Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талдықорғанда Абайға арналған ескерткіш ашылды

Талдықорғанда Абайға арналған ескерткіш ашылды

Абай

Бүгін Ұлыстың ұлы күнінде Талдықорғанда Ұлы Абайға арналған ескерткіш ашылды. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы, ескерткіштің тұғыры гранит пен мрамордан дайындалған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры — 5,3 метр, мүсіні — 3,6 метр. Ескерткіштің сәулетшісі — Қазақстанның құрметті құрылысшысы, ұзақ жыл Сәулетшілер одағын басқарған сәулетші Ақмырза Рүстембеков. Мүсіншісі — Мейірлан Әзмағанбетов. Ол бұған дейін Талдықорғандағы Сүйінбай Аронұлының, Ғали Ормановтың, Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштерін, "Аялы алақан" композициясын жасаған.
Облыс әкімі қоғамның қай тақыбыры болсын өз шығармашылығында кеңінен қамтыған қайраткер ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің маңызы әлі күнге өзекті екенін тілге тиек етті.
"Халықтың мүддесінен, көптің мақсат-мұратынан туындаған сол тақырыптар әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қайта ондағы адамгершілік құндылықтар, мораль философиясы, толық адам ілімі жыл өткен сайын жаңғырып, заман озған сайын жаңа қырлары ашылып жатыр. Қазақстанның жаңа дәуірін жасап, әділетті қоғам құру барысында біз тағы да Абайға жүгінеміз. Ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек әрқайсысымызға  аса қажет екенін ұғынамыз. Осы үш асыл қасиеттің адамды алға жетелейтінін, ақиқатқа бастайтынын түйсінеміз. Абай қазақпен бірге жасайды. Оның шығармалары бүгінгі қоғамға ғана емес, келешек ұрпаққа да рухани нәр беріп, терең тағылымын танытатыны анық", — деді Бейбіт Исабаев.
21 наурыз 2023 ж. 201 0