Астанада жаңа ескерткіш пайда болды
Бүгін Астанада Тәжікстанның мәдениет күндері аясында Ұлы ғалым әрі ойшыл Әбу Әли Ибн Синаның бюстінің ашылуы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Салтанатты рәсімге ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрі Зульфия Давлатзода, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Қазақстан мен Тәжікстанның шығармашылық зиялы қауым өкілдері және т. б. қатысты.
Ұлы ғалым және ойшылға ескерткіш Астана қаласы Алматы ауданы А. Храпатый көшесі, 9 жанындағы саябақта орнатылды. Қола бюсті тәжік шеберлері жасаған, ал гранитті тұғырды елорда әкімдігі ұсынған. Ескерткіштің биіктігі-3,1 м.
«Бүгін елдеріміздің арасында екіжақты қатынастар тарихындағы өте маңызды күн. Ибн Сина – бүкіл Орталық Азияның мақтанышы, сондықтан бұл ескерткіш біздің елдеріміз арасындағы терең тарихи байланысты көрсетеді. Монументтің ашылуы – бұл Қазақстандағы Тәжікстанның мәдениет күндері аясында өтетін іс-шаралардың бірі. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кино көрсетілімдері, концерттер мен көрмелер өтуде. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жоспарланған», – деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.