Сайлау: Қызылорда облысында 590 кандидат сәйкестендіру туралы құжат алды
Қызылорда облысында Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттығына 590 кандидат сәйкестендіру туралы құжат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Парламент Мәжілісіне облыста бір мандаттық ретінде белгіленген №21 сайлау округіне барлығы 15 үміткер құжат ұсынған. Оның ішінде 10-ы өзін-өзі, қалған бесеуі қоғамдық бірлестік, «Ауыл», ЖСДП, «Аманат» және «Ақ жол» партиясы атынан.
«Қазір үміткерлердің құжаттары тиісті заңдылықтарға байланысты зерттелу үстінде. Оларға әзірше сәйкестендіру құжаты берілген. Тапсырған құжаттары талапқа сай келсе, олар сайлауға үміткер ретінде қатыса алады. Партиялық тізім арқылы облыстық мәслихат депутаттығына 6 саяси партиядан 67 кандидаттың ұсыным құжаты қабылданды. Бір мандаттық аумақтық сайлау округінде 58, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын сайлауға 450 кандидат ұсынылған. Орташа есеппен бір мандатқа 3 адамнан келеді. Ең үлкен бәсекелестік ретінде №4, 6, 16 округтерде 5 адамнан келіп отыр.
Ең жас кандидат 2002 жылғы болса, ең ересегі 1958 жылғы азамат», – деді облыстық сайлау комиссиясынан.
Еске салсақ, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.