Кесел кенеден келмесін
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті кеселдің бірі. Әсіресе дәл жаз мезгілінде бұл дерттің асқына түсетін әдеті. Кәдімгі кене шағудан басталатын қызбаның соңы адам өліміне дейін апарып, қайғылы жағдайға душар етеді.
Өкініштісі, аталмыш жағдай Шиелі ауданына қарасты, Н.Бекежанов ауылы, Аманкелді көшесі №32 үйде орын алды. Мезгілсіз қайтыс болған 17 жасар Саян Абдуллаұлы – 1 ай бұрын ғана мектеп бітіру аттестатын қолға алған еді. Науқас шілденің 1 күні ауырып, 4 шілде күні сағат 12:19-да ауруханаға түскен. Клиникалық белгі бойынша «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, ықтимал жағдай ауыр ағымы» диагнозы қойылған. Аталған диагнозға сай облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, қабылдау бөлімінде реаниматологқа қаралып, реанимация бөлімшесіне жатқызылғаннан кейін, көз жұмды.
Өкініштісі, аталмыш жағдай Шиелі ауданына қарасты, Н.Бекежанов ауылы, Аманкелді көшесі №32 үйде орын алды. Мезгілсіз қайтыс болған 17 жасар Саян Абдуллаұлы – 1 ай бұрын ғана мектеп бітіру аттестатын қолға алған еді. Науқас шілденің 1 күні ауырып, 4 шілде күні сағат 12:19-да ауруханаға түскен. Клиникалық белгі бойынша «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, ықтимал жағдай ауыр ағымы» диагнозы қойылған. Аталған диагнозға сай облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, қабылдау бөлімінде реаниматологқа қаралып, реанимация бөлімшесіне жатқызылғаннан кейін, көз жұмды.
Осыған байланысты бейсенбі күні Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетовтың төрағалығымен төтенше жағдайлар комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Мампаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков, санитарлық эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Әйтекеева, Ұлттық сараптама орталығының Шиелі ауданы бойынша бөлімшесінің басшысы Ш.Тлемисова, кент және ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Соңғы уақытта Сыр өңірінде кенеден зардап шеккендердің қатары көбейген. Аудан бойынша ағымдағы жылдың көктемгі эпидмаусымында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан 16 елді мекен қолайсыз болып танылған. Олар – Шиелі кенті, Қарғалы, Бәйтерек, Керделі, Бірлестік, Ақтоған, Бәйгеқұм, Еңбекші, Қосүйеңкі, Майлытоғай, Телікөл, Тұрсынбай датқа-Ботабай, Алмалы, Жиделіарық, Тұран мен Бестам елді мекендері. Мамандар мәліметінше, кене шағу деректері көп жағдайда үй жануарларының маңында орын алады. Сондықтан ауданда биыл 43 579 – мүйізді ірі қараға, 742 – түйеге, 71 031 – уақ малға, 26 871 – жылқыға және шаршы метрі 263,6 болатын мал қора мен 95,6 шаршы метр шаңлақ және 108,5 шаршы метр суатқа кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.Эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығы қай кезде де маңызды. Тек зиянкес жәндіктерден ғана емес, малдан да адамға түрлі аурулар жұғып жататынын күнделікті өмірде көріп-біліп жүрміз. Бұл әсіресе өріске малын өргізіп, несібесін содан айырып отырған ауыл тұрғындарына көбірек қатысты. Мезгілі келгенде жыл сайын бұл да күрделі мәселенің бірі болып алдымыздан шығады. Дей тұрғанмен, аудандық ветеринария бөлімі мамандарының айтуынша, өңірде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты екен. Ол жоспар бойынша барлық ауылдық округтерге эпизоотияға қарсы шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар кенелер қи қоқыста, құс ұясында, тышқан інінде, өсімдік түбінде болады. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұрғындар үй шаруашылығымен (мал, қора тазалау, шөп жинау, мал бағу) айналысу кезінде кенеден қорғануға немқұрайлы қарайтын жағдайлар кездеседі. Осыған орай, аудан әкімі тиісті мамандар мен ауылдық округ әкімдеріне адам өміріне бей-жай қарамау керектігін ескертіп, қатаң тапсырмалар жүктеді.
Күн қызған сайын кене шағу оқиғалары жиілейтіндігі анық. Бұл баяғы қой терісіне жабысып, таяқпен шұқып тастайтын зиянсыз кене емес, қауіпті әрі улы кене. Сондықтан абайламасқа болмайды. Қауіптің алдын алу үшін дәріханалардан улағыш арнайы дәрілерді алып, дәрілеген жөн болар.
Ағымдағы жылы аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан эпидемиологиялық жағдай күрделі басталуда. Биыл кене шағу жағдайымен 65 адам медициналық көмек алса, былтыр 24 адам сол көмекке жүгінген. Осыған қарап-ақ кене шағу фактілері күрт өсіп кеткендігін аңғаруға болады. Тағы бір дәлел, 2021 жылы Конго-Қырым қанды безгегімен 7 науқас тіркеліп, төртеуінің диагнозы зертханалық жолмен нақтыланып, 3 науқасқа «Кене риккетсиозы» диагнозы қойылып, өлім-жітім орын алмаған. Ал осы жылдың бірінші жарты жылдығында 3 жағдай тіркеліп, екеуінің диагнозы зертханалық жолмен нақтыланғанын жеткізген сала мамандары аудан тұрғындарын зиянкестерден қорғанып жүруге шақырды.
– Айта кетерлігі, науқастан клиникалық белгілер болғанымен дәрігерлерге дер кезінде қаралмағаны белгілі болып отыр. Қазір ауруға шалдыққан азаматтарға тиісті ем жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша ауру қоздырушы кененің 16 түрі бар. Олардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Конго-Қырым қанды безгегінің белсенділігі, әсіресе мамыр және маусым айларында қатты байқалады, – дейді санитарлық эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Г. Әйтекеева.
Бір қарағанда елеусіз жәндік сияқты болып көрінетін кенеден келетін кесел көп. Тіпті кене шағудың арты өліммен аяқталатынын да білеміз. Сондықтан да «Сақтансаң – сақтайды» демекші, мейлінше сақ болғанның жөні басқа. Себебі «Денсаулық – зор байлық».
Сұлушаш МАДИЯРОВА