Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды



Аз ғана уақыттан соң кезекті жаңа оқу жылы басталады. Осыған орай қала мектептерінің дайындығы қандай? Оқушылар мен ұстаздар керекті құралдармен қамтылған ба? Осы және білім саласына қатысты басқа да өзекті мәселелер кезекті мәжіліс отырысында қаралды.

Жиынға Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы мен мектеп директорлары қатысты.

– Қалалық білім бөліміне қарасты 56 жалпы білім беретін мектептерде 2022-2023 оқу жылында 68268 оқушы білім алып, аяқтадық. 2023 жылы қала бойынша мектепті бітіруші 2826 оқушының 2672-і ҰБТ-ге қатысты. Мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 2276 оқушының 1621-і мемлекеттік грант иегері атанды. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 159 оқушы «Алтын белгі», 285 бітіруші «Үздік аттестат» иегері атанды. ҰБТ-де қала бойынша ең жоғарғы 134 балды Жақыпбек Махамбетов атындағы №43 орта мектеп түлегі Аман Жансая, 133 балды Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектеп түлегі Төлеген Нұрдаулет жинады, – деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа бүгінгі күнге дейін 7429 бала қабылданып отыр, оның ішінде электронды түрде 6567 өтінішпен, қағаз жүзінде 1095 өтінішпен қабылданған.

Өткен оқу жылында үш ауысымдық мектеп деп танылған №3, Абай, 101, 264 мектеп жандарынан қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Әли Мүслімов атындағы №101 жанындағы қосымша құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгінгі күні пайдалануға берілуге дайын. Қалған 3 мектептегі қосымша құрылыс жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деген болжам бар.
Осылайша, қаладағы мектептер жаңа оқу жылына сақадай сай. Бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын өрендердің тізімі жасалып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар анықталуда. Оларға арнайы көмек беріліп, балғындардың білім жүйесінен алшақтамауына барлық жағдай қарастырылуда.
21 тамыз 2023 ж. 147 0