Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл спортшылар бес үлкен жарысқа қатысады

Биыл спортшылар бес үлкен жарысқа қатысады


Фото: Жетісу обл

Биылғы жарыстарды IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы бастап береді. Бұл жарыс 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында болады. Қазақстан спортшылары да қатысады.

Қазір ел құрамасында 10 дисциплина бойынша спорттың бес түрінен 30 лицензия бар. Лизенцияны 42 спортшы алды.

Биылғы басты жарыс Париж қаласында алауы тұтанатын жазғы Олимпиялық ойындар деп айтуға болады. Бұл дода 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған әлемнің 205 елінен келген 10 мыңнан астам спортшы қатысып, күш сынасады.

Төрт жылдықтың жарысында спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінде отандастарымызда спорттың 8 түрі бойынша (садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс) 17 лицензия бар. Алда 90-ға жуық лицензиялық жарыс күтіп тұр. Сондықтан жолдамалар санын әлі де көбейту мүмкіндігі бар.

8-14 қыркүйек аралығында еліміз үшін мәні мен маңызы жағынан алып қарағанда, тағы бір үлкен жарыс болады. Ол – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Бұл бәсеке Астанада өтеді. Оған  әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар келеді деп жоспарланып отыр.
Ойындардың бір ерекшелігі, мұнда спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалар бірігіп өткізіледі. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады.

Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Қазір ұлттық құрама дайындықты бастады. Командалар құрамы жасақталып жатыр. Оқу-жаттығу шаралары өткізілуде.

Биыл Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми отырысында хабарланды. IBA президентінің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры 4,8 млн АҚШ доллары болады. Әлем чемпионы атанған боксшы 200 мың АҚШ долларын алады.

Сондай-ақ 2024 жылдың қарашасында Астана қаласында самбодан әлем чемпионаты жоспарланған. Былтыр күзде Ереванда өткен самбодан 48-ші әлем чемпионатына 65 ел қатысып, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қоламен үшінші орынға табан тіреді.
04 қаңтар 2024 ж. 156 0