Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерді жыртпай-ақ дән егіп, мол өнім алуға болады

Жерді жыртпай-ақ дән егіп, мол өнім алуға болады

whatsapp image 2023 08 22 at 14.52.27

Қазір әлемде ресурс және ылғал үнемдейтін техно­ло­гиялар кеңінен қолданылады. Мысалы Mini-Till (ми­нималды) және No-Till (нөлдік) технологияны атау­ға болады. Бұл дәстүрлі техниканы пайдалана отырып, жер­ді жыртпай-ақ дәнді топыраққа тікелей себуге мүм­кіндік беретін, топырақ өңдеудің заманауи жүйесі. Қа­зір дүние жүзінде жыртылмаған жерге дақылдарды ті­келей егу әдісі бойынша 60 млн, гектарға жуық егіс ал­қаптары бар.

Бүгінде еліміздің оңтүстік-шығысындағы ылғалы жеткіліксіз аймақтарда да дәнді дақыл өсірудегі мүмкіндіктері айтар­лық­тай жоғары. Әйтсе де, заманауи агротехниканың толық зерт­телмеуінен біздегі дақылдардың өнімділігі бірталай төмендеген жә­не қазіргі сапалық талап деңгейіне толық сәйкес келмейді.

Осыған байланысты дақылдардың аудандастырылған сорт­тарының өнімділігіне әсер ететін қор сақтаушы технологиялар жө­нінде толыққанды ғылыми деректер жоқтың қасы. Сол себепті то­пырақ-климат жағдайларына байланысты дәнді дақылдарды өсіру­дің агротехникасын жетілдіретін зерттеулердің қажеттігі туын­дап, арнайы жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тәлімді жерлерді иге­ру­ді ұтымды пайдалану үшін жаздық бидай мен жаздық арпаны өсі­рудің екі тәсілі зерттелді: жерді жырту және нөлдік өңдеу. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің минималды және нөлдік технологиясы бойынша әлемдік және отандық тәжірибе жи­нақталды. Қазақстанда бұл бағыттағы алғашқы жетістіктерге Сол­түстік Қазақстанда дәнді дақылдар өсіру кезінде қол жеткізілді. БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы – ФАО-ның рес­ми деректері бойынша 2009 жылы Қазақстан өндіріске 1,5 млн гектарда нөлдік технологияны енгізе отырып, осы тәсілді мең­гер­ген әлемнің он елінің қатарына енді. 2014 жылы бұл көрсеткіш 2 млн гектарға дейін өсті. 2012 жылы Қазақстан Еуропа мен Орталық Азия­да бірінші орынды, сондай-ақ no-till технологиясы бойынша әлем­де 7-орынды иеленді. Алайда Қазақстанның оңтүстік-шы­ғы­сын­да минималды және нөлдік технологияларды әзірлеу бойынша әлі де зерттеулер жүргізілуде. Бұл жағдайда топырақ қорғау және ре­сурс үнемдеу технологиялары негізінде егіншілік жүйесін же­тіл­діру ерекше өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Қазақстанның оңтүстік-шығысында тәлімді жерлерді игеру жә­не ұтымды пайдалану үшін егіншіліктің келесі технологияларын же­тілдіру және топырақты қорғау технологияларын енгізу қажет. Олар­ды игеру үлкен жұмыс, өйткені бір мезгілде топырақтағы ор­га­никалық заттарды арттыру, экологиялық проблемаларды азай­ту және парниктік әсерді азайту мәселелерін шешуде маңызы зор. Минималды және нөлдік өңдеу әдістері жақсартылған жер жа­­­­мылғысын қамтамасыз етеді.

Топырақ құнарын сақтап бұзылуын азайтады, оның құра­мын­дағы органикалық заттарды көбейтеді және аймақтық егін­шілік жүйелеріне оң әсер етеді. Нөлдік өңдеу өнімділікті жыл­дар бойынша тұрақтандырады, ал әлеуетті іске асыру үшін кем дегенде 4-6 жыл қажет. Жер жыртумен салыстырғанда нөлдік өңдеу ке­зінде дән өнімділігі алғашқы жылдары айтарлықтай азырақ бо­лып, екінші, үшінші жылдары біртіндеп өсу үрдісі байқалады.

Зерттеулердің нәтижесінде тәлімді аймақта өсірілген жаздық бидай және арпаның жоғары өнімі мен егістік сапасын қам­тамасыз ететін ғылыми негізделген агротехникалық тәсілдер жасалды. Осылайша, ресурс және ылғал үнемдейтін агротехникалық тәсілдерді қолдану арқылы жаздық арпа мен жаздық бидайды өсірудің ғылыми негізделген жүйелі жиынтығын жасау – егіннің шығымын көтеріп, жалпы астық өндірісінің тиімділігін арттырары сөзсіз.

Гуля ҚҰНЫПИЯЕВА,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ аға ғылыми
қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты
25 тамыз 2023 ж. 140 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930