«Ұлы дала жорығы» Қызылорда облысының аумағында
Сурет ашық дереккөзден
«Ұлы дала жорығының» ұйымдастырушылары, қатысушылары Сыр өңірінің аумағына өтті. Кеше түс ауа жолға шығып, Қызылорда қаласынан 80 шақырымдай жерде (Жезқазған бағытында) аялдаған. Белгіленген маршруттың 850 шақырымын басып өтіп, 9 кезеңнің мәресіне жетіп жатыр екен.
Бұл жолы Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды. Қостанайлық шабандоздар мәре сызығын екінші болып кесті. Үшінші Жетісу облысының командасы келді. Төртінші Ақтөбе облысы, бесінші болып Маңғыстау облысы жетті.
Маң даланың шабандоздары аттың басын тартып келе жатқанға ұқсайды. «Көкмойнақтың» күшін сақтағысы келетін сияқты. Алда әлі 450 шақырым бар. Оның үстіне, уақыт жағынан барлығынан 1 сағат 40 минут озып келе жатыр. Ақтық мәреге жақындағанда ғана қамшы басады-ау бұлар.
Ал Қостанай облысының командасы осы алшақтықты қысқартуға жанын салуда. Әр кезең сайын маңғыстаулықтардан 15 мин, 20 мин ерте келуге тырысып жатыр. Кеше де сондай болды.
Жалпы есепте айқын басым келе жатқан көшбасшы команда жоқ. Бәсеке зор, «интрига» бар. Сондықтан қызықтың көкесі алда. Жорық 1050-інші шақырымнан кейін тіпті қыза түседі.
Байқағаным, әр команданың өз тактикасы, «саясаты» бар. Өзара ақылдасады. Өзгелерге сыр алдырмайды. Әр аялдамада аттарының аяғын ауық-ауық қарайды, жүрек соғысын тексереді. Жем-суын береді. Айта берсең көп. Шабандоздар мен атбегілер «азартқа» түскен. Таза еңбек бұлардыкі.
Бүгін командалар алдында 950-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.