Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛ ЖӨНДЕЛСЕ, ІСКЕ СЕП

ЖОЛ ЖӨНДЕЛСЕ, ІСКЕ СЕП

Ауданда жол мәселесі тұрақты назарда. Әр жылы кент орталығында және елді мекендерде көшелер асфальттанып жатыр. «Жаңбырлы күні көшеде жүру мүмкін емес» деген базына әңгіменің ауылы алыстады. Өйткені, аудан төңірегіндегі үлкен көшелер ғана емес, тұйықтардың өзі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Жауынды-шашынды күндері, көктем мен күз мезгілінде жүргіншілер лай-батпаққа батып, әбден әуре-сарсаңға салынса, жаз айларында сапасы сын көтермейтін жолдан шығатын шаңнан құдды бір тұманның арасында жүргендей күй кешуші еді. Бұндайда көлік тізгінін ұстаған жүргізушілердің шегетін азабымен қоса, темір тұлпарларының да сұрқы қашатын. Жүргізушілер діттеген жеріне зорға жеткенімен, темір тұлпарының қосалқы бөлшектері сыр беріп, жөндеуден өткізуге тура келетінін жиі естіп келдік. Бұл қалтаға салмақ салып, жүйкеге ши жүгірткендей әсер етері де жасырын емес. Ал, елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілікке өшпес нәр беріп жатқан күре жолдардың қадір-қасиетін оның бейнетін тартып жүрген тұрғындардан артық ешкім біле қоймас. Оның үстіне жолдың сапасы адам төзгісіз болса, шоқырақ аттың үстінде келе жатқандай жайсыз күй кешеріңіз айтпаса да белгілі.
Ал, бүгінде көпшіліктің қабырғасына аяздай батқан аудандағы осы бір түйткілдің түйіні біртіндеп шешіле бастаған сыңайлы. Жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізуге аса мән берілуде. Шұғыл түрде жөндеуді талап етіп келген аудан жолдарының жағдайы бүгінгі күні едәуір жақсарып қалған. Қуантарлығы, қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары ірі сауда орталықтары мен дүкендері бар үлкен көшелерге емес, ішкі көшеде орналасқан тұйықтарға да жүргізілуде.
Шиелі Кент әкімдігінің апараты берген мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы 14 609 метр (14,6 км) жол жөндеуден өткен. Атап айтар болсақ, Желтоқсан, Әл-Фараби, Қарабұзау, Абылайхан, Сейтенов, Оразов, тұйықтары күрделі жөндеуден өткен. Ал 105 миллион теңгеге «Шиелі-Жолшы» ЖШС арқылы, П.Жүсіпқызы, Ә.Қоңыратбаев, Панфилов, С.Кәрімбаев, Ғ.Мүсірепов, Р.Нұркеева, М.Жұмабаев, Шәкәрім, Байсын, ГРП-23 №12-көше, Есенбайұлы сынды бірқатар көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 78 млн 895 мың теңгеге 6 625 метр (6,6 км) жолға , күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Және де Шиелі кентіндегі Р.Бөлебай, Ә.Шорабаев, Р.Бөлебай Ә.Шорабаев, Шиелі кентінің теріскей бет аумағына өтетін темір жол өткелі автомобиль жолы, Тәуелсіздік көшесі бойына спорт кешеніне кіре беріс аралығы көшелері де орташа жөндеу жұмыстарынан өткен. Жолдарды реттеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғаса бермек. Сондай-ақ келер жылы бірнеше көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – дейді сала мамандары.

Сымбат СҰЛТАН
21 желтоқсан 2022 ж. 788 0