Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазанғап Қожасов атындағы саябақ ашылды

Қазанғап Қожасов атындағы саябақ ашылды

Сенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен Ұлы Отан соғысының ардагері, құрылыс саласының майталманы Қазанғап Қожасовтың құрметіне кент ішінде әсем саябақ ашылды.
Саябақтың ашылуына Қызылорда облысының мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков, Шиелі аудандық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы Болат Сыздық, «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев қатысты.
Шара барысында аудан басшысы Нұржан Ахатов сөз алып, Қазанғап Қожасовтың тындырымды тірліктерін тілге тиек етті.
– Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді», деген аталы сөз бар. Расында туған жерді көркейту-көгалдандыру баршамызға ортақ іс, әрі келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған үлкен қадам деп санаймын. Осы орайда, биыл аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бас­тамасымен облыста «Үлгілі елді мекен» байқауы ұйымдастырылып, нәтижесінде, Шиелі кенті «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша II орынды еншілеген болатын. Бүгін міне осынау бастамаларға қолдау білдіріп, Ұлы Отан Соғысының ардагері Қазанғап Қожасов атына берілген көше ­бойынан ұрпақтары саябақ ашып, тұсауын кескелі отыр. Қазанғап ақсақал ел мен жерге еңбегі сіңген Сыр елінің біртуар азаматы болатын. 19 жасында майдан даласына аттанып, жеңіспен елге оралғаннан кейін де құрылыс саласында 35 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етті, – деді.
Айта кетейік, Қазанғап Қожасов 1923 жылы Сұлутөбе ауылдық округінде дүниеге келген. Зұлмат жылдарға тап болған ол 1942 жылы №40 шекарашылар отрядының атқышы ретінде соғысқа аттанып, 1948 жылы елге оралған. Ол Германияны азат еткені үшін», «Совет армиясы мен флотына 30 жыл», «1973 жылы Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Ұлы Отан соғысы жеңісінің 30, 40, 50, 60 жылдығы», «СССР Қарулы күштеріне 60 жыл», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» мерекелік медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар Қазанғап ардагер соғыстан оралған соң Тартоғайдағы 2 фермада мал асылдандыру ісімен айналысып, Қамыс зауытында есепші қызметтерінде де абырой биігінен түспеді. Ал сауда саласында Ленин, Бәйгеқұм, Жеміс-жидек, Көкжиде, Авангард селоларында дүкен меңгерушісі қызметін атқарды. Ол құрылысшы ретінде СПМК-10, МКСО және ПМК-7-де құрылыс шебері, прорабы, қойма меңгерушісі болып, 35 жылдан астам жемісті еңбек етіп, құрылыс саласы еңбеккерлерінің ең жоғары марапаты «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін ауданда алғашқылардың бірі болып иеленді. Қан майданнан келіп, еңбек майданына еніп кеткен ардагердің әр жылы ауыз толтырып айтуға тұрарлық тынымсыз тіршілікпен ұштасқан. Ендігі жерде батырдың есімі ұмытылмайды. Саябақпен бірге аудан халқының аузында айтылып жүре береді.

Дархан Байтілес

19 қыркүйек 2023 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930