Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТУРИЗМ ТҰРАЛАМАСЫН ДЕСЕК...

ТУРИЗМ ТҰРАЛАМАСЫН ДЕСЕК...

Еліміздегі туризм саласының көшін бастар көрікті жерлердің бүгінгі ахуалы туралы сөз сабақтар алдында мүмкіндіктің мол екендігін, қазіргі таңда табиғаттың тамаша тартуын барынша тиімді пайдаланып, бар істі ілкімді үйлестіру бағытында біршама қадам жасалып жатқандығын тілге тиек етуге болады.
Тарихқа шегініс жасасақ, дүниежүзілік туризм күні 1979 жылы Испанияның Торремолино қаласында Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас ассамблеясының ІІІ сессиясында бекітілген. 1970 жылдың 27 қыркүйегінде Дүниежүзілік туристік ұйым Жарғы қабылдады. Содан бері осы күн дүниежүзілік туризм күні болып белгіленген. Бүгінде әлемнің көптеген елдері туризмді нағыз табыс көзіне балайды. Осы орайда еліміздің де туризм саласын дамытуға барлық мүмкіндігі бар деп айтуға болады. Қазақстанның көркем табиғаты да, жылдың төрт мезгілін өз ерекшелігімен көрсететін ауа райы да елімізде туризм саласын қалыптастыруға сай келеді. Сондықтан мемлекетіміз соңғы кездері туризмді экономиканың жетекші салаларының біріне айналдыруға барынша тырысуда.
Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген, мәңгі жасыл қарағайлар алыстан қол бұлғап, қойнауына шақырып, қырына жетелейтін туризм саласының бүгінгі табысы қомақты. Бұл табысты еселей түсуге де әбден болады. Ол үшін әлі де болса, туристерге көрсетілетін қызметті жетілдіре түсуіміз қажет. Өткен жылдары жалпақ әлемді жарты тарының қауызына сыйғызардай қатерін төгіп, қасіретін арқалатқан жаман тұмаудың кезінде елімізге келетін туристер саны әжептәуір сейілді. Әйтсе де, жаман тұмау жайлаған уақытта да адамдар дертіне дауаны табиғаттан іздеді. Көкірегің қанша жұтса да тоймайтын мөлдір ауасын жұтып, дертіне дауаны осы табиғаттан табуға болады емес пе?!
Ежелгі тарих тылсымы, еліміздің өткеніндегі өрнекті із қызықтыратын адамдарды Қорғалжынның күміс көлдерінің бұйра толқындары шақыратын болса, ежелгі Ерейменнің бауыры рухани байлықты еселейтін-ақ жер. Әр төбесі мен әр белесінің астында ел тарихының тылсым сыры бұғып жатыр. Бұл арада бір айта кететін дүние, бүгінгі турист ақ айдынға шомылып, қарағайлы қалың орманның ауасын жұтып қана қоймайды, көзі ашық, көкірегі ояу келушілер ілкі замандағы бабалардың басып кеткен ізінен бүгінгі елді ұйыстыратын, жақсылыққа бастайтын жасампаз деректің сорабын аңдайды. Міне, осындай білмекке құмар адамдар үшін ежелгі Ереймен баурайы таптырмайтын өлке екендігін тағы бір таратып айта кетсек, артықтығы болмас. Бұл өлкеде әсіресе, жас ұрпақты Отанды сүйе білуге, туған жердің қасиетін ұғына білуге баулайтын әдемі аңыз тұнып тұр. Аңыз емес, шындық. Арада қанша кезеңдер өтсе де, уақыт шымылдығы сәл ғана көлегейлеп жапқанымен, асыл дүниені аршып алуға болады.
Аудандағы туризм саласын сөз етер болсақ, киелі де қасиетті мекенді тамашалауға ниет білдіргендер саны да өсіп келеді. Сала бойынша ауданда орналасқан тарихи мұра «Оқшы ата» кесенесі, «Бала Сауысқандық» шатқалындағы тасқа қашалған көне суреттер, «Нартай Бекежанов» мемориалды өнер музейі, «Ыбырай Жақаев» күріш өсіру тарихы музейлерін аудан қонақтары келіп тамашалауда. Сонымен қатар Бәйгеқұм ауылындағы «Ханқожа» көлінің жағалауындағы жазғы демалыс орындарына қызығушылық танытып, келушілердің қатары көбеюде. Қала берді Дарбаза, Қосқөл мен Ақбұлақтың өзі ғажап бір туризм деріз.
Қоса кеткен жөн, жыл басында алдағы уақытта туризм саласы бойынша 60 мың жұмыс орны ашылатыны айтылды. Демек 60 мың адамды жұмыспен қамтитындай мүмкіндіктерге жол ашылып, еліміздің туризміне көңіл бөлінеді. Сондықтан қазір елімізде туризм саласының мамандарын дайындауға да айрықша ден қойылуда. Соның дәлелі 2020 жылдан бастап Түркістан қаласындағы бейінді Халықаралық туризм және меймандостық университеті жұмыс істеп, 7 бағыт бойынша 1 300-ден астам студент даярлануда. Биылғы оқу жылында да аталған оқу орнындағы студенттер саны мейлінше өскен. Сұранысқа сай 60 мыңдай маман даярлау ісі қазірден бастап қолға алынып, еліміздің туризм саласын жандандыруға ден қойылып отыр. Осы орайда атап өтер жайт, бейінді Халықаралық туризм және меймандостық университеті орналасқан Түркістан қаласының өзі облыс орталығына айналғалы бері туристерді тартатын тартымды қалаға айналғаны белгілі. Қазір ішкі туризмнің өзінде сұранысқа ие рухани қалаға келетін қонақтар саны еселеп өскен. Алдағы уақытта әр облыстағы сұранысқа ие осындай өңірлеріміздің ерекшелігін көрсетіп, туристерді тарту мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі болып отыр. Сондықтан инвестициясының жалпы көлемі 1 жарым трлн теңгені құрайтын туризм саласында 145 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.
Жалпы сала жұмысын қолдау мақсатында биыл арнайы заң да қабылданып, туризм саласын жетілдіруге жағдай жасалды. Яғни «Туристік қызмет туралы» жаңа заң аясында мемлекеттік қолдау шаралары заңдастырылып, бизнес нысандарын ынталандыру шаралары қарастырылды. Қазіргі таңда жыл басынан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы көзделген заң жұмыс істеуде. Заң аясындағы бірқатар игіліктерді де саралай кетсек, бизнес нысандарындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау көзделген. Яғни туроператор, турагент немесе гид автобус сатып ала алады және инвестициялық шығындардың 25 процентін мемлекет өтейді. Сондай-ақ туристік қызмет нысандарын – қонақ үйлерді, хостелдерді, кэмпингтерді және басқа да нысандарды салу кезінде мемлекет инвестициялық шығындардың 10%-ін өтеу де заң аясында мүмкін болып отыр. Туристік саланы дамытуды қолға алған мемлекетіміздің бастамасы дұрыс бағытта келе жатқанын тәжірибе көрсетуде.
Жасыратыны жоқ, қазір елімізде қысқы туризм¬нің аяқ алысы ақсап тұр. Ұғынғанға қар да дәулет, мұз да сәулет. Ал мұны шыңжаңдықтар өте ұтымды пайдалануда. Әсіресе, қысқы спорт түрлерімен қатар, қысқы көңіл ашу шараларын өткізуге тиімді өңірлердің туризмін түрлендіріп келеді. Шыңжаңда «Қысқы саяхатты дамыту» тақырыбы аясында әр аймақ, аудан, қалалар жергілікті ерекшелігіне қарай қысқы балық аулау мерекесі, шаңғы мерекесі, ат шанамен саяхаттау мерекесі сияқты қысқы саяхат фестивальдарын жыл сайын өткізіп, ақпарат құралдары арқылы үгіттеп отырады. Мұндай шаралар ішкі саяхатты дамытуға серпін беріп отыр.
Анығында, Қазақстан қалың қарды, ақ сүңгіні, көк мұзды туризмнің кәдесіне жарата алмай отыр. Қаржы бөлінсе, қытайлықтар жасаған ат шананы, тау шаңғыны біздің шеберлер жасай алады емес пе? Керек десеңіз, ел шанаға ат қосса, Шығыс Қазақстан облысында бұғыны шанаға үйретуге мүмкіндігіміз бар. Саятшылық мерекесі арқылы да көп туристі тартуға болады. «Қазақстанның қысы да қызық» деген тақырыппен фестивальдар өткізсе, ішкі туризм жанданар еді. Мұз оймалар жасап, әсем табиғатпен ұштастыру да туристер үшін қызық. Әттең, тонның келтесі-ай.





10 желтоқсан 2022 ж. 796 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031