«Асыра сілтеп», аллеяда «адасты»
Жадымызды жаңғыртып, ұлттық кодымызды ұмытпай, ұлыларымызды ұлықтайық деп «Даңқты азаматтар аллеясын» салдық. Елге еңбегі сіңген ерлерді насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі етсек дедік. Кент келбетін арттырып, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұның барлығы – ел, халық игілігі үшін. Абаттандыру, көркейту, көгалдандыру сауапты іс десек, сауапты іске атсалыспасақ та жасалған дүниеге жанымыз аши қарасақ игі еді. Олай дейтініміз, аллеяның астаң-кестеңі шыққанының куәсі болдық.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы үлкен жиындар мен орталарда жастардың жүгенсіздігі, күн ауа кафе торуылдап есі кете ішіп, елес қуғандай көлік айдауын сынға алып, әркез айтып келеді. Күнұзақ кетпен шаппай-ақ, таң атқанға дейін шарап ішіп шаршап үлгіретін кей жастарымыз өзінің өмірімен қоса өзгенің өміріне де балта шауып, қоғамдық орындарды қиратып жүр. Бұған дейін жол жиегіндегі қоршауларды, көше бойындағы белгілерді, аялдамаларды қиратып жүргендерге шошына қараған едік. Ал, бұл жолғысы тіптен сорақы болды. Орталық алаңдағы аллеяның астаң-кестеңін шығарған кент тұрғыны 1991 жылы туылған Р.Д. есімді азамат мас күйінде көлік тізгіндеуі салдарынан сондағы орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қиратқан. Таңғы сағат 4-тер шамасында аллеяда аласапыран қылып жүрген «ГАЗель» соқтығысқан көліктерді тасымалдайтын эвакуатор автокөлігі екен. Енді, оның өзіне осындай қызмет ұсынушы керек болды. Аллеяға асығып не адасып емес, асыра сілтеп ішімдік ішіп, көлік тізгініне ие бола алмай кірген азаматтың үстінен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілуде дейді АІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары Дәурен Өмірбеков.
Аузы дуалы ақсақалдардың айтар ақылы, зілі қабағында тұрған әкелердің тыйымы қалмаған ба бұл күнде. «Қой дейтін қожасы» жоқ жасөспірімдер де еркін есіруде. Газетіміздің №18 санында вандализм төңірегінде сөз қылып, мәдени сауатсыздықтан сақ болуға шақырған мақала жарық көрген болатын. Жүрген жерімізге шөп шығармай кеткеннен, басқан қадамымызға гүл бітіріп жүрген әлдеқайда абзал болмақ. Әсілі, сауапты іс жасамасақ та, жасалған игі іске көлеңкемізді түсірмей, зиянымызды келтірмей жүргеніміз жөн болар.
Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.