Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕДЕРГІСІЗ ОРТА – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

КЕДЕРГІСІЗ ОРТА – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен 3 желтоқсан «Халықаралық мүгедектер күні» болып белгіленді. Ал, елімізде мүгедектер күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Осыған орай Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Халықаралық мүгедектер күніне» арналған «Кедергісіз орта – келешек кепілі» атты салтанатты кеш өтті.
Айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүрек жарды лебізін білдірді. Содан соң бірқатар азаматтарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Атап айтар болсақ, II-топ мүгедегі Елеусіз Сейпілов, I-топ мүгедегі Әбдібек Баймырзаев, II-топ мүгедегі Айна Елеуова сынды т.б. бірқатар азаматтар марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін, шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.
Иә, тағдырдың маңдайына жазған ісін қара нардай көтеріп, еменнің иір бұтағындай мықтылық танытатын қайраты кемел, қажыры мол адамдарды көргенде қайран қалып, таңдай қағатының рас. Олар күн сайын түрлі кедергілерге тап болады. Сол үшін де еліміз кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Өңірде осы мақсатта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде ауданда 2349 мүгедектігі бар адамдар өмір сүреді. Оның ішінде І топтағы – 179, ІІ топтағы – 732, ІІІ топтағы – 926, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 512-ні құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар адамдарға көпшілікпен бірдей жағдай жасауға міндетті» екенін ашып айтқан болатын. Яғни, қоғамдық өмірде де, кәсіби қызметте де, қандай да бір мемлекеттік қызмет алуда да мүгедек жандар жайсыздық сезінбеуі тиіс. Оларды мақсат-мұрат қос қолтығынан періштедей демеп, алға ұмтылуы үшін аялы арман мен мемлекет қамқорлығы ауадай қажет.
02 желтоқсан 2022 ж. 379 0