Шерлок Холмс қазақ тілінде сөйледі
Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың туындысы әлем әдебиетіне жаңа бағыт әкелді. Әсіресе, Шерлок Холмс туралы детектив жанрындағы әңгімелер тізбегі Конан Дойлды Англияға ғана емес, әлемге танымал жазушы қатарына қосты.
Автордың Шерлок Холмстың детективтік бейнесін ерекше ашқан туындысы – «Баскервильдер иті». Жуырда аталған шығарманы әріптесіміз, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Ерсін Шамшадин аударып, кітап «Фолиант» баспасынан жарық көрді.
Қазақтілді оқырманға жол тартқан туынды шытырман оқиға мен көркемдік шешімге толы. Әсіресе, ағылшын тұрмыстық мәнері, ғылыми ақпар, сезімдер арпалысы шебер жеткізілгені байқалды.
Оқиға сюжеті жұмбақ жағдайда қаза тапқан Чарльз Баскервильдің өлімін тергеуге негізделген. «Шайтан иттің» шырмауына түскен әулеттің қорқынышы, ырым-тыйымға сенгіш жұрт әрекеті баяндалып, Шерлок Холмс пен Уотсон дәрігердің із кесу әдісі айтылады.
Еске салайық, шығарма алғаш рет 1901 жылдың тамызынан 1902 жылдың сәуіріне дейін британдық «Strand» журналында жарияланған. Бұған дейін ағылшын, орыс тіліндегі нұсқасы тарағанымен, аталған шығарма қазақ тіліне алғаш рет аударылды.
«СБ» ақпарат