Қызылша ауруы өте қауіпті ауру. Ең алғаш рет 1911 ж Андерсон және Гольдбергер атты ғалымдар қызылша қоздырғышы вирус екенін анықтаған. Қызылша ауруының жасырын өту кезеңі 7-28 күн аралығы, орташа 7-10 күн, аурудың басталу кезеңі 3-5 күнге созылады. Нау¬қастың дене қызуы көтеріліп, жоғарғы тыныс жолдары қабынады, құрғақ, қатқыл жөтел пайда болады, мұрнынан су ағып, дауысы қарлығады, ентігу, ауыз-жұтқыншақтың алаулап қызаруы, көздің қызаруы, жасаурауы, іштің өтуі мүмкін.
Бұл кезеңде ұрттың сілекейлі қабығында, кіші азу тістерде, қатты таңдайда, бадамша безде, жұтқыншақтың артқы жағында қызарған дақтар пайда болады. Ал аурудың айқын клиникалық кезеңінде дене қызуы көтеріледі, ағзаның улануы байқалады. Денеде бір-бірімен қосылған анық қызыл бөртпелер пайда болады. Бірінші күні бетке, құлақ артына, мойынға, кеу¬денің жоғарғы бөлігіне, екінші күні кеудеге, қолдың жоғарғы жағына, ал үшінші күні қол мен аяққа тегіс қаптап бөртпелер шығады. Үшінші күннен кейін бөртпелер біртіндеп қайтады, теріде дақтар қалады. Аурудың айналасындағыларға бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн, онан кейін төрт күн ішінде ауру жұғу қаупі жоғары. Сондықтан белгілер байқалған бойда тез арада дәрігерге көріну керек. Себебі, қызылшаның асқынуы өкпенің жедел қабынуы, құлақ естімей, көз көрмей қалуы, мидың жедел қабынуы секілді өмірлік ағзалардың зақымдануына әкеледі. Ең қиыны қызылшаның арнайы бекітілген емі жоқ. Аурудан сақтанудың ең тиімді жолы және негізгі қорғану тәсілі – ауруға қарсы ектіру. Ұлттық күнтізбеге сәйкес 1 жас және 6 жаста егу жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда маман ретінде халықты ауырып жол іздегенше ауырмаудың жолын жасауға шақырамын. Қызылшаға қарсы екпе сізді және сіздің жақындарыңызды қауіпті дерттен міндетті түрде сақтайды!
Омарова К.М. Сұлутөбе ДА-ның
жалпы тәжірибелі мейіргері