Ауылшаруашылық саласында серпін бар
Біз бұған дейін де әлеуметтік желідегі парақшамызда, баспасөз бетінде ауылшаруашылығы, бақша өнімдерін экспорттауда кенже қалып келе жатқанымыз жайлы қынжыла мақала жазып,пост салған болатынбыз. Тиісті бөлімдерді, сала мамандарын да сынаған едік. Шынымен баяғы кеңес заманындағы қауынбаздар жұмысын жүйеге келтіре алмай, диқандарды жүйкелетіп, тас жол жағалатып, жабайы сауда жасауға мәжбүрлеп қойған кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы салаларының ақсап жатқанын осыдан-ақ бағамдай берсек болды деп те ой қорытып қойғандай едік. Бүгін Шиелі Ауданының Әкімдігі яғни аудан әкімі Нуржан Ахатов облыс орталығында 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы брифинг берді. Әкімдік қызметке келгеніне бір жыл толуына орай жергілікті БАҚ-да кең көлемді есебін жариялаған еді. Сол есептен түйгенімізді тізбектеп, саралап айтып беруді жөн көрдік. Бұған дейін біздің сын садағымызға іліккен салада бірталай серпін барын байқадық. Айтап айтқанда өткен күзде Шиелі Аудандық Ауыл Шаруашылығы саласы бойынша Қырғызстанға 20 тонна ақ күріш, Ресейге 421 тонна қарбыз, 275 тонна қауын, 330 тонна қызанақ экспортталған. Ал, еліміздің өзге облыстары мен қалаларына яғни Астана, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Жезқазғанға 18 500 тонна ақ күріш, 1 200 тонна қарбыз, 13 400 тонна қызанақ, 3 800 тонна қауын, 22 000 тонна жоңышқа шөбі сатылған. Сонымен қатар 2 617 тонна ет, 9 513 тонна сүт, 1 млн 83 мың дана жұмыртқа пұлданған. Осылайша өнімін пұлдай алмай, тас жол жағалап, жүйкелеген диқан, малшы, бақташы қауым жүйеге түсе бастаған жұмыстың жемісін көре бастағандай. Өнімдерін аудан айналасында, жабайы сауда орындарында ғана емес, көтерме бағада көршілес елдерге, орталық және солтүстік аймақтарға да саудалай бастапты. Салада серпін бар. Биылғы күздік көрсеткіш бұдан асып түспесе кем болмайды дейді дерек көздер. Аудан бойынша биыл 31 702 гектар алқапқа егін егілген. Шиелі кентінде жобалық құны 170 млн теңге болатын сыйымдылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталып, мұздатқыш, құрал-жабдықтар орнату жұмыстары жүріп жатқанын білдік.
Н.СӘДУАҚАСҰЛЫ