Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті жыл – жеткілікті уақыт

Жеті жыл – жеткілікті уақыт

Биылғы жыл ел өмірінде үлкен саяси оқиғалармен ұштасып отыр. Тәуелсіз Қазақстан қоғамына саяси реформалардың қажеттілігін тереңнен түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескі саяси жүйеден алшақ кетіп, Әділетті Қазақстанды құруға негізделген оң қадамдары ілгері қарай сәтімен жылжи түсуде.
Ел үшін тарихи шешімнің бірі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын белгілеуі. Бұған дейін Қазақстанда алты рет Президент сайлауы өткен. Оның төртеуі мерзімінен бұрын болды. Ендігі сайлау 20 қарашаға жоспарланып отыр. Мұны Еуразия аймағында қалыптасып жатқан жаңа жүйенің бастауы деп қабылдауға болады. Себебі соңғы оқиғалардың салдары қазірдің өзінде біліне бастады. Еуразия, оның ішінде Орталық Азия аймағы жаңа кезеңге аяқ басты. Енді 20 қарашадан кейін саяси аренада бірнеше мерзімге созылатын президенттік жүйе де ескінің қатарында қалмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, бірінші рет Президент бір мерзімге, 7 жылға сайланбақ. Бұл елдегі биліктің монополиялануына жол бермейді. Осылайша, демократиялық құндылықтар орныға түседі. Жалпы, мұндай тәжірибе әлемде бар екенін айта кеткен жөн.
Президенттік лауазым – ең алдымен ұлы жауапкершілік. Бүкіл халықтың, тұтас мемлекеттің тізгінін ұстайтын тұлға білімді, білікті болуымен қатар аса үлкен жауапкершілікті сезінуі шарт. Сөз бен іс үйлесуі керек. Жеті жыл – кез келген мемлекет басшысы үшін сайлауалды бағдарламасын мүлтіксіз орындауға жеткілікті мерзім.
Сайлауға байланысты бейсенбі күні Мемлекет басшысының қатысуымен қолдаушылар форумы өтті. Жиында халықтық коалиция Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына ұсынды.
Форумда еліміздегі түрлі саяси партиялар мен республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері алдағы Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.
Форумға AMANAT, «Ақ жол», Қазақстан Халық партиясы секілді сая­си партиялардың және 30-дан аса республикалық қоғамдық ұйымның атынан екі мыңнан астам өкіл қатысты.
Мемлекет басшысы форумда сөз сөйлеп, өзіне сенім артқаны үшін шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Президент ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атады. Одан бөлек саясатқа қызығушылығы бар жастардың белсенділігіне ерекше қуанатынын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы сайлау циклінде Президент, мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы кезең-кезеңімен өтеді.
«Біздің «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» ұстанымымыздың негізгі формуласы үнемі жаңа сапалы мазмұнмен толтырылатын болады. Алдағы сайлау циклінде Президент, мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы кезең-кезеңімен өтеді.
Бұл реформалардың белгіленген қарқынын сақтап, жаңа ауқымды қайта құруларды бастауға мүмкіндік береді. Елде шұғыл шешуді талап ететін көптеген мәселелер бар. Алдағы сайлау біздің жаңа жетістіктеріміздің негізін қалайтынына, жаңа саяси дәуірдің тірегі болатынына сенімдімін», деп түйіндеді Президент.
Бұған дейін саяси және экономикалық жүйені жетілдіре түсу үшін Ата Заңға іргелі өзгерістер енгізу мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізілді, сонымен қатар экономикалық даму үрдісінің мүлдем өзгеше қадамдары жүзеге асуда, оның сыртында Қазақстан халқына үлкен стратегиялық бағыттарды айқындаған жаңа қыркүйек Жолдауы жасалды. «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табыс­ты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент ­сайлауына баруға дайынмын» деді Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында. Енді міне, осы жылдың 20 қарашасына белгіленген маңызы зор саяси науқан да бастау алды.
Сондай-ақ ел Президенті Жолдау барысында шикізаттық өндірістен өнеркәсіптік өндіріске бет бұру, нақты секторды дамыту, әлеуметтік салаға баса мән беру, азаматтарды барынша өнімді жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау секілді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындады. Осы және өзге де маңызды салалар сайлаудан кейінгі еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуының басты бағыттарына айналады деген сенім мол. Мемлекет басшысы халыққа жолдаған үндеуінде сайлаудың қатаң түрде заңға сәйкес шетелдік, отандық байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өтетінін шегелеп айтты. Әділетті Қазақстанға қадам басқанымызды сезінетін күн алыс емес.
Әділ төрелігімен әйгілі болған Төле би кер замандағы қиналған сәттерінің бірінде «Саяқ жүрген таяқ жейді» деген екен. Қазіргідей күрделі геосаяси заман табалдырығында тұрған қай ұлт болсын, саяқ жүруден аулақ болып, бар жетістігін тұрақты бірліктен іздеп отырғаны белгілі. Біздің еліміздің де ол саясаттан сырт қалмасы анық. Түптеп келгенде Қазақстан үшін қараңғыны жарық етер берекелі бірлік ежелден бас­ты ұстанымына айналып келеді.
Ең бастысы, Қ.Тоқаев суперпрезиденттік басқару жүйесінен арылуға барынша мүмкіндік жасап, бүгінгі таңда «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты ұзақмерзімді формула жаңа сипатқа ие болды. Өйткені орталық мемлекеттік органдарды оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы билік органының өкілеттілігі тың серпінге бағытталды. Мемлекет басшысының бұл формуласын бүгінде бүкіл халық қолдап отыр деуге болады.
Адамзат тарихы осындай алды-артын болжап болмас саяси-әлеуметтік құбылыстарды бастан кешіп отыр. Қазақ қоғамының да басынан тарихи кезеңдер өтуде. Сондай сәтте елдің көшін – ер түзесе, әділетті ердің ісін – ел жақтаса керек.
«Жалғыз ағаш орман болмайды» деген аталы сөз бар. Әрине, сайлау – тұтас ұлтқа сын. Ендігі мақсат сол сыннан сүрінбей өтіп, көк туды лайықты ердің қолына беру. Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген ұранды сөзі барша қоғамнан сергектікті күтіп отыр.

Гүлхан ЯХИЯ
10 қазан 2022 ж. 509 0