Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮРЕС КІЛЕМІНЕН – ӘЛЕМДІК ЖЕҢІСКЕ

КҮРЕС КІЛЕМІНЕН – ӘЛЕМДІК ЖЕҢІСКЕ

Мақсат Рахманбердіұлы – спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жас дарын. Ол – жас та болса, халықаралық додаларда еліміздің атын шығарған, қайсар мінезімен көпке үлгі болып келе жатқан спортшы. 

2006 жылдың 21 мамырында дүниеге келген Мақсат спорт әлеміне 2021 жылы келді. Алғашында бұл күрес түрін хобби ретінде ғана бастапты. Бірақ уақыт өте келе, жаттығу залындағы тер мен еңбек, жеңіс жолындағы қиындықтар оның өміріне жаңа мағына сыйлаған. Қазір грэпплинг – оның мақсатына айналған үлкен арена, ал жеңістер – қажырлы еңбектің жемісі. Жақында ғана ол Астана қаласында өткен Grappling World Cup 2025 жарысына қатысып, 58 келі салмақ дәрежесінде 1 орынға ие болды. Бұл – жай ғана республикалық жарыс емес, әлемнің 25 елінен келген спортшылар бас қосқан, жоғары деңгейдегі дода болатын. Сол сахнада Қазақстанның көк байрағын желбіреткендердің бірі – Мақсат. Бұл жеңіспен шектелмей, Алматы қаласында өткен AIGA World Championship 2025 Әлемдік чемпионатына қатысып, 60 келі салмақта 2 орынға ие болды. Бұл жолы жарысқа 34 мемлекеттен спортшылар келген. Мұндай ірі жарыста жүлдегер атану – үлкен дайындық пен психологиялық төзімділіктің жемісі. Мақсаттың айтуынша, оның спорттағы жолына себепші болған адам – өз ағасы Жасұлан Рахманбердіұлы. Ал алғашқы жаттықтырушысы Ербол Ермағанбетұлының орны ерекше. – Ол маған тактика мен техниканы ғана емес, ең алдымен шыдамдылықтың не екенін үйретті. Психологиялық жағынан да үлкен қолдау көрсетті. Сол үшін Ербол ағайыма шексіз алғысым бар, – дейді Мақсат. Жас спортшының қарапайым ауылдан шығып, әлемдік ареналарға дейін көтерілуі – табандылық пен сенімнің айқын көрінісі. Ол өзінің әрбір жеңісін артында тұрған ағаларына, жаттықтырушыларына арнап, олардың сенімін ақтау үшін бар күшін салады. – Бастапқыда бұл спортты хобби ретінде қарастырдым. Қазір ол – менің өмірімнің бір бөлшегі. Әр жеңіс – мен үшін тек медаль емес, өз-өзімді жеңу, – дейді ол. Бүгінгі жастар арасында спортқа қызығушылық артқанымен, оны тұрақты мақсатқа айналдыра алатындар сирек. Ал Мақсат секілді жас спортшылар – шынымен де шабыт сыйлайтын, жаңа буынның биік армандарға жетуге талпынып келе жатқанын көрсететін айқын мысал. Алда әлі талай белес, талай дода. Бірақ Мақсаттың көзінде сенім бар. Ол – күрес кілемінде ғана емес, өмірде де мықтылықты дәлелдеп келе жатқан жас қыран. Ал еліміздің болашағы – дәл осындай мақсатшыл, еңбекқор жастардың қолында екені анық.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ



12 тамыз 2025 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (9327)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (9326)

11 тамыз 2025 ж.

№58 (9325)

05 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031