Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Гендерлік саясат: Үшінші кезеңнен қандай өзгеріс күтеміз?

Гендерлік саясат: Үшінші кезеңнен қандай өзгеріс күтеміз?

Гендерлік саясат, ер мен әйел теңсіздігі – қашанда маңыздылығын жоғалтпайтын қоғамдық тақырып. Бұл негізі әйелді атқа мінгізіп, төрге сүйреп, еркектің басын көрге сүйрейтін саясат емес. Бұл дегеніңіз, екі жұптың теңдігін әспеттеу арқылы іскерлік қарым-қабілеті мол әйелге қолдау көрсету. Гендерлік саясат дегенде адамдардың түсінігі әр түрлі. Расында ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сынды түйінді мәселелерді шешу, ер мен әйелді қоғамның барлық саласында теңестіру – әрбір мемлекеттің басты мақсаты.
Естеріңізде болар, 2016 жылы қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдікті қалыптастыру мақсатында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген болатын.

Бірінші кезең 2017-2019 жылдар аралығын қамтыды.
Алғашқы кезеңде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасы саясатын зерделеу мақсатында арнайы база құрып, алғаш рет «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілді. Пилоттық режимде отбасылық соттар қызметі күшейтілді. Гранттар бойынша арнайы жобаларды жүзеге асыру басталды. Жалпы айтқанда, алғашқы кезеңді іске асыру барысында аталған салалар жақсы нәтижеге қол жеткізе алды.

Екінші кезең – 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Бүгінгі есеп бойынша, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жоспарланған 48 тапсырма кезең-кезеңімен іске асырылу үстінде. Атап айтар болсақ, «Отбасы институтын нығайту заңнамалары жетілдіріліп жатыр. Оның бір ғана дәлелі барлық облыста «Baqytty Otbasy» және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарының ашылуы деуге болады. Жастар арасында репродуктивті денсаулықты жақсарту мақсатында жедел желі іске қосылған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік отбасы картасын әзірлеп, оны іске қосып та үлгерді.

Үшінші кезең 2023 жылдан 2030 жылға дейін созылады.
Бұл кезең тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін міндеттер мен іс-шараларды іске асыруды көздейді.
Аталған тұжырымдаманың алғашқы кезеңі аяқталды. Екінші кезеңнің де аяқталуына жақын қалды. Бастапқы жоспар бойынша ер мен әйелдің өмір сүру ұзақтығының гендерлік алшақтығы 2020 жылға қарай 8,5 жылды құрау керек болған. Нәтиже бойынша айырмашылық 8,44 жас­ты құраған. Бұл дегеніміз, жоспар толық орындалғанын көрсетеді. Нақты ақпаратты ranking.kz сайты ұсынған. Аталған гендерлік алшақтық 2023 жылға қарай 8 жылды, 2030 жылы 7 жылды құрайды деп жоспарлануда. Және тіркелген некелердің ішінде ажырасу көрсеткіші 32 процентті құрау керек болса, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына сенсек, бұл көрсеткіш 37,2 процентті көрсеткен. Бұл 2023 жылға қарай 30, 2030 жылға қарай 25 процентке дейін қысқаруы қажет.
Репродуктивті жастағы мың әйелге шаққанда жасанды түсік жасату көрсеткіші жоспардағы 17 адамнан 16,8-ді құраса, әйелдер мен балаларға қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын азайту көрсеткіші жоспардағы 20 проценттен 22,2 процентке төмендепті. Статистикалық комитеттің мәліметінше, тұжырымдама қабылданған жылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 124 298 оқиғасы тіркелсе, 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 96 750-ге азайған. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы бұл жағдай күрделене түскен, оған елдегі пандемия себеп болуы мүмкін. Аборт жасату мың әйелге шаққанда 2023 жылға қарай 15, 2030 жылға қарай 10 адамға дейін азаюы керек деп жоспарланса, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін 2023 жылы 30, 2030 жылы 50 процентке дейін төмендету көзделуде.
Сондай-ақ, биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 2020 жылы 22 процентті құрайды деп көзделген еді. Есеп бойынша 2020 жылы жергілікті сайлау органдарына 697 әйел адам қатысқан. Сол жылы әйел көшбасшысы бар операциялық компаниялардың үлесі отыз пайызды құраған. Бұл нысаналы индикатор бойынша көрсеткіш 2023 жылға қарай 25 процентті, 2030 жылы 30 процентті құрауға тиіс. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің үлесі 2020 жылға қарай 8 процентті құрайды деп жоспарланса, қазіргі уақытта әскери қызметтегі әйелдер жалпы әскери қызметкерлердің 10 проценттен астамын құрайды. Көрсеткіш алдағы жоспар бойынша 2023 жылға қарай 8,5 процентті, 2030 жылға қарай 10 процентті құрау керек.
Қазір ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кімде болса мойындайды. Саясатпен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіншілігі жеткілікті, өйткені саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Қазақстан Республикасының негізгі заңында – Конституцияның 14-бабы 2-тармағына сәйкес, ешкім тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды делінген. Бағзы заманнан бері ер мен әйел қатар атқа мініп, жауға шапқанын тарихтан да білеміз. Жалпы әйел заты қазақ қоғамы үшін, қазақ мемлекеті үшін қашанда ардақты саналған. Еліміздің де тең жартысы әйел қауымынан тұрады. Бүгінгі таңда әйелдер ошақ басындағы қазанның құлағын ғана емес, денсаулық сақтау, ағартушылық жүйенің, мемлекеттік қызметтің, сондай-ақ, бизнестің де құлағын ұстап, отбасының жарасымдылығына да көп үлес қосып отырғаны жасырын емес.

Г.ӘБДІХАНИ
22 тамыз 2022 ж. 459 0