Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетіледі

Қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетіледі


көрнекі фото: inform.kz

«Қазақстан» шахтасындағы өрттен қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілетіні айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Бұл мекемеде ұжымдық шарт бар. Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында 2022-2024 жылдарға құрылған. Сол ұжымдық еңбек шарты аясында қаза тапқан азаматтардың отбасына бірқатар жағдай көрсетіледі. Атап айтсақ, 10 жылдық жалақысын төлеп беру, пәтер алып беру, балаларының оқуға түсуіне жағдай жасау сияқты бірқатар әлеуметтік көмек бар», - деді ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

Сондай-ақ Бас мемлекеттік еңбек инспекторы ауруханада жатқан кеншілерге қандай көмек қарастырылғанын айтып берді.
«Апаттан зардап шегіп, ауруханада жатқан адамдарға да көмек бар. Бүгінде елімізде азаматтарға денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болғаны үшін 25 АЕК қана төленеді. Бұл кеншілерге міндетті түрде 100 пайыз төленеді. Олардың толық емделіп шығуына қажетті шығынды компания өз мойнына алады. Жағдайына қарап, егер олар жазылмай мүгедек болса, ұжымдық шарт шеңберінде тиісті әлеуметтік көмек көрсетіледі», - деді ол.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының мәліметінше, көмір шахталарындағы жұмысшылардың жалақысы еңбек шартына байланысты әртүрлі.

«Жұмысшыларға қатысты айтатын болсам, әртүрлі жағдайларға байланысты, өндіру учаскесінде өткізгіштер шамамен 860-880 мың теңге алады. Бұл бесінші санат үшін. Мұндай жалақы жоспарды орындау кезінде, сондай-ақ қауіпсіздік техникасы мен өндірістік көрсеткіштердің барлық шарттарын орындау кезінде төленеді. Ал көмекші учаскедегі үшінші разрядтағы жерасты тау-кен жұмысшысының жалақысы шамамен 500-515 мың теңге. Бұл да қауіпсіздік техникасы мен өндірістік көрсеткіштердің барлық шарттарын орындалған кезде төленетін сома», - деді  «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.

Еске салайық, 2023 жылдың 17 тамызы сағат 10:00-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды. Шахтада барлығы 227 адам болған. Сол күні шахтадан 222 адам жер бетіне шығарылды. Шахтадан екі адамның мәйіті табылып, тағы үш адам іздестіріліп жатыр.
18 тамыз 2023 ж. 170 0