Үміткерлерді тіркеу басталды
Сайлау науқанына қатысуға ниет білдірген саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырып жатыр. Кеше Орталық сайлау комиссиясына «Ауыл» партиясы құжат өткізді. Тиісті құжатты ОСК аппаратының қызметкерлері қабылдады. Ал бұдан бір күн бұрын ОСК «Қазақстан Халық партиясы», «Ақ жол», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия», «Байтақ» партиялары құжаттарын тапсырған.
«Ауыл» партиясы Мәжіліс сайлауына 25 кандидат ұсынып отыр. Комиссия қызметкерлерінің айтуынша, ондағы жастардың үлесі талапқа сай келеді. Бұған дейін партияның екі кандидаты өткен жылы Президент сайлауына, сондай-ақ 7 мүшесі 2021 жылы Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысқан. Осы жолы ұсынылған 25 кандидаттың 15-нің аграрлық білімі бар.
– Кандидаттар тізімі партиямыздың съезінде бекітілді. 25 үміткердің 6-ы әйел, 3 жас кандидат және инклюзивті қоғамның бір өкілі бар. Заңдық тұрғыдан алғанда барлық талаптарға сай келіп тұрмыз, квота 36 пайызға орындалды. Кандидаттарымыздың орта жасы 43 жасты құрайды, ең жас кандидатымыз 25 жаста. Алдағы сайлауға үмітіміз зор, талабымыз да жақсы. Біздің партиядан 237 адам мәжіліс депутаты болды, – деді «Ауыл» ХДП төрағасының орынбасары Анас Баққожаев.
Сондай-ақ бұған дейін орталық «Қазақстан Халық партиясы», «Ақ жол», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» және «Байтақ» партияларының құжатын қабылдаған еді. «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашевтің айтуынша, партиядан партиялық тізім бойынша – 54, бір мандаттық округ бойынша 24 кандидат ұсынылған.
– Саяси партиялар негізі келесі сайлауға дайындықты өткен сайлаудың ертеңінен бастаулары керек. Біз осы қағиданы ұстанып, қажетті жұмысты бастап кеттік, ендігі сайлауға дайынбыз, – деді Азат Перуашев.
Азат Перуашевтің өзі партиялық тізім бойынша кандидаттыққа ұсынылып отыр және әр партия жетекшісі дәл осылай әрекет етуі тиіс деп есептейді. Бір мандатты округ бойынша «Ақ жолдан» үміткерлер арасында Ақмола облысынан Меруерт Қазбекова және Павлодар облысынан Фуат Сатыбаев секілді БАҚ өкілдері де бар. Партиялық тізімде жас кәсіпкерлер де табылды, ең жасы 25-тен енді асқан.
– Әрине, біз тәжірибелі депутат ретінде саяси аренада өзін танытып үлгергендерді ғана ұсынбаймыз. Міндетіміз – жаңа көшбасшыларды жетелеу, сондықтан жаңа тұлғалардың саны айтарлықтай көп болады. Жалпы, жастарды дәріптеп жатқанымыз – жеке қалауым ғана емес, заң талаптарына да сай келіп тұр. Біз жастарға, әйелдерге және мүгедектерге арналған 30 пайыздық квотаны толық орындап тұрмыз. Айта кету керек, бұл квота 5 және 6-шақырылымдарда енгізілгенге дейін Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының 40 пайызға жуығын әйелдер құрады, – деді партия жетекшісі.
Сонымен қатар «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» атынан құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына партияның саяси бірлестігі орталық аппаратының жетекшісі Талғат Омаров тапсырды.
– Біз ЖСДП-дан Мәжіліске кандидаттардың тізімін саналы түрде түздік, барлығы – 19 адам. Мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға алты кандидат – Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Ақмола облыстары мен Алматы қаласынан қатысады. Олар құжаттарды учаскелік комиссияларға тапсырды, – деді ол.
Талғат Омаров ЖСДП ауыл тұрғындарының мәселелерін көтеріп, бұл сұрақтарды шешуге бар күш-жігерін салып жатқанын атап өтті. Айтуынша ауыл тұрғындары Парламент деңгейінде шешуді қажет ететін мәселелер бар екенін түсінеді. Сондықтан құрамында танымал тұлғалары бар партия сайлаушылардың қолдауына үміт артады. Сондай-ақ ол өткен сайлауларға қатыспауының себебін айтып өтті.
– Партияның өткен сайлауға қатысудан бас тартуының басты себебі – сайлау заңнамасының жетілдірілмегендігі. Бізде сенімсіздік болды, өйткені сайлау учаскелерінің барлық хаттамаларын жариялау туралы ұсынысымыз еленбеді. Қазір өзгерістер енгізілді, әрине, біз қалағандай емес. Бірақ заңнамада әлі де шикілік бар, одан әрі жетілетініне үміттенеміз. Ал біз Парламентте өкілдік етсек, бұл үшін бар күшімізді саламыз. Онда электоратымыздың мүддесін білдіру үшін күресетін боламыз, – деді ЖСДП өкілі.
Ал «Байтақ» жасылдар партиясының үміткерлер тізімін ұйым төрағасы Азаматхан Әміртай тапсырды. Мәжіліс сайлауына кандидаттардың 18-і – партиялық тізім, төртеуі бір мандатты округтер бойынша қатысады. «Байтақтың» саяси бірлестік ретінде құрылғанына екі ай ғана болғанымен, «жасылдар» 2015 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Олар басты назарды Арал, Семей, Қазақстанның батысындағы жер қойнауын пайдалану қалдықтары проблемасын шешуге аударып келеді. «Байтақ» партиясы көмірқышқыл газының нөлдік шығындыларына қол жеткізу үшін үлкен күш салуды жоспарлап отыр. Азаматхан Әміртай бастапқыда 43 партия мүшесінің тізімі қаралғанын айтты. Бірақ соңында олар тек 18-ін қалдыруды ұйғарған.
– Негізгі мәселе – қаржыландыру, сондықтан шығындарды азайту туралы шешім қабылданды. Соңғы жеті жылда партияны өз қаражатымнан қаржыландырдым. Осы күнге дейін демеуші таппадық, мемлекет ақшасына қол жеткізбедік. Өзім Астана қаласындағы бір мандатты округтен Мәжіліс сайлауына қатысамын, құжаттарымды тапсырып қойдым, – деді Азаматхан Әміртай.
Айта кетейік, партияның үміткерлері Қызылорда, Түркістан облыстары, Алматы және Астана қалаларындағы бір мандатты сайлау округтері бойынша да ұсынылып жатыр.