-Тереңөзек» автожолындағы Сырдария арқылы өтетін көпір, «Қызылорда-Әуежай» жолының қайта жаңғыруы, Шиелі кентіндегі теміржол арқылы  өтетін және қаланың сол жағалауына кіретін «Шіркейлі» көпірі кейінгі уақытта қатынасқа оң ықпалын тигізуде. Бұдан басқа, «Қызылорда-Жалағаш» бағытындағы жолдың жөнделуі, «Бәйтерек» ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы көпір салу, Бейбарыс сұлтан көшесінің «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін 4,2 шақырымын қайта жаңғырту қала ішіндегі көлік қозғалысына тиімді болып отыр.
Биыл жол инфрақұрылымына республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 36 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл – былтырғыға қарағанда екі есе көп сома. Бұған ұзындығы 569 шақырым автожол, көшелер және көпірлер жөнделуде. Енді қаржы толық игеріліп, биыл бітуі тиіс жол құрылыстарын уақытында аяқтап, облыс пен аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы индикаторлық көрсеткішін 87,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Иә, биылғы жобалардың қатарында үш жыл бұрын басталған, құны 5,6 млрд теңге болатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанындағы көлік айрығының құрылысы бар. Жақында құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ Қазалы ауданындағы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі 8 ауылды орталықпен байланыстыратын «Қарлаң» көпірін салу жұмыстары жалғасуда. Облыс орталығы мен ауданға қарасты ауыл жолдарын, ішкі көшелерін жөндеуге бөлінетін қаражат та жоғарыда айтқан миллиардтардың ішінде.

Жол мұраты – жету
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр еліне сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен таныстырған еді. Сапар барысында аймақ басшысы инфрақұрылымға қатысты жаңа өзгерістерді Президентке баяндаған болатын. Атқарылып жатқан әуежай құрылысынан бөлек, жаңа автовокзалдың жыл соңында аяқталатынын, жылу-электр станциясы жобасын тілге тиек етті.
Қуаныштысы, ел-жұрт жиі көтеретін күрмеулі жайдың бірі – «Қызылорда-Жезқазған» жолы мен біздің аймақты кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің басты мәселесі шешілді. Соңғы айтып отырған жолдың кемшілігі Ақтөбе облысына дейін екі жолақты етіп салынуы болатын.
– Өзіңіздің қолдауыңызбен былтырдан бері «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысы басталды. Екі облыс арасы 424 шақырым. Ал оның ішінде Қызылорда аумағындағы автомобиль жолының ұзындығы – 216 шақырым. Қазір шекараға дейінгі жол құрылыстарының 30 пайызы аяқталып, жыл соңына дейін 104 шақырымды бітіру көзделген. Екінші мәселе – Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 566 шақырымын І санатты 4 жолақтыға ауыстыру. Биылғы Жолдауда берген тапсырмаңызға орай, Көлік министрлігі бұл мәселе бойынша 566 шақырым жолды қайта жаңғырту, яғни, төрт жолақтыға ауыстыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар келесі жылдан бастап әзірленетінін жеткізді. Бұл республикалық маңызы бар екі жолды қайта жаңғырту тек біздің аймаққа ғана емес, көрші облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер бермек, – деген еді Президент сапарында Нұрлыбек Машбекұлы.
Дәл осы кездесуде Президент жолдың тым тар екенін айтып, барынша назарда ұстауды Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға нықтап тапсырды. Сырбойылықтар бұл жаңалыққа қатты қуанды.
Аталған жолдың жобалық құны 1 трлн теңгеден асады. Бүгінде Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі аралықта жеңіл және ауыр жүк көліктерінің саны артқан. Тәулігіне 10 мыңнан көп. Бұрын бір күнде 5-6 мың машинадан аспаса керек. Қазір адам шығыны мен жол-көлік оқиғалары едәуір артып отыр.
Ал Ұлытау облысымен шектесетін «Қызылорда-Жезқазған» жолының өңірге тиесілі 216 шақырымына 6 лот бойынша конкурс жарияланса, бесеуінің мердігері белгілі болды. Төртеуін қытайлық компания, қалған бір лотты ұтқан жергілікті жол салушы мердігер – «Қыран» ЖШС. Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылады, тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы.
Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған жол құрылысы 2022-2025 жылдар аралығын қамтитын болады. Құрылыс аяқталса, жол жүру уақыты да қысқаратыны белгілі. Мысалы, қазір Астанаға 20 сағаттан астам уақытта барсақ, жаңа жолмен 11 сағатта жетуге болады. Көлік саны артып, жолаушылар тасымалы да қалыпқа түспек.
Көлік қатынасына өте қажет – жол құрылысын айта келіп, оның сапасына назар аударатын құрылым жайлы да ұмытпасақ дейміз. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» деп аталатын құзырлы мекеме төрт жыл бұрынғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан соң жұмысын бастады. Біздің облыста филиалы бар. 2019 жылдың наурызында Үкімет қаулысымен құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорынның негізгі міндеті – республика аумағында салынып жатқан немесе жөнделіп, жаңартудан өткен автожолдардың сапасын сараптау. Жол қалай салынды, қалыңдығы, ұзындығы мен ені құжат бойынша сәйкес пе, асфальт құрамы, битум сапасы, бәрін-бәрін арнайы зертханада анықтап, қорытындысын бере қояды. Бүгінде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, мемлекет қолдауымен заманауи автоматтандырылған зертханаға қол жеткізді. 200-ден астам жол сапасын анықтауға қажетті зертханалық сынаққа арналған құрал-жабдықтар алынған. Бұл мамандардың жұмыс өнімділігін арттыруға үлкен көмек болып отыр.

Сөз соңы. Ұлы Жібек жолынан бастау алатын, ел мен елді байланыстырып, сауда-саттық, мәдени қатынасқа арқау болған жол-көлік саласының негізгі бөлігі Сыр өңірінде десек қателеспеспіз. Бірнеше жыл бұрын салынған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы аймақ экономикасының гүлденуіне оң әсерін беріп келеді. Сонымен қатар, Өзбекстанмен байланыстыратын мемлекетаралық «Үшқұдық-Қызылорда» теміржолы мен автожолы салынса, өңірдің көлік логистикасы әлеуеті бұрынғыдан да артар еді. Әлі де жоғарыда айтқандай, жаңа басталған жобаларды ел игілігіне жаратсақ, өңір өркендеуіндегі ірі қадам болары анық. Заман өзгерістеріне сай әр саланың дамуын ескерсек, облыстағы жолшылар мен көлік саласы қызметкерлерінің көтерген жүгі ауқымды әрі ауыр. Ел шежіресінде қатталған, сан жылдар бойы аймақ дамуындағы жетекші рөл атқарған жол мен көлік саласындағы толағай табыстар әлі де жалғасын таба беретініне сенімдіміз.

Ержан ҚОЖАС
09 қараша 2023 ж. 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930