Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биылдан бастап блогерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелетін болды

Биылдан бастап блогерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелетін болды


фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Енді блогерлер жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Ал жарнама жасайтындардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі шарт.

Бұл ретте онлайн-платформа иелері мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған ақпаратпен күрес және салықтан жалтару бойынша жұмыс істеуге міндеттеледі. Ол үшін интернет платформаның заңды өкілі белгіленеді. Ал платформаның өзіне пайдаланушылардың санын анықтайтын бағдарлама орнатылады.

Заңға қайшы контент анықталған жағдайда заңды өкілге ол ақпаратты жоюға хабар беріледі. Талап орындалмаса, құзыретті орган онлайн-платформаның қызметін шектеуге құқылы. Ал адам өміріне қауіп төндіретін контент жарияланса, онлайн-платформаның заңды өкілі құқық қорғау органдарына хабар беруге тиіс. Балаға кибербуллинг жасалған жағдайда ондай аккаунттардың бұғатталуы шарт.

Сондай-ақ заңда онлайн-платформалардың интерфейсіне мемлекеттік тілді интеграциялау міндеті енгізілді. Сонда қазақ тіліндегі контент те қадағаланады.

Бүгінде жарнаманың 60 пайызы интернетте жарияланады. Оның көлемі триллиондаған ақша болуы мүмкін. Заң бойынша интернет арқылы табыс табатын блогерлер енді салық төлеуге міндеттеледі. Олар биыл қыркүйек айына дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Сондай-ақ өз парақшасында онлайн-жарнама жариялағанда жарнаманың белгісін қоюға міндетті.

Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске «456-2» деген жаңа бап енгізіледі. Онда онлайн платформа пайдаланушылары мен блогерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Әкімшілік айыппұл сомасы:
  • жеке тұлғалар үшін – 20 АЕК (69 000 теңге);
  • кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 30 АЕК (103 500 теңге);
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері, коммерциялық емес ұйымдар үшін – 40 АЕК (138 000 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 80 АЕК (276 000 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК (345 000 теңге).
Ал құқықбұзушылық 1 жыл ішінде қайталанса, айыппұлдың көлемі 2 есе (тіпті, қамауға алу жазасы қолданылуы да мүмкін) өседі:
  • жеке тұлғаларға – 40 АЕК (138 000 теңге) немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу;
  • блогерлерге – 15 АЕК (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (207 000 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК (414 000 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 АЕК (862 500 теңге).
Еркеғали БОЛАТҰЛЫ
17 шілде 2023 ж. 181 0