Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағандарға жауапкершілік күшейеді
Фото: lada.kz
Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде қоқыс өңдеу саласындағы мәселелерді атап өтіп, оны шешу үшін Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Біріншіден, жергілікті атқарушы органдар 1 қарашаға дейін Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын бекітуі қажет. Бұған қоса, әкімдіктер осы жылдың соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есе қысқартуға тиіс.
Екіншіден, Экология министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізуді қамтамасыз етуі керек. Әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту қажет. Заң бұзу фактілері қайталанса, соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері де өсуге тиіс, - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Үшіншіден, Экология министрлігі қалдықтарды бөліп жинауды, оларды утилизациялау мен қайта өңдеуді енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеуі қажет.
Қалдықтарды жоюдың қазіргі жүйесі, оның ішінде тариф мәселесі ешқандай сын көтермейді. Саланың тиімділігі жоқ, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермейді. Жыл соңына дейін жаңа тәсілдерді әзірлеу керек.
Төртіншіден, Экология министрлігі әкімдіктермен бірге 1 желтоқсанға дейін еуропалық озық тәжірибені ескеріп, қалдықтарды жойып, қайта өңдейтін жаңа зауыттар салу бойынша ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Ол үшін тиісті заңнамалық база бар», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Швеция, Франция, Жапония сияқты әлемнің кейбір елдерінде зауыттар үлкен жерді алып отырған жоқ. Сондай-ақ олар түтін мен иіс шығармайтын технологияны қолданады.
«Бесіншіден, Экология, Оқу-ағарту, Ғылым министрліктері жыл соңына дейін қоқыспен жұмыс істеу мәдениетін әзірлеп, оны балабақшадан бастап университетке дейін оқу бағдарламаларына енгізуге тиіс. Қалдықтарды бөліп жинау және қайта өңдеу біздің іс-әрекетіміз бен мінез-құлқымыздың маңызды бөлігіне айналуы қажет. Осы тапсырмалардың орындалу қорытындысын жыл соңында Үкімет отырысында тыңдаймыз, - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.
Мәселелерді бақылау мен үйлестіру премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.
Бұған дейін Әлихан Смайылов Қазақстанның қоқыс өңдеуде көш соңында қалғанын айтқан еді.