Қызылша – дене қызуымен басталады
Қызылша – қазіргі таңда ең жұқпалы аурудың бірі болып табылады. Бұл 100 пайыз жұқпалы ауру, яғни, бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланысқа түссе, аурудың жұғу қаупі жоғары болады. Міне, сондықтан инфекция ошағында вакцина және эпидемияға қарсы шараларды жасауды қатаң сақтау өте маңызды.
Ауру себептері
Инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Вирустың таралуы сыртқы ортаның тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлары белгілі. Инфекция көзі- ол айналадағыларға 2 күн инкубациялық кезеңнен 4-ші күнгі бөртпелер шығып ауырған адам. Ал, 5-ші күнгі бөртпелері бар адам жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін қызылшамен ауырмайды. Өйткені, осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін.
Қызылшаның белгілері
Аурудың инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды,ол суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе конъюктивиттің (көздің шырышты қабығының қабынуы) пайда болуы. Шамамен бірінші белгілердің шыққанынан 24 күннен кейін беттің шырышты қабығының (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсап кететін дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40.5 температураға қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.
Ж.Шохаева,
эпидемиолог.