«Өнім тапшылығы 8,7 млн тонна болады». Н.Нәлібаев күріштің қымбаттауы мүмкін екенін айтты
фото: ашық дереккөз
2024 жылы күріш қымбаттауы мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айутынша, өңірдегі топырақтың тұздылығы күріш пен жоңышқадан басқа дақылдар үшін қолайлы емес.
Облыс халқының 60%-ы ауылдарда тұратындықтан олардың негізгі табыс көзі – күріш егу. Табиғи климаттың жағдайына қарай күріш өсіру бағыты таңдалған... Бүгінде су тапшылығына байланысты ауыспалы егістегі күріштің орташа үлесі – 50% немесе 89 мың гектардан асырмауға мәжбүрміз, - деді облыс әкімі Үкімет отырысында.
Нұрлыбек Нәлібаев соңғы 2 жылда өңірде суды аз қажет ететін мал азығы және бақша өнімдерінің егіс көлемі ұлғайып, күріш көлемінің 11 мың гектарға қысқартылғанын жеткізді.
«Осының салдарынан өңірде өндірілетін өнімнің көлемі мен халықтың табысы біршама төмендеп, шаруашылықтардың берешек қарызының өсуі және тұзданған егістің жер көлемінің ұлғаюы болды. Республикада күріштің бағасы 25,8%-ға өсті.
Сарапшылар оңтүстік-шығыс Азия елдерінде және Ресейдің Краснодар өлкесінде күріш егістігінің көлемі қысқарып, өнім тапшылығы 8,7 млн тонна болады деп, сондай-ақ дүниежүзілік банктің сарапшылары 2024 жылы күрішке сұраныс артып, бағаның өсетінін мәлімдеп жатыр, - деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, жыл басында күріш көлемін 84 мың гектар шамасында жоспарлағанмен, су тапшылығына байланысты ол 88 мың гектар шамасында егілген. Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі шаруалардың суды үнемдейтін технологияларды пайдалануға көшкенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болса, күріш көлемінің азаймағанын алға тартып отыр.
Күріш бойынша өнім көлемі де азаймайды. Жалпы, еліміздің ішкі нарығы күрішпен толық қамтамасыз етілген. Оның бір бөлігін шетелге экспорттап жатырмыз. Сондықтан күріш тапшылығы мен бағының күрт шарықтауы болмайды.
Шаруалар күрішті уақтылы екті. Осыған байланысты биыл жақсы өнімді болады деп санаймыз. Өнім жақсы болса, күріш бағасының 2-3 есе өсуіне әсер ететін факторлар жоқ», - деді ол.