Өткен қыстың ащы сабағы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары Екібастұз қаласындағы жылу- электр орталығын аралап көруден басталды.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың баяндауынша, техникалық аудит нәтижесінде Екібастұз ЖЭО акционерлерімен бірлесе қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары дайындалып, бекітілген.
Жоспарға сәйкес «ОАЭК» АҚ-ның жеке қаржысы (8,2 млрд теңге) және Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен (8,5 млрд теңге) барлық 10 қазандық агрегаты (5 бу және 5 су жылыту) жөнделеді.
Нысанның жай-күйімен танысқан Президент Үкімет пен облыс әкіміне Екібастұз ЖЭО-сының қызметін қалпына келтіру жұмыстарының сапасы мен мерзімін айрықша бақылауға алуды тапсырды.
– Жағдай күрделі. Көп нәрсе тозған. Бұл мәселемен жүйелі түрде айналысып, әрқашан бақылауда ұстау қажет. Былтыр қыстағы жағдай осы қалада да немесе басқа қалада да қайталанбауы керек. Бұл – Үкімет пен барлық әкімдердің жауапкершілігі. Болған жағдайдан ащы сабақ алдық. Ел азаматтары мен аталған қалалардың тұрғындарына шыдамдылық пен түсіністік танытқаны үшін алғыс айту керек. Бірақ үнемі төзе беруге де болмайды. Сондықтан тиісті шараларды қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы орамішілік және магистральдық желілердің, сондай-ақ қаладағы тұрғын үй қорының алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.
Президент Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығының жағдайымен танысқан соң жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Қала тұрғындары үйлерін жылумен қамтамасыз етудің мән-жайы туралы айтты.
Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін екібастұздықтарға алғыс айтты.
– Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Тиісті қаражат бөлінді. Сондықтан бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын, – деді Президент.
Тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтып, Президенттен қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов «Шахтер» саябағына күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтты. Ал көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұрады.
Мемлекет басшысы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, тиісті тапсырма беретінін жеткізді.
– Дұрыс айтасыз. Назарға аламыз. Қысқа уақыт ішінде Шығармашылық сарайын саламыз. Жалпы, бізге ел көлемінде өскелең ұрпаққа қызмет ететін нысандарды көбірек салу керек. Спортпен айналысу керек екенін айтып жүрмін ғой. Балалаларды спортқа баулу керек. Бірақ ол үшін лайықты спорт алаңдары, стадиондар қажет. Тіпті ондай спорт нысандары елордада жетіспейді. Сондықтан әкімдер бұл мәселемен міндетті түрде айналысуы керек, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Павлодар облысына сапар барысында кәсіпорындардың шығарып жатқан өнімдерін көрді. Көрмеге тамақ және қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы сондай-ақ металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар қатысты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады, «ZENITH» зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын құрылыс материалдарын шығарумен және түрлі мақсатта қолданылатын нысандар салумен айналысады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ASTANA VISION PAVLODAR клиникасына барып, жергілікті тұрғындарға офтальмологиялық қызметтер көрсететін медицина мекемесінің жұмысымен танысты.