Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалімдер күні қарсаңында министр жаңа челлендж бастады

Мұғалімдер күні қарсаңында министр жаңа челлендж бастады


Ғани Бейсембаев. Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ұстаздар күні қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа челлендж бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен ведомство басшысы ата-анасы мен мектепте сабақ берген мұғалімдеріне алғыс айтты.

Биыл ресми түрде бекітілген төл мерекеміз – Мұғалімдер күні қарсаңында өзімнің аяулы ұстаздарым жайлы естелікпен бөліскім келеді. Ең алдымен хәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деген қағидасын бойыма сіңірген, өмірлік ұстаздарым – ата-анама алғыс айтамын. Біз бір қабатты, сабан кірпіштен қаланған, шағын мектепте тәлім алдық. Аядай ғана мектепті оқушыға деген махаббатпен толтырған ұстаздарымды әрдайым құрметпен еске аламын, - деп жазды Ғани Бейсембаев Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ ол ұстаздарды келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.

Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбектеніп, ағартушылық қызметті абыроймен атқарып жүрген және зейнет демалысындағы педагогтерге шынайы ризашылығымды айтамын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіздер, мерейлеріңіз үстем болсын, - деді министр.

Сөз соңында Ғани Бейсембаев «Ұстазым менің, ұстазым!» атты челлендж басталғанын айтты.

Ол челленджді сенатор Нұртөре Жүсіпке, депутат Асхат Аймағамбетовке, вице-премьер Тамара Дүйсеноваға, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа жолдады.

Сіздерді аяулы ұстаздарыңыз жайлы жылы лебіз білдіріп, қызықты естелікпен бөлісуге шақырамын, - деді ол.

Айта кетейік, елімізде Мұғалімдер күні 5 қазанда мерекеленеді. 
29 қыркүйек 2023 ж. 592 0