Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Эйблизм: тілдесудің түйткілді тұстары

Эйблизм: тілдесудің түйткілді тұстары


Мүгедектігі бар жандардың арасында сынаққа сынбайтын, еңбекте тынбайтын, қоғамда белсенді, рухы мықты жандар көптеп кездеседі. Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы С.Қуанышбайұлының айтуынша, аймақта 32 мыңнан астам мүгедектігі бар жан тіркелген екен.

Бұл – осынша мәселе, осынша тағдыр талайына түскен жан бар деген сөз. Төрт құбыласы түгел адамдарға да тұсау көп заманда оларға қиындықтың салқыны соқпайды деу жалған болар. Сондықтан «эйблизмнен не үшін арылу керек?» деген сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.
Ең әуелі айтатынымыз, мүгедектігі бар адамдар қоғамда дискриминация көріп жатады. Осыған байланысты «эйблизм – адамды мүгедектік белгілеріне қарай алалау» дегенді білдіретін термин енгізіліпті. Бүгін аңдамай айтылған сөз қоғамда алалауды қалай өршітетінін талқылаймыз, талдаймыз. Себебі, жоғарыда айтқандай, сау адамның сау-тамтығын қалдырмай, саусағымен нұқып тұрып алалайтын заманда мүгедектерге шүйлікпейтіндер жоқ дей алмаймыз.

Эйблизм ұйығы
Республикадағы «ITeachMe құзыретті дамыту орталығының» директоры Захира Бегалиева мүгедектігі бар адамдарды қолдап, олардың жұмысқа тұруына, қоғам өміріне белсене араласуына көмектеседі. Маман ең әуелі эйблизм туралы айтып, қоғамда болып жатқан жайттарды жайып салды.
З.Бегалиева қанша жерден абай болған күннің өзінде эйблизм адаммен бірге жасап келе жатқанын айтады. Бұл қоғамда алауыздық пен мүгедектігі бар адамдарды алалауды өршіте түседі дейді.
– Көпшілік кей сөздің мағынасын жете түсіне бермейді. Сондықтан адамдар біле тұра біреудің намысына тиеді деу қиын. Қоғам үшін кейбір сөз бен сленг үйреншікті болып кеткені сонша, кейде оның белгілі бір топқа кері әсер ететінін түсінбейді. Әуежайда әдетте «арбаға отырыңыз» деп жатады. Ал арба – әуелден-ақ жүк тасу құралы. Осы сәтте де мүгедектігі бар адам өзін адамдар үшін жүк, ауыртпалық деп біледі.
«Арба» деген сөзді алмастыру керек деп ойлаймын. Болмай бара жатса, әуежай қызметкерлерінің «Сізге қалай көмектесейін?» деп сұрағаны жеткілікті. Бірден «арбаға отырыңыз» демеу керек. Әрине, олар мұны ренжітейін, кемсітейін деп айтпайды, мен мұны білместікке балаймын.
Кейде әуежайда көзі нашар көретіндерге «Ешқайда кетіп қалмай осында тұрыңыз. Қазір қайтып келемін» дейді. Ол қайда кетуі мүмкін? Көзі көрмейтінін еске салудың керегі не? – дейді ол.
Тағы айтайық, ең қарапайым мысал, «мүмкіндігі шектеулі жан» деп жүргендер әлі көп. «Мүгедектігі бар тұлғалар, адамдар» деу керек. Біз – қоғамның бір бөлігі, тұлғамыз. «Жан» деп қоғам мүгедектігі бар адамдарды әлсіз етіп көрсетіп, оларды бір елеске теңейтіндей әсер қалдырады емес пе?! Тағы бір жиі кездесетін жайт бар. Көпшілік жиында «өзіміз болсақ, істей береміз ғой, ал мүгедектігі бар адамдар келсе, олар үшін бәрін басқаша ойластыру керек» деп жатады. Біз автоматты түрде «өзімізге» кірмей, шеттетіліп қаламыз. «Өзіміз» дегендер – сау адамдар, ал біз бөлек қоғам, тап сияқтымыз. Мұндай кезде «өзіміздің» орнына «мүгедектігі бар және мүгедектігі жоқ адамдар» дегенді қолданған дұрыс секілді.
Захира ханым бала жастан мүгедектігі бар адам жайлы дұрыс түсінік қалыптаспағандықтан, көп адам оларды автоматты түрде аяп тұратынын айтады. Маман мұндай көзқарастан арылған жөн дейді.
– Жұрт мүгедектігі бар адамды мүсіркеп, аяныш білдіргенді міндет санайтындай. Ақсап жүргеніңді көріп, «Ойбу, бейшара-ай, аяғың ауырады екен» деп қамқор болады. Бірақ бұл тек кері әсер етеді. Аяқ ақсап, ауыратыны рас шығар. Дегенмен бұл мүгедектігі бар адам мүсәпір, бейшара дегенді білдірмейді. Аяқ қанша жерден ауырғанымен, мүгедектігі жоқ адамнан қаржы, әлеуметтік статус жағынан жағдайы жақсы болуы мүмкін. Бірақ біздің қоғамда мүгедектік алға шығып кете береді.
Әлі күнге «арбаға таңылғандар», «арбадағылар» дейді. Орындықта отырғандарды «орындыққа таңылғандар», «орындықтағылар» деп жалпылай атамаймыз ғой. Аңдамай айтылған әр сөз мүгедектігі бар адамдарды қоғамнан күн сайын алыстатып жатыр. Жұрт әуелі адамның арбасын, құлақ аппаратын, балдағын, протезін көреді. Олай болмауы керек. Затты емес, оны қолданатын адамды көре білуіміз қажет, – дейді маман.

Тарыдай тіркестің торнадо әсері
Бала үйде не көрсе, түзде соны жасайды. Ата-ана – баланың айнымас айнасы. Айтпағым, бала алғаш эйблизмді үйінде көреді екен. Балаға ұрысқан кезде түрлі диагнозды кемсіту мәнінде қолдану – эйблизмнің асқынған түрі.
Ата-ана үйде баласын бір зат әкелуге жұмсады делік. Бала таппай келсе, «Соны да көрмедің бе, көзің соқыр ма?» деуі мүмкін. Естімей жатса, «Құлағың керең бе?» деп ұрысады. «Жынды» деген де осы тізімде бар. Бала достарымен сөзге келіп қалса, осылай келемеждеп шығады. Ал бұл сөздер біреудің диагнозы ғой. Бір-бірін «даун», «шизофреник», «семіз» «төрткөз» деп мазақтайды. Ол сөздің мағынасын да білмейді. Тек ойында түсініксіз ассоциация бар. Осылайша балада жастайынан «диагнозы бар адамдар қауіпті болуы мүмкін», «біздің ортаның адамы емес», «олардан алыс жүру керек» деген ой қалыптасып, стереотип жайыла түседі.
Бала достарының мазағынан қашып көзі ауырса да, көзілдірік тақпай қоюы мүмкін. «Семіз» деген атақтан қорқып, тамақ ішпей қоятын балалар да бар. Жай айтылған сөз осылайша баланың дене жағдайына кері әсер етеді. Салдарын іштей сезіп отырған да боларсыз. Иә, негізі адам өзі қандай болса, аузынан сондай сөз шығады.
Шиеленістің шешімі
Кез келген күрмеудің байланған жолы болса, шешілу амалы да болуы тиіс. Бірақ, ауру қалса да, әдет қалмайды. Ең қиыны – осы. Сұлу сөйлеудің сырын меңгерген қоғам ғана кемел адам болады. Ал кемелдік біліммен, көркем мінезбен келетіні ақиқат.
– 10 жыл бұрын өзім де эйблизмге, адамдардың аңдамай сөйлейтініне тоқтау салғым келді. Қате сөйлегендердің бәріне түсіндіргім келіп, сөз таластырып та қалатынмын. Уақыт өте бизнес-серіктес, жора-жолдас қатары сирей бастағанын байқадым. Түсіндіру әдісім дұрыс болмаған екен. Олар мені ренжітіп алмайық деп, қарым-қатынасты үзгенді жөн көріпті. Бұлай кете берсем, қоғамнан ажырап қалатындай екенмін.
Сондықтан эйблизммен күресер болсақ, мұны барынша адекват жолмен жүргізу керек. Көбірек айтып, арнайы видеонұсқау түсіріп, әлеуметтік желіде көптеп тарату керек.
Эйблизм санамызға сіңіп қалғаны сонша, проблема бүгін-ертең шешіледі деу қиын. Ересектер арасында айтылып, түсіндірілуі қажет. Бірақ басты назарды балабақша мен мектептерге аударған жөн. Мысалы, неміс әліппесінде «К» әрпіне (киндерваген – ред.) мүгедектер арбасын қолданатын адамның суреті берілген. Осылайша бүлдіршін қоғамның мұндай өкілі де бар екенін және оларды дұрыс атай білу керек екенін біліп өседі. Ол бала өсіп, келесі ұрпақты тәрбиелейді. Бұл – тым ұзақ, бірақ түбі нәтижелі болатын күрес, – деді Сағатбек Қуанышбайұлы.
Эйблизмді болдырмас үшін әр адам сөздік қорын бір сараптап шықса дейді. Сөздік қорды бір талдап шығып, біреуді кемсітуші сөздер болса, оны алмастыруға әрекет ету керек. «Бұл – қоғам өмірін жақсартуға жасалған амал» дейді мамандар. Бірдеңе демес бұрын нені меңзеп тұрғаныңды ойлану, тіркес мәніне үңілу керек. Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлетін заманда қай жерде қалай үн қату керектігін білу маңызды. Абзалы, «Сөйлейтін жерде сөйлемесең, сөзің өледі. Сөйлемейтін жерде сөйлесең, өзің өлесің» дегенді қаперден шығармаған жөн.

Өңірдегі жан жылытар жұмыстар
Сөз соңында Қызылорда облысындағы оң қадамдарды да тілге тиек еткенді жөн көрдік. Тағдырлы жандарды қолдау үшін атқарылып жатқан жарқын жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, өткен жылдың 12 айында жиналған мәліметтер бойынша 5735 аз қамтылған отбасы мен мүгедектігі бар адамдарға 30927,4 мың теңге сомасына қаржылық және қайырымдылық көмек көрсетіліпті. Тамақ, қатты отын баспасөзге жазуға және кәсіпкерлерге демеушілік жасалған.
«Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына байланысты жұмыстар жақсы атқарылған. Осы жылы облыста мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатындар саны 3233 адам. Соның ішінде, I топтағылар 273, II топтағылар 1203, III топтағылар 1296; 7 жасқа дейінгі мүгедек балалар 130, 7-18 жас аралығындағы, І топтағы 45, ІІ топтағы 46, ІІІ топтағы 240 бала бар.
Денсаулық басты байлық екенін ескерсек, ауырмайтын жолды іздегеніміз жөн. Ал  тағдырлы жандардың жан емі жан жадыратар жылы сөз екені даусыз.
Қаладағы қарқын қандай?
Қызылорда қаласында қазір 11 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар. Олардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдық өмірге бейімдеу бағытында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі біршама жұмыс атқарған.
Жыл басынан бері бөлім тарапынан оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар 1057 адамның жеке көмекшілеріне әлеуметтік төлемдер төленіп, 184 есту мен сөйлеу қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамға кәсіби сурдоаударма жасау бойынша 17 ымдау тілі маманы қызмет ұсынған.
Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында психоневрологиялық ауытқуы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту және тәрбиелеу бағытында 35 мүгедектігі бар балаға күндізгі стационар жағдайында және 20 балаға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың қосымша шарасы ретінде қалада «Инватакси» қызметі барлығы 13 автокөлікпен көрсетілуде, оның 4-і арнайы гидравликалық көтергішпен жабдықталған.
Иә, жағдай өз алдына жасала берер. Мұнан бөлек, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі жол картасы аясында Қызылорда қаласында «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды қолдау орталығы жұмыс істеуде. Онда қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдеседі. Психологиялық, әлеуметтік-құқықтық көмектер ұсынып, бекітілген жоспар аясында мәдени шаралар мен семинар-тренингтерді тұрақты түрде өткізеді.
Басына қандай іс түсерін ешкім білмейді. Сол үшін де мүгедектерді мұқатудан аулақ болған жөн. Мәдениеттіліктің ең үлкені – көңілге қарап сөйлеу.
Айдар САЙЛАУОВ
26 қыркүйек 2023 ж. 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930