Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОБАЛАР ЖЕДЕЛ ЖҮЗЕГЕ АССА ИГІ

ЖОБАЛАР ЖЕДЕЛ ЖҮЗЕГЕ АССА ИГІ

Соңғы жылдары елде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қалыпты жүзеге асуда. Соның аясында кенттің шығыс аймағынан 96 гектар жерге жобалық құны 24,7 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Бұл аумақ жарық және сумен қамтылған. Жиегінде өнеркәсіпке ыңғайлы тас жол мен теміржол да бар.
Алғашқысы – «Тіn oris» ЖШС-нің «Жоғары сапалы пресстелген жоңышқа өндіру» жобасы. Төрт түлігін түлеткен шиеліліктер үшін жем шығару зауытын іске қосу кезек күттірмес мәселелердің бірі десек те болады. Жобалық құны 4 млрд 335 млн теңгені құрайтын жем шығару зауыты іске қосылса, мал азығынан тапшылық көрмейтін боламыз. Бүгінде ауданның индустриялды аймағынан зауыт құрылысы үшін 10 гектар жер берілген. Ал жоңышқа егуге қажетті 10 000 гектар жер беру мәселесі облыстық басқармалар арқылы шешімін таппақ.
Екіншісі – «Караганды Агро Инвест-Т» ЖШС-ның жобалық құны 20 млрд 360 млн теңгені құрайтын «Ауылшаруашылық кешенін құру» жобасы. Жоба аясында ауданнан 15 мың тонна көкөніс дақылдарын сақтауға арналған қойма соғылмақ. Сондай-ақ шырын өндірісі мен көкөніс кептіру ісі де қолға алынатын болады. Яғни шиелілік өнімдердің қатары артып, нарықта өз брендімізді қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Қазіргі таңда ­зауыт құрылысы үшін Жуантөбе ауылдық округінен 30 га жер телімі берілді.
Бұл шиелілік ағайынның көптен бергі тілегі болатын. Себебі ауданда дақылдарды былай қойғанда, көкөніс егумен айналысатын диқандар жетерлік. Көпшілігі ала жаздай еккен бейнеті ақталып, жиын-терім науқаны басталғанда өнімін қайда өткізерін білмей дал болады.
Себебі делдалдар бағаны жерге ұрады, ал өзі өзге облысқа тасымалдап қымбат бағаға өткізуге жағдай келмейді. Сөйтіп аптап ыстықта маңдайын жел өбіп, бет-жүзін күн қақтай жүріп еткен бейнетінің зейнетін де жарытып көре алмайды. Сондайда «Қап-ай, ә! Осы Шиеліде бұрынғыдай қауынбаз, көкөніс қоймалары қашан болар екен?» деп қиялға берілетін де осы диқандар. Енді жоғарыда айтылған жоба жырға айналып кетпей, уақытылы іске асса диқан қауымының айы оңынан туып, Шиелі шынында да инновацияның отанына айналмақ.
Бағдарлама аясында жоспарланған жобаның соңғысы – «Мөлдир и К» ТС-нің Құс фермасын кеңейту. Құс шаруашылығын қолға алған кәсіпкердің 160 млн теңге көлеміндегі жобасы мақұлданып тұр. Аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен 114 га жер телімі егістік мақсатта табысталып үлгерген. «Енді «Байқоңыр»ӘКК» АҚ арқылы 148 млн теңгеге қаржыландыру жоспарлануда. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Халық» банкінен 54 млн теңге несие қаражаты алынды» дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары.
Шиелі – бұрыннан ынтымағы мен достығы жарасқан берекелі мекен. Халқы еңбекқор. Кәсіпкерлікке бейім. Өңірде ауыл шаруашылығымен бірге өнеркәсіп саласында да алға жылжу байқалады.
«Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы нені көздейді?
Жаңалық пен ғылымды, технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатында Қазақстанда «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы жасалған.
Индустриалды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған бүгінгі жаһандану заманында инновациялық қызметтің маңызы жоғары. Дамыған елдердің экономикасының үздіксіз алға басуы да осы инновацияның арқасында мүмкін болып отыр. Бұл саясат ел экономикасының бұзып-жарып алға шығуын қамтамасыз ететін озық технологияны, басқарудың жаңа түрлерін, ғалымдар мен өнертапқыштардың ойлап шығарған жаңа дүниелерін тез өндіріске енгізіп отыруға бағытталған.
Бүгінде Қазақстан үлкен мүмкіндіктері бар ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған алып мемлекетке айналуда. Елдің бәсекеге қабілетін көрсететін басты көрсеткіш – оның экономикасы. Ал оның басты бағыты – индустриалды-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процестерге бет бұру.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін индустриялдық аймақтан жобалық құны 70,6 млрд теңгені құрайтын 18 жобаға 96 га жер телімі табысталып, оның ішінде 5 жоба – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС,«Мия Шиелі» ЖШС,«Шиелі Жолшы» ЖШС, «КазСтрой Орда» ЖШС, «Бөпежанова» ЖК іске қосылды.
Ал ауданның өнеркәсіп орындары арқылы жыл басынан бері 27 млрд 271 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексімен 103,1 процентке орындалған. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 13 млрд 804 млн теңгенің өнімі өндірілген.

Гүлхан ЯХИЯ
26 шілде 2022 ж. 642 0