Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саусақ ізіне ұқсайтын арал туралы не білеміз?

Саусақ ізіне ұқсайтын арал туралы не білеміз?



Бұрын түрлі ел картасын жануарлардың пошымына ұқсататын әдет бар-тын. Эстония қасқырға, Финляндия китке, Ұлыбритания картасы аждаһа пішіндес еді. Бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауыпты. Жуырда картасүйер қауым Хорватиядағы Адриат теңізінде орналасқан кішкентай аралды тапты. Бір қызығы, картадағы аралға жоғарыдан көз тастасаңыз, адамның саусақ ізіне ұқсайды екен.

Кейіннен белгілі болғандай, аралдың саусақ ізіне ұқсас болуының сыры сол жердегі тастарға байланысты көрінеді, яғни, 23 шақырымға созылып жатқан тас қабырғалар саусақ ізі сынды кейіп беріп, ерекше бейне қалыптастырған. Мамандар мұндай ерекшелік табиғи құбылыс емес, адам қолымен жасалған деген болжамда. Тіпті, қабырғалардың құрастырылған жылын да нақты меңзеп, XIX ғасырға телиді.

Аталған тұспалды аралдың фотосуретінен де анық аңғару қиын емес. Мұнда бір-біріне мінгескен тастар адам қолымен қойылғандай әсер қалдырады. Тіпті, тас қабырғалар жағаға дейін жалғасып, арнайы ізбен орналастырылған.
Жалпы, жергілікті тұрғындар Бальенац аралын ермек үшін пайдаланған секілді. Мұнда қоныстану қолайсыз, егін егуге жайсыз болғандықтан бос аралды барынша пайдалы етуге тырысқандай. Оған қоса тасты қабырғаларды жаңа отырғызған көшеттерді қорғау үшін де пайдаланды деген дерек бар, яғни, теңіздің қатты желінен қорғау мақсатында жас өскіндерге пана есебінде тұрғызған. Себебі мұндағы ауа райы қолайсыз, дауыл. Жайсыз ауа райы кезінде теңіз желі жаңа отырғызған көшетті тамырымен қопаруға қауқарлы.

Алып тастардың тарихы мұнымен бітпейді. Мамандар тастардың тағдыры арал тұрғындарының меншік құқығына да тәуелді дейді. Ғалымдар сөзіне сүйенсек, адамдар өзіне тиесілі жерді таспен қоршаған. Қарапайым тілмен айтқанда, бүгінгі ауланы қоршауымыз секілді үрдіс саналған. Тас қоршаулар арасындағы XVI-XVII ғасырда жасалған қабырғалар сөзімізге дәлел бола алады.

Білесіз бе, мұндай қабырғалар Каприе және Зут аралдарында да кездеседі. Тіпті, егістіктегі осындай қабырғаларды Англия, Шотландия және Ирландия елдерінен де байқауға болады екен. Дегенмен, Бальенац аралындағы тас қабырғалар тығыз әрі биік болғандықтан төбеден тез байқалады. Оған қоса аралдың пошымы да саусаққа ұқсауы қиялымызды ұштап, эстетикалық бейнені елестетуге итермелейді. Көбінің арал суретінен саусақ іздерінің бейнесін көруінің бір сыры осы.

Бальенац аралы жұртшылыққа бұрын беймәлім-тін. Тек саусақ ізіне ұқсас аралдың суреті тараған соң қызығушылар қатары көбейеді. Орналасқан жері, қай елге тиесілі екенін білуге ұмтылғандар саны күрт артқан. Мұны ел билігі де сәтті пайдаланып, саяхатшы-туристерге арналған экскурсия әзірлеген. Кәсіпкерлерге жағдай жасап, аралды жоғарыдан қарауға арналған бағдарлама әзірлеуге мүмкіндік берген. Осылайша, аймақтың туристік әлеуеті дереу өскен көрінеді.

Әрине, турист көп барған орынды қорғау керек. Хорватия үшін бұл арал табыс көзі болғанымен, көрнекі жердің келешегі одан да маңызды. Себебі, туристердің жөнсіз әрекеті салдарынан тас қабырғалар құлап, мүжіліп, аралдың сәні кете бастапты. Осыны қаперге алып, жуырда хорватиялықтар саусақ ізіне ұқсас аралды ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра объекті санатына енгізуге ұсыныс жасады.

Жасақбай СЕЙІТЖАППАРОВ,
Қызылорда қаласы
18 шілде 2023 ж. 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930