Қатты желден қанша залал келді?
«Сәуір болмай, тәуір болмас» деп жүргенде осы айдың алғашқы күндері қолайсыз басталды. Облыстың басым бөлігінде екпінді жел соғып, кей бөлігінде шаңды дауыл тұрды. Қатты желдің салдарынан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатырлары ұшып, қауіпті жағдай туындады.
«Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жөкелованың айтуынша, 31 наурыз-3 сәуір аралығында өңірде суық антициклонның салдарынан шаңды дауыл мен екпінді жел болды. Жел жылдамдығы секундына 18-23 метр, кей жерлерде 23-28 метрге дейін жеткен.
– Қолайсыз табиғат құбылысына байланысты төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дабылды ескерту жасады. Сондықтан біз тұрғындардан хабарламаларға мұқият назар аударуын сұраймыз. Мұндай ауа райы алдағы бір-екі күнде сақталады деп күтілуде. Одан кейін желдің беті қайтып, қайтадан қалыпқа түседі. Ауа райы 18-23 градус аралығында жылынып, оңтүстік аудандарда 28 градусқа дейін көтеріледі. Сондай-ақ сәуір айында өткінші жаңбыр мен найзағай күтілуде, – деді Ә. Жөкелова.
Қатты жел салдарынан облыста 24 нысанға зақым келген. Олардың ішінде 7-і – білім беру, 9-ы – әкімшілік, 3-і – мәдениет ғимараттары болса, 2-і – көпқабатты, 3-і – жеке тұрғын үй.
– Қазір келтірілген залал мөлшері есептелуде. Бұл мақсатта қала және аудан әкімдіктері жанынан арнайы комиссиялар құрылған. Алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары жасалады, – деді облыс әкімі аппараты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бөлімінің басшысы Ағайша Сматова.
Ал «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбай Ізтілеуовтің айтуынша, электр желілерінде ақаулар болды. Бағаналар құлап, соның салдарынан жарық өшіп қалды.
– Олардың барлығы қазір қалпына келтірілді. Бұл бағытта арнайы бригадалар уақытпен санаспай жұмыс жасады. Қазір электр желісінде ешқандай ақау жоқ. Жарық қалыпты деңгейде тұтынушыларға жеткізіліп отыр, – деді Н.Ізтілеуов.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»