Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ – ЕЛГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ

ТІЛГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ – ЕЛГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ана тілімізге сай келмейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек деген қағидатқа сүйенгені мағлұм. Ал біздің қазіргі терминологиялық қор рухани ұстаздың сол ойымен үндесе ме, әлде...?
Қазақ тілінің тұғырын биіктететін маңызды қадамдар мүлде жасалмай жатыр деп, әрине, ауызды құр шөппен сүрткен жарамас. Алайда айқыш-ұйқыш атаулар мен аудармалардан бүгінде аяқ алып жүре алмай жатқанымыз ақиқат. Біз бұл жерде тек сырттан келген сөздердің тікелей аудармалары турасында емес, қазақ тіліне тән сөздерді әлі күнге дейін әркімнің әртүрлі қолданып жүргендігі жайында жазбақпыз. Яғни бір ізге түсіп үлгермегендігі жайында сөз етуді жөн көрдік.
Қазіргі кезде кейбір жарнама атауларының жазылуында көптеген көз сүріндірер кемшіліктерді байқаймыз. Мұны тілге менсінбеушілік танытудың белгісі, тіпті мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды өрескел бұзу деп ұғыну қажет. Басқа ұлт өкілдерін былай қойғанда, бұл өзіміздің тілге деген немқұрайлықты байқатады. Рас, Тіл басқармалары, ономастикалық комитет біраз жұмыстар атқаруда. Әсіресе, соңғы кезде ономастикалық кеңістігінде қалыптасып келе жатқан жаңа онимдік атаулардың күрделі мәселелері күн санап өсуде. Бұл – эргонимдер, яғни фирма, компания, жеке кәсіпкерлік нысандар атаулары және тағы басқалар; тауарлық белгілер, яғни азық-түлік, өзге де тұтыну тауарлар атаулары; урбанонимдер, яғни қала ішіндегі шағын аудандар, тұрғын үй кешендері, т.б. атауларын зерттеп, жүйелеп, бір ғана елдік, ұлттық талаптарға сай жүргізу. Қазіргі кезде бұл мәселелер жүйелі шешімін тапқан жоқ. Қай қаламызды алсақ та оның кез келген көшесіндегі атаулар мен жарнамалар өрескел қателерге толы. Өйткені оны жүйелеп, ретке келтіретін заңнама талаптары әлсіз болып отыр.
Есіңізде шығар, әнші Қайрат Нұртастың «Жөст май өниверс» деген өлеңін айтқанда бәрі күліп еді ғой. Оған себеп ағылшынша қате айтқаны үшін. Ал аудан орталығында қате жазылған хабарламалар, жарнамалар баршылық. Бірақ оған ешкім күлмейді. Неге?
Жарнамадағы ақаулардың бірі Әбдіманап орталық базарының кіре біресінің сол жағында ілініп тұр. «1 birinshi lombard»-тың ілінген жарнамалық билбортында «Несие шарттары жайлы емес, адамдар жайлы ойламыз» делінген. Ойламыз емес, ойлаймыз дегісі келген болу керек. Сонда бүкіл ұжым болып ойлаймыз сөзін жаза алмағаны ма? Және бұл үлкен етіп көпшілік жүретін жерде ілулі тұр. Ал астындағы орысша аудармасы қатесіз жазылған.
Мәселен, жұмыс жасайды деп жазу да қате. Себебі күрделі етістіктердің нақты қалыптасқан үлгісі бар. Жұмыс істейді, қызмет етеді, еңбек етеді деп жазу заңдылық. Оны түрлендіріп әуре болмаңыз. Нақты ереже бойынша «жасау» сөзі шын мәнінде бірдеңе жасаған кезде қолданады. Яғни, жаттығу жасау, бұйым жасау. «Барғалы бері, айтқалы бері» деген сөз тіркестерін де көз шалып қалады. Олай жазу да қате. Себебі барғалы, қайтқалы сөздерінің өзі толық мағынаға ие болып тұрған жоқ па? «Шаш, су, қант, ақпарат, ақша» деген секілді сөздер көптелмейді. Анығында көптік жалғау жалғанбайды. «Шай, жай» деген сөздер айтылғанда «ә»-мен айтылғанымен, жазылғанда «а»-мен жазылады. Және жалғанатын қосымшалары да жуан дыбысты болады.
Сосын аспазшы, өнерпазшы емес. Көбіміз қате қолданып жүрген бұл сөздегі «паз»-да, «шы»-да зат есімнен басқа зат есім ­тудырушы жұрнақтар. Сол үшін бұл жерде екеуінің біреуін қолдансақ жеткілікті. Анығында аспаз, өнерпаз деп қолдану керек. «Қарапайымдылық, қонақжайлылық» деген сөздерде де жұрнаққа жомарт болып жүрміз. –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік бұлар сын есімнен зат есім жасаушы жұрнақтар екенін ескерсек, қарапайымдылық емес, қарапайымдық, қонақжайлылық емес, қонақжайлық деген дұрысырақ болады.
Қазір көбіміз жіберіп жүрген тағы бір қатені жаза кетсек. «Бола ма, келе ме, қарай ма» осы сөздерді «болады ма, келеді ме, қарайды ма» деп жазып, қала берді айтып ең әдемі жатық тілден тікенек сөздер тудырып жүрміз.Мұның қажеті қанша?
Сауатты сөйлеп, әсіресе жазып үйренейік. Ана тіліміз қашанда құрметке лайық.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
07 қараша 2022 ж. 487 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031