Әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады
Осы жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғаяды. Әсіресе, көп балалы аналар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқасымен наградталған және «Батыр ана» атағы бар сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерін иеленген жандарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Төреахмет Жолымбетов хабарлады.
– Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінен бастап ҚР Әлеуметтік кодекс қабылданып, 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін болады. Осыған сәйкес, бала туғаннан бастап кәмелет жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік төлемдер, еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жұмыспен қамту, жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы осы бір құжат арқылы реттеледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бала күтімі бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылып, төленетін болды. Жалпы облыс бойынша төлем алушылар саны 27 мыңнан асты. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және мүгедектік алуының себебіне қарай арттырылады. Нақтырақ айтқанда, I-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы – 89 248 теңгеге дейін, II-ші топтағы азаматтар -71 398 теңгеге дейін, III-ші топтағы жандар 48 681 теңге көлемінде жәрдемақы ала алады. Ал мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған қамқоршыға төленетін ай сайынғы мемлекеттік көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасында беріледі. Бұдан бөлек, өңірімізде 9 мыңнан астам асыраушысынан айырылған адам бар. Оларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы арнайы санат бойынша берілетін болады. Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құбандарына және одан зардап шеккен жандарға, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көлемі – 1,23 АЕК дейін өсті , – деді департамент басшысының орынбасары Жолымбет Сайлаубайұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі