Скверде серуендеп, аллеяларда демалатын күн жақын
Күнделікті қарбалас тірліктің адамды қалжыратып, шаршататыны бар. Сондайда бір мезгіл отырып демалатын жер іздейтініңіз ақиқат. ойыңызды жинақтап, алдағы жұмыстарыңызды жоспарлап алатын осындай сәттерде таптырмас орын болары хақ. Мұндай демалатын әрі серуендейтін орындар қатарының ауданнан бой көтеруі кімді де болса марқайтпақ.
Міне, осы мәселені қолға алған аудан әкімдігі кенттің бірнеше жерінен скверлер салуды ойластырып, осындай игі іс жасаймын деушілерге мүмкіндік беруде. Жергілікті билік осылайша қоқыс алаңына айналған немесе қараусыз жатқан жерлерді көпшіліктің кәдесіне жаратпақ. Ертеңгі күні осы жерде тұрғындар ағаш саясында демалады, серуендейді. Одан кейін ауданға көрік береді. Сондықтан, оның тиімділігі жоғары деуге әбден болады.
Нақты тоқталар болсақ, аудан әкімі Ә.Оразбекұлының тапсырмасымен Шиелі кенті
бойынша скверлер мен шағын парк алаңдарының бірнеше эскиздік жобалары әзірленіп, құрылысына жалпы 2,203 га. жер учаскесі нақтыланды. Жобалардың сметалық құны есептелді. Атап айтсақ, Дәулеткерей көшесі, Бекарыс сауда кешені жанынан, Жайлыбаев көшесі, аудандық емхана жанынан, Абылайхан көшесі бойынан, Бұқар жырау қиылысында көппәтерлі үйлер жанынан, Шәкәрім көшесі, темір жол өткелі маңынан, Тоқтаров көшесі бойынан, Көкшоқы мөлтек ауданы FLY мейрамханасы жанынан, Смайлов көшесі бойынан, Амангелді мен Қалдыбаев көшелері қиылысынан, Ясауи көшесінің бойынан салынатын демалыс орындары жайында естігенде қуанып, қолдамаған жан кемде-кем. Бұл нысандар кіші архитектуралық формалармен, спорт және ойын алаңдары, парктер мен аллея жобасы ретінде бой көтермек. Тіпті, Абылайхан, Жайлыбаев көшесі бойындағы аудандық емхана және «Бекарыс» сауда кешеніне қарама-қарсы орналасқандарының құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу.
Сонымен қатар, ауылдық округтерден салынатын жобалар бойынша Н.Бекежанов және Ш.Қодаманов ауылына 2 аллея жобасы әзірленген. Бидайкөл, Жақаев және Жөлек ауылдарына 3 парктің эскиздік жобалары әзірленіп, ауылдық округ әкімдеріне тапсырылды.
Ендігі кезекте аудан тұрғындары бірегей сәулет өнерінің туындысы болып табылатын орындарды ортақ қазынамыз деп есептеп, оған жанашырлықпен қарап, игілігімізге пайдалансақ игі. Бұлай деуімізге газеттің өткен сандарындағы вандализм көрініс тапқан оқиғалар себеп. Бүгінде қоғамда «пайдасын тигізбесе де, зиянын келтірмей жүрсе болмай ма?!» деген тіркесті көп қолданып кеттік. Сондықтан да құрметті,
аудан тұрғындары, жан-жағымыздағы жақсы істерге тек қолдау көрсеткеніміз абзал.
Дина ЖҮСІПОВА.
Суреттерді түсірген
Е.ДАТКЕНОВ.