Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ЕЛІ САЙЛАУДА БІРЛІГІН КӨРСЕТТІ

СЫР ЕЛІ САЙЛАУДА БІРЛІГІН КӨРСЕТТІ

20 қарашада кезектен тыс өткен Президент сайлауы тарих қойнауына енді. Басты ерекшелігі – Конституциялық өзгерістер енгізілгеннен кейін жаңа форматта өтуі.
Жаңа форматқа сәйкес президент бір мерзімге 7 жылға ғана сайланады. Мұның бәріне Қазақстан халқы жалпыұлттық референдум кезінде қолдау көрсетті. Екіншіден Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бергі ­саяси реформалары аясында жүзеге асты. Яғни президенттің өкілеттілігін шектеу, суперпрезиденттік биліктен толық классикалық жүйеге өту.
Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – жалпы еліміздегі саяси реформалар аясындағы демократияландыру үдерісінің кең құлаш жаюы. Күні кеше өткен үміткерлер арасындағы теледебатта сайлаушылар тікелей эфирде, алдын ала сұрақтар жіберу арқылы ашық сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Сайлау үдерісіндегі тағы бір оң өзгеріс – байқаушылардың көптеп қатысуы. Бұл еліміздегі азаматтық ­позициясы бар белсенділердің саяси мәдениетінің жоғарылауын көрсетеді.
Жеті жылдық мерзімнің басты артықшылығы – басталған реформаны түпкілікті аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ саяси монополияны жоюға бағытталған. Бір тұлғаның көп жыл билікте отыруына, олигополияның, олигархияның қанат жаюына тосқауыл қояды. Сонымен қатар елдің тұрақтылығы мен бірлігіне басты кепіл ­болатын тетіктердің бірі. Әсіресе қазіргідей геосаяси ахуал өршіген тұста осындай тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жеті жылдық мерзім өзектілігін көрсетеді.
Ел президенттігіне үміткерлерді сайлауға арналған саяси науқанда шиеліліктер аса белсенділік танытты. Тайлы-тұяғына дейін қалмай отбасы мүшелерімен барып, дауыс берді. Жалпы аудан бойынша 48 мың 402 сайлаушы бар. Азаматтар қалаған кандидатына дер кезінде дауыс беру үшін 40 сайлау учаскесі үздіксіз жұмыс істеді.
Президент сайлауында аудан әкімі Нұржан Ахатов та өз таңдауын жасап, ­дауыс берді.
– Тәуелсіз еліміз үшін ерекше саяси маңызға ие науқанды ұйымшылдықпен атқаруымыз керек. Сондықтан бұл Президент сайлауында әрбір аудан азаматының дауыс беруі маңызды, – деді.
Бағамдасақ, ашықтық пен таңдау еркіне негізделген бұл сайлау ел болып ертеңді қамдаудың айшықты көрінісі. Сол себепті шежірелі өлке жұртшылығы өткен сайлауға айрықша маңызбен қарады. Әсіресе, ауданның абыз ақсақалдары көпке үлгі болды. Иә, бұл сайлаудың жөні бөлек. Мәселен, Ыбырай Жақаев ауылында орналасқан – №278 сайлау учаскесіне азаматтар таңмен таласа өз кандидатына дауыс беруге келіп, саяси науқандағы белсенділігі үшін арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал Ақтоған ауылында тұратын Сейтжановтар әулеті сайлауда ерекше көзге түсті. Бақытын бала тәрбиесінен тапқан Бақтыгүл апа жолдасы Әбдімәлік ақсақалмен бірге 11 ұл-қыз өсірді. Құрсағынан өрбіген құлындарымен бірге бүгінде 10 келіннің ақылшы, дана анасына айналып отыр. «Отан отбасынан ­басталады» деген тәмсілді өмірлік серік еткен ақжаулықты ана ел үшін маңызды науқандарда ұдайы белсенділік танытып, қалыс қалған емес. Бұл жолы да көпке үлгі болып, 10 келінімен бірге дауыс беруге келді.
Тиісінше ел болашағы үшін маңызды күнде бірліктің үлгісін көрсеткен әулеттің келіндері кезектен тыс президент сайлауында таңдау жасады.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар арнайы жылжымалы жәшік арқылы дауыс берді. Сондай-ақ «Инватакси» қызметі де жолға қойылды. Бір сөзбен айтқанда ешқандай кедергі жоқ. Оған маңызды күнде кент тұрғыны Дархан Маратұлының «Инватакси» қызметін пайдаланып, өз сайлау учаскелеріне кедергісіз барып, дауыс бергені дәлел.
Айта кету керек, соғыстың соңғы сардары Сәрсенбек Байжанов та жылжымалы жәшік арқылы үйден өз таңдауын жасады. Дауыс беріп, таңдау жасаған соғыс ардагері:
– Ең бастысы тыныш заман болсын, бейбітшілік пен тұрақтылығымыз арта берсін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, – деп ақ батасын берді.
«Келешегімізді осы сайлаумен ­байланыстырамыз». Бұл саяси науқанда шаңырақ көтерген жас жұбайлардың сөзі. Иә, дәл сол күні Жиделіарық ауылдық клубында орналасқан №299 сайлау үйіне енді ғана отау құрып жатқан Нұрқанат Сүлейменов пен Ақниет Қосымова таңдау жасады. Олар елмен бірге кезекке тұрып, өз дауыстарын берді. Жас жұбайларды құттықтап, тілегін білдірген сайлау комиссиясы оларға сыйлық тарту етті.
Сонымен қатар Шиелі ауданаралық ауруханасында емделушілерге арнап портативті сайлау жәшіктері қойылды. Анығында, ауданаралық аруханадағы жүріп-тұруы шектелген азаматтар, травматологиялық жарақат алған науқастар мен перзентханадағы жаңа босанған және жүкті әйелдер дауыс беріп, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды. Ал «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Англияда докторантурада оқитын шиелілік Арман Мұхаметханұлы өз таңдауын жасап, елімізде өткен саяси науқанға үн қосты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, саяси науқанда Сыр елі ауызбіршілік танытты. Яғни Сыр өңірі сайлаушылардың белсенділігі ­бойынша республикада алғашқы екілікке шықты. Өңірде сайлаушылардың 81,07 проценті өз таңдауын жасады.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
22 қараша 2022 ж. 360 0