Зейнетақы реформасының келесі қадамы
Еліміздің зейнетақы жүйесі көптеген метаморфозадан өтті. 1990-2015 жылдар аралығында зейнетақы жүйесі реформаның шамамен бес кезеңін артта қалдырды. Сонымен қатар «қайта жүктеу» мәселесі қайтадан пісіп, бұрынғы барлық өзгерістің тиімділігіне күмән келтіреді. Жеке зейнетақы қорларынан БЖЗҚ түріндегі мемлекеттік монополияға айналдық. Сарапшылар арасында «мәселе ұйымдық формада емес, макроэкономикалық ортамен байланысты», деген пікірдің бәсі басым бола бастады.
Зейнетақы жүйесін реформалау мәселесі дағдарыстан кейін қайта қозғалатыны дәстүрге айналған. Басқаша айтқанда, дәл осындай жағдайда барлық кемшілік су бетіне қалқып шыға келеді. Қазір де мемлекеттік емес зейнетақы қорлары қоржындарының құрылымын тәуекелді бағалы қағаздардан мемлекеттік бағалы қағаздардың пайдасына өзгерту қажеттілігі өзекті болып тұр. Бір кездері бәсі басым болып көрінген тетіктер де инфляциядан жоғары кірісті қамтамасыз етпеді.
Сарапшылар қауымдастығы арасындағы пікірталастың өзегі осы екені қазір белгілі болып қалды. Көңіліндегі көп күмән «Реформасының келесі қандай болады?» деген сұраққа жауап іздеп тұр.
Кейінгі бір жыл ішінде орташа зейнетақы мөлшері небәрі 3 470 теңгеге, 3,3 пайызға өсті. Ал жылдық инфляция 20,3 пайыз. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,55 пайызға дейін төмендеді. Зейнетақы активтерін «Даму» қорының кепілдігімен шағын және орта бизнеске салуға рұқсат етілгені туралы ақпарат қоғамның қызу талқысына түсті, құп көргендер аз болды.
Мың құбылған мүдделер тартысы
ШОБ пен «Бәйтерек» холдингін қолдау идеясы – БЖЗҚ емес, қордың активтерін басқаратын Ұлттық банктің бастамасы. Тәуелсіз сарапшылар мен экономистер қор қаржысын квазисекторға емес, инфрақұрылым жобалары мен экономиканың нақты секторына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, магистралды жол жобасына салу қажеттігін айтады. Энергосекторда, ЖЭО сегментінің бетін тырнап қалса, проблемасы мұңын айтып шыға келетінін Алматыдағы №1, №2 жылу орталықтарына пресс-тур барысында көзбен көрдік. Биік мінберлерден БЖЗҚ қаржысын инвестициялау қажеттігін жиі айтатын топтардың назарына ЖЭО жобалары ілінбей қалатынын да талай рет байқағанбыз. Қысқасы бұл тұста да мүдделер тартысы да, пікір де әртүрлі картинада құбылып тұр.
Экономистердің біразы БЖЗҚ активтерін салатын бизнес көзі әлі қалыптаспағанын, жылдар бойы жиналған ақша мен еңбек оңай күйіп кетуі мүмкін екенін айтады. Экономист-сарапшы Арман Бейсембиевтің айтуынша, шағын және орта бизнеске ақша жіберу абсурд, таратып айтқанда өз-өзіне қол жұмсаумен бірдей. Бізге ойлануға уақыт бар. Зейнетақы ақшасының бір бөлігін басқаруға құқығы бар. Жаңа Әлеуметтік кодекс бойынша жинақтарымыздың жартысына дейін жеке компанияларға аудара аламыз. Жақында Ұлттық банк Зейнетақы активтерінің кірістілігі 914 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. 2022 жылы Ұлттық банк 2,4 трлн теңге сомаға мемлекеттік бағалы қағаз сатып алды. Екінші деңгейлі банктердің облигацияларынан түскен кіріс 18,8 пайызға дейін өсті. Биыл бірінші тоқсанда Ұлттық банк Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына 215 млрд теңге инвестициялады. Портфельдегі валюталық активтердің үлесі 28,4 пайызға төмендеді.
Реформаға дейін «елдің монетарлы ұйымдары зейнетақы активтерін пайдалану тиімділігін арттырудың тиімді тәсілдерін шеше алмай отыр» деген пікір басымдау еді. Инвестицияларды басқару 2014 жылы Ұлттық Банкке ауысты. 2018 жылы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі инфляциядан екі есе асып түсіп, 5,97 пайызға жеткен. Қалған уақытта нақты инвестициялық кіріс инфляцияны әрең жауып, үш жыл бойы кірістің нәтижесі теріс болып келген. 2014 жылғы сәуірден 2023 жылғы қаңтарға дейінгі жиынтық кіріс 116,1 пайыз болған.
Таратып айтқанда, 10 жылдан аз уақыт ішінде зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 0,8 пайызға жетті. Жылдық есеппен есептегенде жылына 0,1 пайыздан аздау. Ал БЖЗҚ өкілдері зейнетақы жинақтары ұзақмерзімді инвестициялар болып табылатынын және кем дегенде бір жыл кезеңге арналған инвестициялық кіріс көлемін талдаған жөн екенін, ал қысқа мерзімді апталық, айлық талдаулар нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты құбылып тұратындықтан, индикативті емес екенін айтады. «Ұзақмерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының кірістілігі қамтамасыз етілетінін атап өтеміз. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған кезеңнен (1998 ж.) 2023 жылғы 1 наурыздағы жинақталған кірістілік есептеу әдісі бойынша 740,12 пайыз болды, осы мерзім аралығындағы инфляция 695,96 пайызды құрады», дейді БЖЗҚ өкілдері
Қоғамды қобалжытқан төмен рентабельділік
Инвестициялық нәтижелердің бұлыңғырлығының себебі әзірге түсініксіздеу. Кей сарапшылар мұны мемлекеттік қорға бірігуіне байланысты мүдделер қақтығысынан көреді. Олардың сөзіне ден қойсақ, мемлекет бір мезгілде зейнетақы қорының иесі және оның реттеушісі бола алмайды.
Кезінде зейнетақы активтерінің мемлекеттік қорға аударылуы себебі оның инвестициялық кірісінің төмендігімен түсіндірілген. Еңбек министрлігі сол кезде біртұтас мемлекеттік қор құру қажеттілігін түсіндірген кезде зейнетақы шоттарының инвестициялық кірістілігін арттырады деп уәде берді. Себебі зейнетақы активтерін ШОБ және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағыттау туралы идеялар да сол кезден бастап айтыла бастаған. Бірақ бұл идея да қағаз жүзінде қалды. 2008–2010 жылдардағы дағдарыс кезінде орта өнеркәсіптік кәсіпорындардың кейбірінің жағдайы қиындап, олардың зейнетақы активтеріне созған қолы діттеген жеріне жетпей қалды. Одан бөлек, нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау рейтингтері жеткіліксіз несиелік эмитенттердің бағалы қағаздарына инвестициялау мүмкіндігін жойды. Тіпті сарапшылардың кейбірі ШОБ қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар көптеген тартымды эмитентті ашық нарықтан бөгеп тастағанын да айтады.
QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың айтуынша, зейнетақы нарығындағы бәсекелестікті дамытатын кез келді. Дамыған нарықтарда зейнетақы активтерін басқаруды бағалау бенчмарк (кірістілік эталоны) арқылы бағаланады. БЖЗҚ активтерін басқарушы үшін кіріс эталонының табысы инфляция деңгейінен жоғары болуы керек. Басқаша болса, мемлекет арадағы айырмашылықты бюджеттен, яғни салық төлеушілер есебінен жабуға мәжбүр. «Өткен жылы БЖЗҚ басқарушысының жалпы кірістілігі инфляциядан асып кеткен жоқ. Зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляциядан тұрақты түрде төмен болса, біз менеджердің жауапкершілігі туралы айтуымыз керек», дейді QAMS өкілі.
Қолданыстағы реттеудің салдарынан зейнетақы активтерін басқарып отырған компаниялардың инвестициялық стратегиясы мемлекеттік бағалы қағаздарын қайтадан сатып алу, сатып алуға басымдық бергені айтылып та, жазылып та жүр. Себебі олардың инвестициялық стратегиясында айырмашылық аз. Баланстарында мемлекеттік облигациялардан өзге кірістілігі жоғары активтер аз. Инфляция мен базалық мөлшерлеменің пайызы төмендесе, мемлекеттік бағалы қағаздар мен депозиттердің кірістілігі төмендейді. Мұндай ортада БЖЗҚ салымшылары аталған қаржы құралдарының кірісіне көңілі толмай басқа балама кіріс көздерін іздей бастайды. Сондықтан жеке компаниялар мен Ұлттық банктің инвестициялық стратегияларының әртараптандырылуы маңызды», деді спикер.
Бұл ретте Темірбаев отандық реттеушінің қор нарығын реттеуде қысым барын да айтып өтті. Оның айтуынша, қаржы нарығындағы кейбір жайттар мемлекеттің банктерге бөлген демеуқаржысына байланысты болып келді. БЖЗҚ дерегінше, 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік бағалы қағаздар зейнетақы қоржынының 65,5 пайызын құрайды. Одан кейін корпоративтік облигациялар – 17,24 пайыз, сыртқы басқарудағы активтер – 10,08 пайыз. Қалған қаражат акцияларға, депозиттер мен РЕПО операциялары, тағы басқа активтердің «армиясынан» жасақталған.
Мемлекет кепілдігінің мүмкіндігі қандай?
Ұлттық банк шығын қаупіне жол бермеу үшін қайтарымына 100 пайыз сенетін инвестициялық үдеріске барғысы келеді. Бұл тұста әңгіме зейнетақы активтерінің кірістілігін инфляция деңгейінде немесе одан сәл ғана жоғары ұстаудың бәсі басым болары анық. Себебі мемлекеттің кепілдігі аз шығынмен орындалады. Ал зейнетақы активтері кірістілігін инфляциядан 5-6 пайыздан жоғары қамтамасыз етудің ауылы әзірге алыстау болып тұр. Сарапшылар арасында зейнетақы активтері бюджет пен квазисекторды, коммерциялық банктердің облигацияларын сатып алатын шағын бизнестің бір тобын асырап отыр деген пікір бар. Іс жүзінде зейнетақы активтерін инвестициялық портфелінің 45-50 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздарға тиесілі екені құпия емес. Осыған дейін мемлекеттік бағалы қағаздар тәуекелсіз құрал ретінде инвесторларға инфляциядан әлдеқайда төмен кіріс ұсынып келген болатын. Бұл инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарына деген қызығушылығын төмендетіп жіберді.
Ал Қаржы министрлігі үшін зейнетақы активтерінің кірістілігін 15 пайыздан жоғары ұстау құны тым қымбат болып тұр. Бірақ сонда да зейнетақы активтері халықтың ағымдағы қажеттіліктері – емдеу және тұрғын үй мәселелері үшін пайдалануға беру туралы шешім шығарылды, облигациялар айналымға шықты. Бұл шешімді зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігі сын көтермейді деген шағымдарға берілген жауап деп қабылдауға болатын тәрізді. Сарапшылар бұл қадамның зейнетақы жүйесіне тигізген кері әсерін, соның салдарынан триллиондаған теңгенің айналымға шыққанын, бұл өз кезегінде инфляцияны көтеріп жібергенін айтады.
Инвестиция үшін ең қауіпті сегмент...
«2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша отандастарымыздың зейнетақы жинақтары 14,1 трлн теңгені құрады, оның 9,2 миллиарды ғана жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруында. Әрбір салымшы қалауы бойынша өзінің жеке кабинетіндегі зейнетақы жинақтарының жай-күйін БЖЗҚ сайтында да, Egov платформасында да тексере алады. Естеріңізге сала кетейік, жинақтаушы зейнетақы жүйесінде зейнетақының жинақталатын бөлігінің төлемдерінің мөлшері салымшының жұмыс істеген уақытында жасаған аударымдарының сомасына байланысты болады», дейді Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары.
Осындай пікірді ҚҚҚ өкілі Ерлан Бурабаев та айтады. Оның айтуынша, азаматтарымыздың арасында дау-дамаймен атын шығаруды ұнататын «диван» мамандары бар, қазір олар зейнетақы қорының ашық еместігін, ол жақта ақшаның мүлде жеткілікті екеніне күмән келтіретінін айтуы мүмкін. Шын мәнінде, зейнетақы активтері мүлдем ашық, кез келген адам БЖЗҚ сайтына кіріп, портфель құрылымын, оның қалай өзгеретінін, зейнетақы активтері қандай қаржы құралдарында тағайындалғанын, барлығын әр теңгесіне дейін көре алады.
Е.Бурабаевтың айтуынша, басқарушы компания рентабельділік бойынша орташа деңгейден 70 пайыздан кем болса, онда салымшылардың шығынын өз қаражаты есебінен өтеуге тура келеді. «Активтерді басқарудың орташа көрсеткіші 10 пайыз, басқарушы компания бар болғаны 5 пайыз болса, онда ол 2 пайызды өз есебінен өтеп, көрсеткіштің 70 пайызына дейін жеткізуі керек. «Ал қазіргі Ұлттық банктің қарамағындағы жүйе бұл табысты қамтамасыз етпейді, яғни Ұлттық банк табыстылықты өтемейді, адам зейнетке шыққанда оны мемлекет өтейді. Жекеменшік басқарушы компаниялардың басқаруындағы көрсеткіштер Ұлттық банк басшылығына қарағанда талапшыл, тіпті консервативті», деп түсіндіреді экономист.
Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, халықаралық нарықта қаржы құралдары мен индекстердің бағасы төмендеді. Бұл, ең алдымен, геосаяси жағдайға байланысты, инфляция өсті, тарифтер көтерілді. Бірақ мұндай құлдырау кезеңдерінің мерзімі тым ұзақ болмайтыны өткеннен белгілі. Бір есік жабылмай, екінші есіктің ашылмайтыны сияқты, құлдырау кезеңінен кейін қалпына келтіру үдерісі басталып, дамыған және тұрақты қаржы нарықтарының бәсі артады. Демек ендігі трендтердің беталысының қандай болатынын жылдың екінші жартысында байқаймыз.