Кәсіпкерлікті қолдау қай деңгейде?
Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасында жергілікті бизнесмендер монополист компанияға қарсы наразылықтарын айтты. Петропавлдағы көпқабатты үйлердің астында дүкені, дәмханасы немесе қызмет көрсету орны бар бизнесмендер «Севказэнергосбыт» ЖШС-ның жылу үшін жіберген хабарламасымен келіспейтінін жеткізді.
Кәсіпкерлердің айтуына қарағанда, жылу ақысы бұрынғыдан екі есеге жуық негізсіз қымбаттап кеткен. Олар тарифтің өзгермегенін және жылыту алаңдарының сол қалпында екенін, ендеше ақының неге бұлай көбейіп кеткеніне наразылықтарын айтты. Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев та кәсіпкерлердің талабы орынды екенін білдірді. «Біздің ойымызша, монополист компания нысанның 1 шаршы метріне тиесілі коэффициентті дұрыс қолданбай, ақыны негізсіз көтерген», дейді ол.
Кәсіпкер Елена Игнатенконың айтуынша, кеңсе үшін жалға алған нысанының көлемі үнемі 84 шаршы метр болған, ал жылу ақысын есептегенде биыл оны 198 шаршы метрге бір-ақ көтерген.
«Мен өзім заңгермін. Біз тек тұтынған жылу үшін ғана ақша төлеуіміз керек. Барлық келісім құжаттарында осылай жазылған. Менің кеңсемде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Қосымша, жылу батареяларын қосқан жоқпын. Барлық төлем парақтарын сақтап жүремін. Былтыр желтоқсан айында 7 гигакалорияға ақша төледім. Ал 2021 жылы 3 гигакалорияға төледім. Тарифте еш өзгеріс болмаса, хабарламадағы жылу құны неге өсіп отыр?», дейді ол.
Жиналғандардың айтуынша, бұл істі «Секазэнергосбыт» ЖШС өздеріне қосымша табыс табу мақсатында негізсіз жасап отыр. Кездесуге шақырылған серіктестік директоры Мағауия Сағындықов бұл пікірмен келіспейді. Өздеріндегі жаңа өзгерістерге сай монополист компания үйлердің астыңғы қабатында орналасқан кәсіпкерлік нысандарына берілетін жылудың ақысын енді тұтынған жылудың мөлшеріне емес, алаңның көлеміне баса назар аудару арқылы есептейтін болыпты. Кәсіпкерлер болса бұл жаңашылдықтан бейхабар болып шықты.
«Жаңа өзгеріс 2019 жылы қабылданды. Ал біз оны нормативтік құқықтық актіге сай тек өткен жылдың сәуір айынан бастап іс жүзінде қолдана бастадық. Бізден келіп сұраған кәсіпкерлерге осыны түсіндірер едік. Алайда ешкім сұрақпен келген жоқ. Кәсіптік нысандарға кәдімгі үйлерге қарағанда жылу көбірек беріледі. Біз министрлік бекіткен «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» №90 бұйрығына сәйкес жұмыс істейміз. Бұл еліміздің барлық өңіріне қатысты», деді М.Сағындықов.
Алайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің наразылығын тудырған есептеудің бұл түрі басқа өңірлерде қолданылмайды екен. Сондықтан олардың наразылығын тудырған бұл мәселе әлі бір шешімін тапқан жоқ. Түйткіл сот алдында шешілгенше тарқай қоймайтын секілді.
Жалпы, облыстың Кәсіпкерлер палатасына өткен жылы бизнесті қорғау бойынша 105 өтініш түсіп, оның 36%-ы оң шешімін тауыпты. Ақшаға шақсақ 2020-2022 жылдар аралығында кәсіпкерлердің құқықтары 804 млн-нан аса теңгеге қорғалған. Түскен өтініштердің ішінде қаржыландыру проблемалары – 20%, жер бөлу – 16%, салық қатынастары бойынша – 15% және мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті мәселелер 12% үлес алып, кәсіпкерлерді алаңдатқан.
Облыста кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес белсенді жұмыс істеп жатыр. Оның жұмысының нәтижелері бойынша 2022 жылы 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Республикалық деңгейдегі 9 кедергі, жергілікті деңгейдегі 9 кедергі қаралып, соның ішінде барлығы 6 мәселе шешілді.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы шеңберінде Петропавл қаласы мен аудан орталықтарындағы филиалдардың қасынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің 14 орталығы ашылған. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Бекеевтің айтуына қарағанда бұл орталықтар 2022 жылы жаңа бастаған кәсіпкерлерге 8 907 кеңес берген. Сондай-ақ айрықша клиенттерге 490 қолдау білдіріліпті. Белгіленген меже 472 екен, жоспар 104 пайызға орындалған.
«Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан 5 онлайн тапсырыс берілген. Осындай жобаларды іске асыру барысында 2,5 млрд теңгенің 152 жобасы іске асырылып, 412 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Облыстағы «Атамекен-Қызылжар» микроқаржылық ұйымы 2022 жылы 197 өтінімді мақұлдап, 1 млрд 132 млн теңгенің қаражатын бөлген. Оның 80 пайызы инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, олар техника мен жүк және жолаушы тасымалдайтын автокөліктер сатып алуға, ҚКС, медициналық кабинеттер, кафе, дүкендерге жабдықтар алуға, құрылыс материалдарын өндіруге, мал шаруашылығы мен құс өсіруді дамытуға жұмсалған.
Кәсіпкерлер палатасының айналысатын тағы бір үлкен саласы – адам капиталын арттыру, жұмысқа тұру проблемаларын шешуге көмектесу. Бұл істе айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді деп айту қиын. Облыстың өндіріс ошақтарында жұмыс қолы әлі де жетіспейді. Мәселен, тек былтырғы сауалдамаға қарағанда жұмыс берушілер өздеріне 2 481 маманның жетіспейтінін айтқан. Осыны жою жолында Кәсіпкерлер палатасы үлкен нәтижеге қол жеткізбесе де өздерінің үлесін қосуға тырысып келеді. Дуалды оқытудың жол картасы бойынша 274 кәсіпорын мен 21 колледж 1 214 үшжақты (кәсіпорын-колледж-студент) келісімшартқа отырғызылды.
Оқу орталықтарының тіркеліміне 19 мекеме қарайды, соның ішінде 8-і кәсіпорындарда ашылды. Олар 93 түрлі жұмысшы мамандар дайындай алады. Бүгінге дейін оларда 325 тыңдаушы өтті. Палата өңірдің ерекшелігін ескере отырып, агроқұрылым саласының мамандарын дайындауға ерекше көңіл бөліп отыр. Былтыр агроқұрылымдарда 42 онлайн семинарлар өткізіліп, оған 375 адам қатысты. Бүгінге дейін облыстың 8 сүт-тауарлы фермалары, 5 құс фабрикасы, 2 ет өңдеу кәсіпорындары арнаулы комиссияның оң қорытындысын алған. Бұл оларға мемлекет тарапынан субсидия алуда қолдау болады.