«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ - 2022» ҰЛТТЫҚ КОНКУРСЫНДА БАЙЖАНОВТАР ОТБАСЫ БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ
Елімізде ырысы мен ынтымағы ұйыған әулетті ел алдында дәріптеу мақсатында жыл сайын республика көлемінде «Мерейлі отбасы» сайысы өтеді. Биыл облыстық жарыста отбасылық бақ-берекесі, тәлім-тәрбиесі сақталған Нартай ауылында тұратын Байжановтар әулеті бас жүлдені жеңіп алды.
Адамға нағыз бақытты ұрпағы ғана сыйлай алатынын Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Сәрсенбек ақсақал жақсы түсінеді. Ол отанасы бүгінде өмірден өткен "Батыр апа" Жамила апа екеуі 11 ұл-қыз өсіріп, 38 немере, 64 шөбере, 3 шөпшек сүйді. Атағы алысқа кеткен әулеттің табысына Шиелі жұртшылығы қуануда. Жүзден жүйрік шыққан шаңырақ иелері енді республикалық додада бақ сынамақ. Шаңырағы шаттыққа толы Байжановтар әулетінің мерейі әрдайым биік болып, алдағы сайыста жеңістің тұғырынан көрінсін дейміз.
Ал бәйгеқұмдық Рыспембетовтер отбасы облыстық байқау қорытындысымен екінші орынды жеңіп алды.
Мерейлі отбасы ұлттық байқауы жанұялық бақыт пен шаттықты үлгі етіп, қазақ отбасының озық үлгісін анықтайтын дәстүрлі шара. Отбасы – қаймақтай ұйыған ауызбіршілігі, ағайын арасындағы татулығы, сақталған өзіндік салт-дәстүрімен өзгеге өнеге бола білетін шағын мемлекет. Қазақы салт-дәстүр, ырым жырымды жете меңгерген бақытты отбасылар барша жас шаңыраққа үлгі бола алатына нық сенімдеміз.
Шаңырағы шаттыққа толы Байжановтар әулетінің мерейі әрдайым биік болып, алдағы республикалық сайыста жеңістің тұғырынан көрінсін дейміз.
Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған сайыстың қатысушылары жыл өткен сайын артып келеді. 2014 жылдан бері конкурсқа қатысуға 1500-нан астам жанұя өтінім берген. Бүгінде облыста 141 мыңнан аса отбасы бар. 47 мыңнан астам көпбалалы аналардың 2 мыңнан астамы – батыр аналар. Аймақта 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері бар.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ
Шиелі Ауданы Әкімдігі