«Күміскеткен» су қоймасы салынады
Қызылордада алдағы жылы Шиелі ауданы аумағында Күміскеткен су қоймасы пайдалануға берілмек. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өңір басшысы көктемгі су тасқыны кезеңінің қорытындысына арналған мәжілісте тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Үстіміздегі жылғы су тасқыны кезеңін шығынсыз өткізе білдік. Оны Сырдария өзені бойындағы су шаруашылығы нысандарында атқарылған қыруар жұмыстың оң нәтижесі деп білеміз. Алайда оған босаңсуға ешбір негіз жоқ. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуіміз шарт», - деді облыс әкімі мәжілісте.
Аймақ басшысы мәжілісте Күміскеткен су қоймасының құрылысын көпке созбауды міндеттеді. Су қоймасы құрылысын 2019 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Әділжан Үмбет