Кентке қора қажет пе?
Тақырыпты бұлайша төтесінен бастауымызға
Ясауи көшесінің қос қапталындағы темір қоршау түрткі болып отыр. Мезгіл ауысқан сайын сырланып, сенбілікке шыққандарға қосымша жұмыс болатын бұл қоршау жолаушыларды кімнен қорғап тұр өзі? Жүгенсіз жүрген жылқыдан ба, әлде, тізгіні жоқ танадан ба? Әдетте, кенттің ірі қара малы орталықтағы саябақ, вокзал, орталық алаң, базар маңына жайылады. Иманжүсіп атамыздың ескерткішін көлеңкелеп, айналасындағы жұмсақ жасыл шөбін жеп жүрген қара сиыр Ясауидің қос жағалауынан не табар дейсің?! Бірді айтып, екіге секіріп кете беретін не әдетіміз екен? Қара сиыр мен базар маңындағы қоқыстың жырын осы тұстан тоқтатып, тақырыпқа қарай ойысайық.
Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алматыны «Қоршаусыз қалаға» айналдыратынын айтып, шаһардағы барлық темір қораны алдырып тастаған болатын. Осылайша білімін Берлинде жетілдірген білікті басшы қала тұрғындарымен өткізген есеп беру жиынында алдағы уақытта Алматы қаласын Еуропалық стильде өркендететінін айтты. Содан бері, қала іші қоршаудан тазарып, керісінше ашық, еркін жүріп тұруға жол ашылды. Бұл енді алып шаһар Алматыдағы жасалған жұмыс. Алматы мен Шиеліні салыстырудың өзі мүмкін емес. Ол айтпаса да түсінікті. Дегенмен, осындай игі істерден өзімізге кішкене болса да, қажетті дүниелерді алып, болмасақ та ұқсап бағып жатсақ әбестік болмайтын шығар. Мәселен, біздегі көше шетінде тұрған қоршаулар мен ағаштардың айналасындағы қоралар кентке керемет сән беріп тұр деп айта алмайсың. Керісінше, кейбір қирап жатқан қоралар қоқысқа айналып, қойшы ауылдың кейіпін киіп тұр. Ал, оған жағылатын бояу мен сынып, құлап қалған жерін реттеуге кеткен шығын да аз емес. Осы тұста айтпағымыз, кент әкімдігі осындай қажетке жарамсыз болып қалған қоршаулардың тізімін жасап, орнын ашып, ағаштарын ақтап, тротуарды сол ағаштарға жақын төсеп, шетіне орындықтар қойылса. Жіптей жіңішкеріп жатқан көшеміз де кеңейіп, айналамыз ашылып, тротуарымыз тек адам жүретін жол ғана емес, талдың көлеңкесіне шаршағанда демалатын, кешкілік серуен құратын кішігірім аллеяға айналар еді.
Елдос Айтөреұлы.