БАЛА БОЛАШАҒЫНА БӘРІ ЖАУАПТЫ
Әлқисса. Біріккен ұлттар ұйымының бала құқықтары жөніндегі декларациясында «Бала туғанға дейін де, туғаннан кейін де ақыл-есі жетілгенше ата-анасының, қамқоршысының тарапынан қамқорлықта болуы тиіс» деп дөп жазылған. Қазақ халқы мұны «Бала – адамның бауыр еті» деген бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген.
Бірақ қазіргі ата-аналардың кейбірі ұл-қызының тәрбиесіне, келешегіне жауапкершілікпен қарайды деп айта алмаймыз. Себебі ел аман, жұрт тынышта қаншама бала абайсызда мертігіп, терезеден құлауда. Жол апатында зардап шегіп, көшеде бақылаусыз жүруде. Керек десеңіз, балалардың тамақтануы да проблемаға айналып отыр. Қазір елімізде әрбір төртінші балада семіздік белгілері байқалуда деп дабыл қағуда. Қызылорда да бұл 2-4 процентті көрсетуде. Ең сорақысы, үйінен қашатындардың, ерте жүктіліктің де саны артуда. Қайтпек керек?
Бірақ қазіргі ата-аналардың кейбірі ұл-қызының тәрбиесіне, келешегіне жауапкершілікпен қарайды деп айта алмаймыз. Себебі ел аман, жұрт тынышта қаншама бала абайсызда мертігіп, терезеден құлауда. Жол апатында зардап шегіп, көшеде бақылаусыз жүруде. Керек десеңіз, балалардың тамақтануы да проблемаға айналып отыр. Қазір елімізде әрбір төртінші балада семіздік белгілері байқалуда деп дабыл қағуда. Қызылорда да бұл 2-4 процентті көрсетуде. Ең сорақысы, үйінен қашатындардың, ерте жүктіліктің де саны артуда. Қайтпек керек?
Күн тәртібіндегі бұл мәселе «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кеңестің алғашқы отырысында қаралды. Ол сәрсенбі күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтті. Келелі жиынға облыс әкімі Н.Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, қала, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары және селекторлық режимде аудандық қоғамдық кеңес өкілдері, білім саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты. Ал оған ауданның түрлі сала ардагерлері мен қызметкерлері мәжіліс залында «ZOOM» қосымшасы арқылы байланысқа шықты. Мақсат – өскелең ұрпақты жан-жақты дамытып, толыққанды тұлғаны қалыптастыру.Кеңес модераторы, облыстық «Аманат» партиясының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Наурызбай Байқадамов жаһандану дәуірінде әр халық, әр ұлт үшін дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалудың зор маңызын атап өтіп, осы ретте отбасылық тәрбие ерекше рөл атқаратынын айтты.
Қазақта «Қозысында уызға тоймаған, тоқтысында түртінуді қоймайды» деген тәмсіл бар. Сол секілді сәбиінде уызға жарымаған ұрпақтан ел қамын ойлайтын азамат шықпайтыны әмбеге аян. Расында, көзін ашқалы жоқшылық қамытын киіп, аш құрсақ өскен баланың болашағы да бұлыңғыр. Әр бала балалық дәуренін бақытты өткізуге құқылы. Ең бастысы – олардың тамағын тоқ, киімінің көк болып, сапалы біліммен қамтамасыз етіп, денсаулығын сақтау. Міне, сонда ғана өзінің жасына сай дамиды әрі қалыптасады. Бұл өте ауқымды кешенді жұмыстар мен мекемеаралық интеграциялық байланыстарды талап етеді.
Өкінішке қарай, біздегі мемлекеттік мекемелердің мәліметтер базасы интеграцияланбауы себепті тұрмысы төмен отбасылар қараусыз қалып қоюда. Бұған кінәлі бір емес, бірнеше мекеме: денсаулық сақтау ұйымдары, білім беру мекемелері, әлеуметтік құрғау саласы, жергілікті учаскелік полиция мен ювеналды полиция өкілдері және бала құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар. Сонымен қатар ата-ананың да өз жауапкершілігін дұрыс атқармауы және өз құрсағынан шыққан баланың өміріне салғырттықпен қарауы да себеп.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кездесуге аймақ басшысы ғана емес, әке ретінде ашық пікірлесу үшін келгенін айтып, өңірде балалар үшін атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы өткен жылды «Балалар жылына» арнап, айрықша маңыз берді. Мерейлі жылы жеткіншектерімізге бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлуге, асқақ армандарына басқан қадамдарын демеуге күш салдық. Бүлдіршіндерге тарту ретінде аймақта демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңын пайдалануға бердік. Тек қаланың ортасында ғана емес, шеткері аймақтарда да ойын алаңдары салынды. 2022 жылы 19 балабақша ашылды. Өткен жылы 6 мектеп тапсырып, 2 апатты білім беру ұйымының мәселесін шештік. Жалағаш ауданында 250 орындық заманауи Оқушылар үйін ел игілігіне табыстадық. Үкімет басшысының Сыр еліне сапары барысында 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық «физика-математика» бағытындағы мектеп-интернат, көпсалалы спорт кешенін салу жобасы қолдау тапты. Биыл «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылордада заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастайды. Алдағы жаңа оқу жылының қарсаңында 150 орындық екі мамандандырылған мектеп дарынды балаларды қабылдайды, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, алдағы 3 жылда 64 балабақша ашу жоспарлануда. Осылайша 11 мыңға жуық бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады.
Бұған қоса биыл Жаңақорған, Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында 940 орындық 4 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Ел Президентінің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынады. Жалпы құны 100 млрд аса теңгені құрайтын бұл білім саласындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жоба. Аймақта жеке мектептердің де үлесі артуда. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдірді. Өркенді өңірдегі жетістіктерді саралаған шаһар басшысы қоғамда белең алған интернетке тәуелділік, құмар ойынға салыну, оқушылар арасындағы әлімжеттік және өзге де мәселелердің кемшін тұстарды жіпке тізгендей айтып, облыс әкімі тиісті басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне балалардың бос уақытын тиімді өткізу және оларды толыққанды әлеуметтендіру іс-шаралар кешенін қолға алуды тапсырды.
Білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет тарқатып айтты. Балалардың бос уақытын қамту бағытында өңірде жалпы 61 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы, мектеп жанында 2170 спорттық секция және 1942 үйірме жұмыс істейді. Онда 156 764 бала қамтылған. Оқушылар қауіпсіз ортада өмір сүруі мақсатында аймақтағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылып, 170 мектепке полиция бөлімшелеріне қосылатын дабыл түймесін орнату үшін 97 млн теңге бөлінді. Барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймесінің іске қосылуы осы жылы толықтай шешімін тапты.
Қазіргі таңда кәмелетке толмаған жастардың арасында қылмыс, топтық төбелес, қыз бала арасындағы әлімжеттік, кибербуллингтің белең алуы тәрбие жұмыстарының әлсіз тұстарын көрсетуде. Кәмелеттік жасқа толмаған жастардың, студенттердің жасаған қылмыс пен құқықбұзушылықтың саны 36 процентке төмендепті. Дейтұрғанмен, жасөспірімдердің тәрбиесіне бос қарауға болмайды. Топтық төбелес, суицид, ерте жүктілік пен зорлық-зомбылықтың көріністерін барынша жоюға тырысу керек. Айта кетерлік бір жайт, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстың барлығы да сабақтан тыс уақытта орын алыпты. Демек, бұл жерде ата-аналардың қадағалауы мен бақылауы жеткіліксіздігі байқалады. Кәмелетке толмағандардың арасында өткен жылы 12 айдың қорытындысы бойынша 8 аяқталған суицид тіркеліпті. Ол Арал, Жаңақорған, Шиелі, Қызылорда, Сырдария аудандарында орын алған. Және 5 ұмтылыс жағдай Қызылорда қаласы мен Шиелі аудандарында болыпты.
Жоғарыда 8 жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсағанын ескерсек, ата-аналарға жауапкершілікті күшейту керек деген ой туады. Өйткені олар бала тәрбиесіндегі салғырттығы үшін әкімшілік жазаны ғана арқалап, айыппұл төлеп, құтылып жүр. Ата-ана жауапкершілігін арттыру үшін жазаны қатаңдатқан дұрыс сияқты. Себебі бала болашағы бәрінен қымбат.
Қоса кеткен жөн, облыс халқының 39 проценті балалар. Сонымен қатар 24 315 бала көпбалалы, 30 994 аз қамтылған отбасында тәрбиелену үстінде. 6711 баланың мүмкіндігі шектеулі, 797-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған.
– Сыр өңірінде халық саны 832 488 болса, оның 326 373 немесе 39%-і бала. Республикалық статистикаға сүйенсек, жыл сайын облыста 5000-ға жуық отбасы құрылады, 2000-ға жуығы ажырасады. Толық емес отбасында 16 636 бала тәрбиеленеді, – деді балалар құқығы мәселелері бойынша өңірлік уәкіл Жапырақ Ұзақбаева.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ