ШЕРЛОК ХОЛМС ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА?
Бүгінгі күні атақты ізкесуші Шерлок Холмсты білмейтін жан кемде-кем. Әлем әдебиетіндегі детектив жанрында дүниеге дүркіреп келіп, әлі де дәуірлей беретін осы бір ізкесушінің оқиғалары ағылшын жазушыcы Артур Конан Дойлдың есімін бүкіл әлемге танытты. Тіпті жазушының есімін біреу білмей жатса да, Шерлок Холмс пен доктор Ватсонды жақсы таниды. 40 жылдың ішінде жазылған 56 әңгіме мен 4 повеске арқау болған Шерлок Холмс қаламгердің ойынша ең әлсіз шығармалары еді. Тіпті оған хат жазатын оқырмандардың Шерлок жайлы сұрауы оның шамына тиетін көрінеді. Ғасырдан астам уақытта ағылшындардың ғана емес, бүкіл әлем іздеп оқитын, фильмін сан мәрте қайталап көретін Шерлок Холмстың Лондонда мұражайы бар. Ол 1891 жылдан бастап, 210-нан астам сериал мен анимациялық фильмнің басты кейіпкеріне айналып, Гиннес рекордтар кітабына да енді. Ресей, АҚШ, Британ елдері роман желісімен жарыса кино түсірді. Қаншама спектакльдер сахналанды. Десе де, көпшілік көкейінде Холмс өмірде болған ба, әлде жазушының қиялынан туған кейіпкер ме деген сауал жүретіні белгілі. Сауалға жауап іздеп көрсек… Шерлок Холмс құрметіне Лондонда, Швейцарияның Майринген қаласында, Мәскеуде ескерткіш орнатылған. Ал Корольдік химия қауымдастығы қылмыстарды ашуда химияны ғылым ретінде халыққа танытқаны үшін оған қауымдастықтың құрметті мүшесі атағын да берген екен. Шерлок есіміне келсек, бұл – Англия жұртшылығына аса таныс болмаса да, байырғы ағылшын есімдерінің бірі. Алғашында, қаламгер оны Шерринфорд Хоуп деп атамақшы болған. Болжамдарға сүйенсек, жазушы детективін бастағанда Хоуп деген корабльде әскери қызметте болған көрінеді. Алайда жазушының әйелі бұл құлаққа жағымды естілмейтін есім екенін алға тартқан екен. Сөйтіп, жазушы кейіпкерін Англияда ХІХ ғасырда танымал болған америкалық жазушы, ақын Оливер Уэнделл Холмстан алған көрінеді. Ал Шерринфорд есімі баспагерлерге ұнамаған соң Шерлок деп ауыстырыпты. Бір деректерде бұл есім скрипкашы Альфред Шерлоктан шыққан десе, тағы біреулер крикет ойыншысы Фрэнк Шерлоктен алынған дейді. Бүгіндері Шерлок Холмстың өмірі туралы барлық ақпарат бар. Детективті брендке айналған кейіпкердің өмірде болған, болмағаны туралы түрлі болжамдар жасалып жатқанына 100 жылдан асты. Халық ішінде атақты ізкесушінің прототипі – Эдинбург университетінің профессоры, доктор Джозеф Белл деген пікір бар. Себебі, ол да адамның киімінің әр деталінен оның мамандығы мен ортасын білетін байқампаз адам болған. Джозеф Беллдің осындай ерекше қасиетін Артур Конан Дойл Шерлок Холмстың атақты дедуктивті әдісіне айналдырған дейді. Ал профессордың уларды зерттеуге деген қызығушылығын ізкесушінің химиялық тәжірибелерге құштарлығы арқылы берген. Тағы бір қызық жайт, Холмс туралы алғашқы роман доктор Беллдің мерейтойына орай шығарылды. Бәлкім, мұның барлығы кездейсоқтық па?! Доктор Белл жазушыға жазған хатында «Сіз өзіңіз Шерлок Холмссыз, мұны жақсы білесіз» депті. Расында, жазушы мен оның кейіпкері арасында ұқсастықтар жоқ емес. Холмстың сүйікті қызыл халаты Артур Конан Дойлдың да сүйікті киімі болған. Жазушы да өзінің шылым трубкасын күні бойы қолынан тастамаған екен. Зерттеушілер Холмстың тағы бір прототипі деп Джером Каминаданы санайды екен. Манчестерлік ізкесуші қылмыскерді ұстау үшін парик киіп, мұрт жабыстырып, тіпті ағылшын сословиелерінің киімін үйінде сақтаған. Шерлок Холмс та осындай әдістерді қолданған. ҚАЛЫПТАСҚАН ЖЕТІ МИФТІ БҰЗСАҚ… Холмста шляпа мен трубка болған ба? Бүгіндері Холмсты бұғы аңшысына тән шляпа мен трубкасыз елестету мүмкін емес. Көпшілігі мұндай образды Конан Дойлдың өзі ойлап тапқан деген пікірде. Шын мәнінде, олай емес. Холмсты мұндай шляпамен алғаш рет басылымның иллюстраторы Сидней Пэджет бейнелеген болатын. Шығармада бұғы аңшысының шляпасы туралы ешқандай мәлімет айтылмаған. Сөйтсе, суретші Пэджеттің өзі қала сыртында демалған кезде осыған ұқсас баскиім киген көрінеді. Ол кездері мұндай баскиім көбінесе ауылды жерлерде танымал болатын. Холмстың атақты жамылғы плащын көптеген фильмде көруге болады. Шындығында, ол оны тек қала сыртына серуендеуге шыққанда ғана киетін. Қауақтан жасалған шылым трубкасын алғаш рет Холмс туралы қойылымда басты рөлді сомдаған актер пайдаланған. Әңгіме барысында бұл трубканы кеудеге тіреп қою оңай болғандықтан, таңдалыпты. Шығармада кейіпкер бірнеше әртүрлі трубка қолданады. «Ватсон, бұл айдан анық қой!» Ел ішінде танылып кеткен бұл тіркесті білмейтін жан жоқ шығар. Десе де «Ватсон, бұл айдан анық қой!» («Элементарно, Ватсон!») тіркесі Конан Дойлдың шығармасында кездеспейді. Жеке-жеке сөздері автордың «Горбун» атты әңгімесінде ғана бар. Бұл тіркесті 1899 жылы «Шерлок Холмс» пьесасында басты рөлдегі актер алғаш пайдаланып, содан ел ішіне тараған деген де болжам бар. Алайда мұның ешқандай дәлелі болмаған. Белгілі тіркесті жас ағылшын ақсүйегі Берти Вустер мен оның камердинері Дживс туралы романдар циклін жазған ағылшын сатиригі Пэлем Вудхаус ойлап шығарған екен. Бұл тіркес алғаш рет оның «Псмит-журналист» атты әзіл-оспақ детективінде кездеседі. Атақты тіркес 14 жылдан соң америкалықтар түсірген алғашқы дыбыстық фильмде пайдаланылады. Осылайша, бұл сөз детективтің бойтұмарына (визиткасына) айналатынын кім білген?! Индукция ма, дедукция ма? Холмс өз жұмысында дедуктивті әдісті қолданған алғашқы ізкесуші болған жоқ. Шындығында Конан Дойлдан бұрын Эдгар По өзінің «Морг көшесіндегі кісі өлімі» шығармасында дедукцияны қолданған. Ең қызығы, «Қоңыр-қызыл реңді этюд» шығармасында автор Поның басты кейіпкері Огюст Дюпеннің дедуктивті қабілеттеріне мұрнын шүйіре қарайды. Артур Конан Дойлдың өзі шығармаларын жазуда индукциялық әдісті қолданған. Яғни, әуелі шешімін ойластырып, кейіннен соның төңірегінде қылмысты тереңдете берген. Бір айта кететіні, Шерлок Холмс туралы шығармаларда сипатталған шылым күлі мен темекі тұқылын жинау, жазба машиналарын бірегейлендіру сияқты криминалистика әдістерін кітап жарыққа шықпай тұрып ешқандай полиция қызметкері білген де емес. Шығарма халық арасына кең таралған соң бұл әдістер де қолданыла бастаған. Доктор Ватсон әйел адам ба? Доктор Ватсон «әйел болуы мүмкін» деген болжамды Ниро Вульфтың «атасы» саналатын америкалық жазушы Рекс Стаут жасады. Ол Конан Дойлдың кейіпкерінің жанкүйерлері жиналған түскі аста дедуктивті әдісті пайдалана отырып, «доктор Ватсон» лақап атының астарында Шерлок Холмстың заңды зайыбы Ирэн Ватсон да болуы мүмкін екенін дәлелдеген. Артур Конан Дойл өз естеліктерінде Холмстың прототипі хирург Джозеф Белл, ал Ватсонның прототипі – майор Вуд екенін анық жазған. Ватсон кейбір қасиеттерімен майор Вудқа ұқсағанымен, екеуінің биографиясы да, мамандығы да үйлеспейтіні анық. Алайда көптеген оқырман Ватсон образын жазушының өзі деген пікірде. Себебі, екеуі де әскери дәрігер және детективтер жазатын. Бірақ Конан Дойл мұны жоққа шығарған. Холмс тек қана криминалистикамен айналысқан ба? Шерлок Холмс – өте мәдениетті адам болған. Скрипкада ойнаған. Музыка жазумен қатар скрипканың қыр-сырын жақсы білген, Страдивари мен Амати шығармаларын ажыратқан. Бұған қоса Холмс көркем әдебиеттен де алыс болмаған. Гете мен Флобер шығармаларынан мысалдар келтіріп отырған. Ол табиғаттың әсемдігіне, айналаның көркемдігіне де тамсана білген сезімтал жан. Шығармалардың бірінде Ватсонды құстар әуенін тыңдап, серуендеп қайтуға шақырғаны – бұған дәлел. Ол қай үйде тұрған? Қалың жұртшылық Лондонда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Бейкер-стритта 221-б үйі болмағанын біледі. «Б» мұнда екінші қабат дегенді білдіреді. Бұл көшедегі үйлер100-бен аяқталған. Сондықтан бұл ойдан шығарылған мекенжай екені анық. Қазір Шерлок Холмс музейі орналасқан үйдің нөмірі 221-б емес, 239. 1990 жылы ашылған музей ғимараты 1815 жылы салынған. Холмс туралы Артур Конан Дойл ғана жазған ба? Холмс туралы шетелдік, ресейлік авторлардың жүздеген шығармасы бар. Атақты Холмс образын өз шығармаларында жазушының ұлы Адриан Конан Дойлдан бастап, Джон Диксон, Карр, Эллери Куин, Морис Леблан, Рекс Стаут, Марк Твен, Стивен Кинг, Джулиан Саймонс, Борис Акунин, Сергей Лукьяненко мен тіпті АҚШ президенті Франклин Рузвельт те арқау еткен. 2011 жылы Артур Конан Дойлдың ұрпақтары Шерлок Холмс туралы жаңа кітап жазуға ресми рұқсатын берді. «Жібек үйі» деп аталатын жаңа роман авторы британдық Энтони Горовиц болды. Ақбота ИСЛӘМБЕК
www.aikyn.kz
www.aikyn.kz