Айқыш-ұйқыш атаулардан арылар күн келер ме?
Ұлт ұстазы, тіл жанашыры Ахмет Байтұрсыновтың ана тілімізге сай келмейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек деген қағидатқа сүйенгені мағлұм. Ал біздің қазіргі терминологиялық қор рухани ұстаздың сол ойымен үндесе ме, әлде...?
Қазақ тілінің тұғырын биіктететін маңызды қадамдар мүлде жасалмай жатыр деп, әрине, ауызды құр шөппен сүрткен жарамас. Алайда айқыш-ұйқыш атаулар мен аудармалардан бүгінде аяқ алып жүре алмай жатқанымыз ақиқат. Біз бұл жерде тек сырттан келген сөздердің тікелей аудармалары турасында емес, тек мәдениет пен өнер саласына ғана қатысты атауларды әлі күнге дейін әркімнің әртүрлі қолданып жүргендігі жайында жазбақпыз. Яғни бір ізге түсіп үлгермегендігі жайында сөз етуді жөн көрдік.
Қазақ тілінің тұғырын биіктететін маңызды қадамдар мүлде жасалмай жатыр деп, әрине, ауызды құр шөппен сүрткен жарамас. Алайда айқыш-ұйқыш атаулар мен аудармалардан бүгінде аяқ алып жүре алмай жатқанымыз ақиқат. Біз бұл жерде тек сырттан келген сөздердің тікелей аудармалары турасында емес, тек мәдениет пен өнер саласына ғана қатысты атауларды әлі күнге дейін әркімнің әртүрлі қолданып жүргендігі жайында жазбақпыз. Яғни бір ізге түсіп үлгермегендігі жайында сөз етуді жөн көрдік.
Кейбір жандар басқа шет тілдерінен енген кірме сөздерді аудармай, сол күйі айна-қатесіз жаза салу әдетіне әбден бой үйретіп алған сыңайлы. Баяғы сол «Онда тұрған не бардың?» сиқы. Қазақ тілі әлемдегі ең бай тіл саналады деп кеудемізді керіп мақтанғанымыз қайда қалады сонда? Мысал үшін айтайықшы, қай жерден, елден көрдіңіз Абайдың қанатты сөздерін дәйексөз ретінде өз тілдеріне аудармай қазақша беріп жатқан? Егер оларда да дәйексөз жайы солай қалыптасса, әлемдік үрдістің ешкімге жаттығын жоққа балап қоя салар едік-ау. Бірақ әттең, олай емес. Қазақша жазылған туындыны қазақтың өзінен басқа ешкім оқымайтынын ескерсек, бұл да тілдік қорымызды шұбарландырып, бұзуға жасалған әрекет демеске лажың жоқ.
Екінші бір мәселе, мәдениет пен өнер саласына қатысты атаулар турасында. Сан рет мәселе етіп көтергенмен, термин сөздер аудармасы «баяғы жартас, сол жартас» күйінде жалғасуда. Кейде осынау маңызды іс кімге, қай ұйымға, қайсы мекемеге бекітілгенін білмей дал болатынымыз рас. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп әркімге бір сеніп жүргенде тілімізді көптеген бейтаныс сөздер жайлап алды. Осы бір тығырықтан шықпасақ, түбіміз – тұңғиық.
Мәселен, бірізділіктің жоқтығынан бір басылымда «процент» деп жазылса, екіншісінде мұны «пайыз» дейді. Сол сияқты тіпті кей жағдайда бір атауды екі түрлі жазғандарына қарамастан, одан нақты нәтиже шығаруға ұмтылыс байқалмайды. Тақырыпқа тұздық болсын, «әртіс», «артист» сөздерін алайық. «Қазақстанның халық әртісі», «КСРО-ның халық әртісі» деп мұны қазақы тілдік табиғатымызға сай етіп көптен бері қолданып жүрміз. Дұрыс-ақ. Ал бірақ онда «артист» сөз алып тастамаймыз? Екеуінің біреуін ғана таңдау керек емес пе? Әлбетте, әдебиет пен өнерде проза, комедия, драма, опера, сатира, поэзия, эпос, консерватория, либретто, дирижер тәрізді ежелден қазақы ұғыммен біте-қайнасып кеткен термин сөздерге қояр кінә да, тағар мін де жоқ. Бірақ мұнан кейін де бөгде сөздердің саны қаптаған үстіне қаптауда ғой. Суфлер, грим, афиша, бенефис, саундтрек, триллер, трейлер, продюсер, кастинг, креатив, клип, архив, диапазон, интерпретация, инсценировка, экшн, анонс деп жалғаса береді. Бұларды қалай қолдану керек? Бұл ретте өнер тілін қазақыландыру ісінің жүйелі түрде жүргізілмей, оларды төл тілімізде толыққанды сөйлете алмай отырғанымыз қынжылтпай қоймайды. Кез келген ел терминдерді өзінің ұлттық мүддесі үшін аударады. Бірақ бұл істің кәсіби тұрғыдан қолға алынбай, жүйесіздік пен ретсіздіктің жайлауы көңіл қынжылтады. Өздеріңіз білетіндей, кірме сөздердің терминология комиссиясы бекіткен қазақша баламалары бола тұра, үстемдік құруы тоқтамай тұр. Міне, ортаға салмақ ойымыз осы е-тін.
С.МАДИЯРОВА