АҚМАЯЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

Дәстүрге айналған байрақты бәсекеге еліміздің 16 облысынан келген 300-ден аса спортшылар 10 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жекпе-жек спорт түрімен 5 жылға жуық уақыт тұрақты айналысып келе жатқан Бекарыс Мырзағали 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ал 42 келі салмақта сынға түскен Нұрлыбек Елеусіз жүлделі 2 орынды қанжығаласа, 42 келі салмақта Сүннет Тұраров Қазақстан чемпионатында жүлделі 3 орынды місе тұтты. Сонымен қатар жас спортшыларды осы жарысқа тыңғылықты дайындап, өзі де чемпионатта бақ сынаған Мұстафа Төлегенов ересектер арасында Қазақстан чемпионатының кубогын иеленді. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді халық даналығында. Осынау жарысқа талантты шәкірттерді дайындаған бапкер: – Панкратион – батылдық пен үлкен дайындықты қажет ететін спорт түрі. Себебі, спортшылар бокс, күрес, кикбоксинг сияқты бірнеше спорт түрінің тәсілдерін меңгеруі тиіс. Нағыз сайыпқыран жігіттердің жарысы десе де болады. Чемпионат жайлы айтар болсам, бұл жарысқа бір жылға жуық уақыт дайындалдық. Міне, төккен тердің арқасында шәкірттерім жеңіс мінберінен көрініп, қуаныш сыйлады. Алдағы мақсат Азия чемпионатына қатысып, көк туымызды желбірету, – дейді Мұстафа Төлегенов. Иә, сонымен жарыстың қорытындысы бойынша қоржынға 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль салынды. Өз кезегінде жеңіс тұғырынан көрініп, панкратионнан Қазақстан кубогын жеңіп алған спортшылардың алдағы жарыстарына сәттілік тілейміз.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ